Спорт

Әлем мойындаған Брюс Лиде 4 дан, Мұстафа Өзтүрікте 6 дан болған

6 данға ие болған алғашқы мұсылман

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Арамыз­дан қазақтың дарабоз ұлы Мұстафаны алып кеткен сұм ажал ма, сұм қоғам ба, әлде заман ба? 

Әйтеуір, не айтса да Мұстафа уланып өлген деген пікір халықтың санасында мық­тап бекіген. Мұстафа Өзтүрік қазақтан шық­қан әлемдік деңгейдегі спортшы еді. Мұстафа әлемнің 6 дүркін чемпионы ғана болып қоймай, қоғамдық істерден шет қалмай, қоғам қайраткері де болған. 90-жылдары жалған ұлт­жандылар ел тағдырын сан-саққа жор­ып жатқанда, Мұстафа елін ой­лай­тын ұлтжандылығын көрсеткен. Қазақ спортына Мұстафадай үлес қосқан адам саусақпен санарлықтай десек, артық айтқанымыз емес. Қазақ елін таэквондо әлемінде асқақтатқан Мұстафа күллі Ислам тарихында алғаш рет 6-шы данға ие болған мұсылман. Ол жалғыз қазақ еліне емес, сонымен қатар Түркия және Гер­мания елінің спортының дамуына үлкен үлес қосып, көзі тірісінде таэквондоның әлем мойындаған ұстазы атанды. Мұстафа – заман­дастары үшін тірі жүрген аңыз еді. Елге келген бір сәтінде журналистер Мұстафаға: «Брюс Лиді көрдің бе», – деп сұрақ қояды. Мұстафа үн-түнсіз біраз отырады. Ол кезде Брюс Ли бұл дүниеде жоқ еді… 

