Саясат

Дмитрий Калмыков: Қазақстан - еркін ел, ойыңа не келсе соны істейсің...

Семей сергелдеңі

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Тарихтағы ең үлкен державалар өз отарындағы елдерді аяусыз, адам сенгісіз қиындықтарға қия білген. Африкалықтардың қырылуы, Америка құрлығындағы үндістердің шектен тыс азаюы бізге мәлім. Бұл тізімде біздің мемлекетіміз де бар. Кеңестіктердің құрамында қазақтың көрмегені қалмады. Әсіресе ашаршылық, көтеріліс кезіндегі басып-жаншулар, негізсіз қуғын сүргін, соның ішінде қазақ даласында өткен түрлі ядролық сынақтар да бар. Ең өкініштісі, біз тек сол қиындықтардың тек зардабын ғана тартып жатырмыз.

Семей полигоны – Кеңес үкіметінің аса маңызды стратегиялық объектісі болды. 1949 жылы ұйымдастырылған полигонның жалпы аумағы 18 млн гектарды құрады. 40 жылда 1,5 млн-ға жуық адам зардап шеккен. Сынақтар ашық түрде де, жабық түрде де орындалды. Сол жылдың 29-тамызында бастау алған кесапат қырық жылдан соң, 89 жылы ғана тоқтатылды.

Әрине, қазір бұрын болған жарылыстардан ештеңе қалмады десек қателескеніміз. Себебі өткен ғасырдағы жер ананың шеккен зардабы әлі де толық жойылмаған. Оған дәлел түрлі дертке ұшыраған адамдар, ауру туған балалар мұның бәрі өткен жүзжылдықтағы оқиғаның кесірі. Жарылыстан кейін суға түсіп, өзен-көлден балық аулаудың ешқандай зияны жоқ деп те сендіріпті аты өшкір үкімет басындағы қулар.

Осы оқиға жайындағы белгілі мамандардың, зардабын күніге көріп үйреніп қалған халықтың ой-пікіріне көз жүгіртсек. Қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан: «Жарылыстардың көбі ауада жасалды. Бұл құдды бір хайуанды сынақтан өткізгендей әрекет. Біз отар болғанбыз, әлі де отармыз» деп күйінеді. Қарағанды облыстық экология музейінің директоры Дмитрий Калмыков: «Қазақстан – еркін ел, ойыңа не келсе, соны істейсің. Қаласаң, ядролық полигонға, не болмаса зымыран полигонына жетіп барасың» деген сөздері қай отандасымыздың болмаса да намысына тиері анық. Ал полигон маңындағы Саржал ауылында тұратын мұғалім Болатбек Балтабек: «Қазір бізді ашық өлтіріп жатыр. Одан да мылтықпен жүріп атысқанымыз дұрыс еді. Бұл саясат па, радиация ма білмейміз» деп ашына айтты.

Семей полигонының жабылғанына отыз жылға жуық уақыт болса да ондағы мәселелер әлі де толық шешіле қоймады. Сол маңда қазір шамамен 30-40 мыңдай отбасы тұрады. Оларды қауіпті аймақтан көшіріп, таза жерге қоныс тебуіне көмектесу тек биліктің ғана қолынан келеді. Қытайдың мұсылмандарға жасаған қысымына шыдамай, шекара асып, қашып келген екі қандасымызға көмектесе алмаған Қазақстан билігі «полигон мәселесін» шеше алады деген, соқыр сенімге ұқсап қалады кейде. Әрине, уақыт көрсетер, дегенмен елдің болашағы білімді, жігерлі және «Дені сау Жастардың» қолында екенін де ұмытпаған жөн.