Weekend

19 желтоқсан кинопремьералары

Бүгін еліміздің экранына «Жұлдызды соғыстар» кинодастанының тоғызыншы эпизоды шықты

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Олардан бөлек қазақстандық, француз, түрік, норвег кинотуындылары бар.

«Жұлдызды соғыстар: Скайуокер таңы» Звёздные войны: Скайуокер. Восход» / «Star Wars: Episode IX - The Rise of Skywalker») [16+]: 40 жылдан бері келе жатқан ғарыш операсы жанрындағы ең танымал кинодастанның соңғы эпизоды. Осыған дейін негізгі серияның 8 эпизоды шыққан болатын. Жаңа бөлім Скайокерлер отбасының оқиғасын аяқтап, бұрынғы сериялардың барлық жұмбағына жауап береді.

Джей Джей Абрамс түсірген картинадан Адам Драйвер, Дэйзи Ридли, Билли Лурд, Кери Рассел, Марк Хэмилл, Иен Макдермид, Келли Мари Трэн, Энди Серкис, Лупита Нионго секілді жұлдыздарды көреміз. Сондай-ақ Лея Органа рөліндегі Кэрри Фишер де көрініс табады. 2016 жылы қайтыс болған актрисаның образы бұрын түсірілген материалдар арқылы және компьютерлік графика арқылы соңғы рет экранда пайда болады.

«Сиқырға толы бір түн» («Одной волшебной ночью» / «On a Magical Night») [18+]: француз режиссер Кристоф Оноре түсірген комедия элементтері бар драма. Осы фильмдегі рөлі үшін Кьяра Мастроянни биылғы Канн кинофестивалінде «Ерекше көзқарас» бағдарламасында «Үздік актриса» жүлдесін алды.

Фильм Мария есімді еркіндікке үйренген тұрмыстағы париждік әйел туралы. Күйеуімен керісіп қалып, ол үйіне қарама-қарсы орналасқан қонақүйде түнемек болады. Терезеден үйдегі күйеуін бақылай отырып, ол әрі қарай не істеу керектігі жайында шешімге келуі керек.

«Қара Рождество» («Чёрное Рождество» / «Black Christmas») [18+]: слэшер бағытындағы америкалық триллер. Бұл 1974 жылғы аттас фильмнің ремейкі.

Оқиға Хоторн колледжінің студент қыздары төңірегінде өрбиді. Қысқы каникул кезінде студент қыздар бірінен соң бірі маньяк қолынан өле бастайды. Өмірін ойлаған төрт бойжеткен бұдан құтылудың жолын іздеуге кіріседі.

«Паранормал мұра» («Паранормальное наследство») [14+]: мистика элементтері бар отандық комедия. Режиссері – Жәнібек Жанқараев, рөлдерде: Олжас Рымбаев, Сая Оразғалиева, Жан Байжанбаев, Алмас Нұртаза, Еламан Мамасәлімов.

Фильмде Мұрагер есімді балалар үйінің түлегі далада нәпақасын тауып, лашықта мекендейді. Мұндай өмірден шаршап, ол өзіне қол салмақ болады. Бірақ оны іздеп келген адвокат әкесінен зәулім сарай мұраға қалғанын жеткізеді. Өмір енді жақсара түсуі тиіс еді. Алайда жаңа үй паранормал құбылысқа толы болып шығады және әлгі тылсым күш көшіп келген Мұрагерге риза емес.

«Жол серігім» («Попутчики» / «Yol Arkadasim») [14+]: 2017 жылы шыққан түрік комедиясы.

Сюжеті дәрі сатумен айналысатын Онур есімді кейіпкер туралы. Ол Құрбан айтқа дейін үш мақсатын орындауы тиіс: сүйген қызының ата-анасымен танысу, айырылған жұмысын қайтарып алу және осы екі мақсатын Шереф есімді серігіне қарамастан қалай да орындау. Жолға шыққан екеуін тек – барар жер ғана біріктіреді, оларды жол бойында небір қызық оқиғалар күтіп тұр.

«Аскеладден – Сория-Мория қамалы» («Эспен в поисках Золотого замка» / «Askeladden - I Soria Moria slott») [6+]: 2017 жылы шыққан норвег киноертегісінің жалғасы.

Фильмде патша мен патшайым уланып қалады. Одан емдеудің жалғыз жолы – жердің қиырында жасырылған қасиетті суда. Эспен есімді кейіпкер ханшайыммен бірге Алтын қамал орналасқан өлкеге аттанады.

Сонымен қатар прокатқа Австралияда түсірілген «Исцеляющая» («Harmony») фэнтези-триллері шықты.