− Иә, көрдім, – дейді көзіне мұң ұялаған Мұстафа. – Көрмек тү­гіл, екеуміз бір ұстаздан тәрбие ал­ып, бір мектепке баратынбыз. Мен Тайваньда Халықаралық қатынастар факультетінде оқитын едім. Оқуыммен қатар кунг-фу мектебіне баратын едім. Брюс Лимен сонда таныстым. Саңлақ адам еді. Әрине, мен барған мектепте Брюс Лиді он орап алатын кунг-фу шеберлері болды, бірақ актерлікке келгенде Брюс Ли алдына жан салмайтын. Туа біткен дарын еді. Сол себебепті Брюс Ли әлем мойындаған тұлға деңгейіне жетті. Десек те, әлем мойындаған Брюс Ли 4 данға ие болғанда, Мұстафа Өзтүрік 6 данға ие болған тұлға. Мұстафа да актерлік қабілетін іске асырып, түрік­тің ондаған фильмдеріне түскен. Сол киноларды көрген халықтың әлі күнге дейін аузында жүрген мынадай эпизод бар: Мұстафа жендеттермен төбелесіп жүріп, көпке әлі жетпейтінін біліп, айлаға көшіп тығылып тұрады. Сол кезде жендеттердің басшысы Мұстафаға: “Мұстафа болсаң шық!” – дейді. Мұстафа селк етпейді. Жен­дет тағы да: “Жігіт болсаң – шық!” – дейді. Бірақ Мұстафа үндемей­ді. Сол кезде шыдамы таусылған жендет: “Ей, Мұстафа, қазақ болсаң – шық бермен!” – дейді. Сонда “қазақ” дегенде намысын биік қоя­тын Мұстафа атып шығады! Бұл эпизод­тың авторы Мұстафа, әйтпесе түрік режиссерінің жоспарына мұндай диалог кіруі неғайбыл, ал Мұс­тафа осылай қазақ жігіттеріне абырой бергісі келді деуге болады. Ал Алаштың айбынды ұлы, арыстай азаматы атанған Мұстафа тектен-тек бұлай бола салған жоқ. Түпкі ата-бабасы сонау замандарда Тарбағатай тауларының бойын жайлаған қалың елдің өкілі. Әкесі Қабен (Қабыл) Төлеубайұлы ел бастаған көсем, сөз бастаған шешен, жауырыны жер иіс­кемеген атақты палуан болыпты. Сол кездері ел ішінде кәмпеске бас­талып кетеді де, бір әулет бір түн­нің ішінде тұтасымен таудан асып, Ұласты өзенін жағалай жүріп, Шың еліне өтіп кетеді. Алайда араға жиыр­ма жыл салып, Қытай елінде де қызылдар қырғын салған сүрең басталып, 50- жылдары Түркияға барып тұрақтауды ойлайды. Анадолы еліне жетуде оңайға соқпайды. Адамзат аяғы тимеген атақты Такмала шөлін басып өтіп, Үндістан шекарасына да жетеді. Жол-жөнекей қырғын соғыстан көз ашпай Пәкістан арқылы әйтеуір Түркия­ға табан тірейді. Қалың топтан қалған жұрнақ міне, осылай Кайсери қаласынан пана табады. Жергілікті түріктер бірден жақсы қабылдайды. Қандастар деп құрметтейді. Соның арқасында бұл әулеттің жағдайлары да жақсара бастайды. Қабен аға осы жерде палуандармен белдесіп, өзінің жауырыны жер иіскемейтін шебер екеніне көз жеткізеді. Түрік бауырлардың Қабен ағаға деген сыйластықтары артып, Өзтүрік атап кеткен. Міне, дәл осылай отбасы мүше­лері осы атауды өздеріне тек етіп алады. Арада біраз уақыт өткенде, яғни 1954 жылы Қабен ақсақалдын үйінде қуанышты уақиға болады. Өмірге шекесі торсықтай ұл келді. Есімін бірден Мұстафа қояды, тегін Өзтүрік етіп жаздырады. Бала Мұстафа өте зерек, алғыр болып өседі. Бар болғаны 16 жасында Ыстамбұл қаласындағы мектепті аяқтап, арнайы жолдамамен Тайваньға оқуға аттанады. Бұл әлем­нің түкпір-түкпірінен талантты балаларды жинап, оқытқалы жатқан эксперименталды оқу орны еді. Ешбір ақысыз, емтихансыз оқуға түс­кен Мұстафа бес жыл өткен соң журналистика факультетін бітіреді. Бұл оқу орнында оқып жүріп Мұстафа корей халқының жекпе-жек өнері − таэквандомен айналысады. Талантты тарланбоз өте сауатты еді, ана тілінен бөлек алты тілде еркін сөйлей алатын. Қазақ халқының салт-дәстүр, мәдениеті мен дінін құрметтеген азамат. Ес біл­гелі, өзінің қаны қазақ екенін біл­геннен бастап арманы Қазақ еліне оралу болатын. Өз еліме оралып, бар өнерімді бауырларыма үйретсем деген асыл арман 1992 жылы орындалды. Анасы, енесі, әйелі мен ұлын алып Тарбағатай жеріне келген еді. Десек те, Мұстафаның елге оралуы оңай болған жоқ. Алдынан талай тосқауылдар кездесті. Бірақ арда ұлдың арманының орындалуына себепкер болған ұлтжанды азамат, сауатты саясаткер, білікті басшы Иманғали Тасмағамбетов болатын. Алғаш еліне қадам басып келгенде: «Мен әлемді көрдім, енді өз елімді көрдім. Несін айтасыздар, үлкен айырмашылық. 

Сондықтан еліме өз біліміммен, күші­­ммен көмектесу үшін елде қалу­ды шештім», – деген еді. Келе сала қарап қалмай, өзі бас болып Қазақстан Республикасы таэквондо федера­циясын құрды, Алматыдан өз мектебін ашты. Қазақтың қара дома­лақтары арасынан Бексейіт Түлкиев, Қабибек Мұхитов, Қайрат Қырғыз­баев, Сұлтанмахмұт Шоқпытов сын­ды талантты жастарды тәрбиелеп шығарды. 1992 жылы Мұстафаның шәкірттері алғаш рет көк туымызды Түркияда өткен халықаралық турнирде желбіретті, олар жарыс чемпиондары Сұлтанмахмұт Шоқпытов және Қайрат Қырғызбаевтар.1993 жылы қазақ елі­нің федерациясы Халықаралық таэк­вондо федерациясының мүшелігіне қабылданды. Бұл дегеніміз қазақ таэквондошылары үшін әлемдік ареналарға жол ашылғандығы еді. 1995 жылы әскерилер арасындағы әлем біріншілігіне алғаш рет қатынасқан ұлттық құрама әлемдік деңгейде екінші орыннан көрінді. 
Ия, Мұстафа қазақ үшін қолынан келгенін жасады, маңдайының соңғы тер тамшысына дейін қазақ жеріне төкті. 
Бірақ біз ше, біз не істедік? 1995 жылы 15 наурызда асыл аға жар­ық дүние­мен мәңгіге қоштасты. Арада аз уақыт өткенде «Мұстафа қымыздан уланыпты» деген қауесет ел ішіне тарады. Алайда сараптама қоры­тындысы бойынша Мұстафа бауыр ауруынан қайтыс болғаны анықталған. Баспасөз беттерінде де сондай ақпарат тараған. Қалың қазақ қайғыдан арылмай жатып оның шәкірті Бексейіт Түлкиев те белгісіз себептермен жан тапсырды. Өшіккендер кім бол­ды екен? Әлі күнге дейін «ажал құр­бандарының» өлім себептері анық­талмады. 

Бұл тізім кейінірек елімізде тағыда жаңара түсті. Олардың қатарына бокс­шы Әбдісалан Нұрмаханов, Асқар Шайхиев, Оралбек Қожамгелдиевтер қосылды. Өте өкінішті жәйт. Соңғы уақытта Мұстафа Өзтүрікке арнап Бес­ағаш ауылында бой көтерген ескерткіш баспасөз беттерінде көп сыналуда. Сынап жүрген азамат­тарымыз сол кездері қайда болды? Қолдарынан келсе, жеке кәсіпкер Қайыр Мейірбеков 2004 жылы өз қаражатына жасатқан ескерткішті неге өздері жасатпады? Ол кезде Бесағаш ауылының орталық көшесінде Феликс Дзержинскийдің ескерткіші тұрған. КСРО-ның тарағанына талай жылдың жүзі болса да оны орнынан қозғау ешкімнің қаперіне кірген жоқ. Содан бір күні Қайыр бастаған белсенді топ ешкімнен рұқсат алмай-ақ, «қызыл террорды» ұйымдастырған әйгілі чекистің бейнесінің көзін құртып, орнына қазақтың қайсар ұлы Мұстафа Өзтүріктің ескерткішін орнат­ты. Оның ақыры дау-дамайға ұласты. Бұл оқиғаның қалай өрбігені жайында Қайыр Сейсенбекұлы: «Мұстафа ағамен менің еш таныс­тығым жоқ. Көзі тірісінде кездескен де емеспіз. Алайда ол кісі жайында көп естідім. Жырақта туып-өсіп, ұзақ жыл дамыған мемлекетте тұр­са да, қазақ екенін қаперінен еш шығармаған ұлтжандылығына қанық едім. Таэквондоның хас шебері еке­нін де білемін. Тәуелсіздіктің таңы атқан тұста ол атажұртына оралды. Қазақтармен бірге боламын деп, Қазақстанның таэквондосының көсе­гесін көгерту жолында көп тер төкті. Ол атажұртына мал табу үшін емес, шынайы ниетімен кел­ді. Ал Дзержинский деген кім? Қазаққа не жақсылығы өтті? Соның барлығын ой елегінен өткізіп, жоғарыдағыдай әрекетке бардым. Иә, алғашында дау-дамай шыққаны рас. Кейбір белсенділер «Неге рұқсатсыз Дзержинскийді тұғырдан тайдырасыңдар?» деп байбалам салды. Сол кезде Талғар ауданының әкімі болған Кенжебек Омарбаев ағамыз біз үшін араша түсті. «Мұста­фаның әруағын сыйлаңдар» деп ашына сөйледі. Қалай болғанда да, барлығымыз бірігіп, діттеген мақсатымызға қол жеткіздік. Сөйтіп, Мұстафаның ескерткішін сақтап қалдық. Кейіннен барлық іс заң жүзінде жүзеге асты»,− деп өткенді еске алды. Уақыт өте келе қазақтың маңдайына сыймай кеткен қайсар ұлы туралы талай дүниелер жазылар, айтылар. Ескерткішті сынаушы азаматтар Алматыдай шаһардан ескерт­кіш орнатар… 

Ең бастысы, Мұстафаның артын­да дарабоз ұлын ұмытпайтын қалың елі, бала-шағасы қалды. Ұлы халық ұлтым деген ұланын ұмытпайтынына сенеміз. 

Бақтияр Қабасов