Саясат
Ақаудан ба әлде лаңкестік пе?
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Украинаның сыртқы істер министрлігі апатқа ұшыраған ұшақта 7 мемлекеттің азаматтары болғанын растады. Министр Вадим Пристайко әуе кемесінде Иранның 82, Канаданың 63, Украинаның 11, Швецияның 10, Германияның 3, Ауғанстан мен Британияның 3 азаматы қаза тапқанын мәлімдеді.
Тегеранның Имам Хомейни әуежайынан көтерілген Украинаның Boeing 737-800 ұшағы көп ұзамай отқа оранып, ұшу диаметрінің шеткі аймағында жерге құлаған. Аса зор жылдамдықпен жерге құлаған ұшақ әп сәтте күлге айналып, ішіндегі 176 жолаушы бірден опат болды.
Алдын-ала болжам бойынша, ұшақ техникалық ақаудың кесірінен істен шыққан болуы мүмкін.
Украинаның премьер министрі Алексей Гончарук елдегі әуекомпанияларына апат себебі анықталмайынша Иран арқылы ұшуға тыйым салды. Ирандағы жергілікті БАҚ таратқан ақпаратқа қарағанда, ұшақ экипажының пилоты ешқандай қауіпті байқамаған, тіпті төтенше жағдай туралы хабарламаған.
Бұл киевтік әуекомпания тарихындағы кісі өлімімен байланысты бірінші оқиға. Украинаның халықаралы әуе тасымалы ұйымы апаттың себебін анықтауға барынша тырысатынын және тергеу барысында Boeing мен биліктің атсалысатынын жеткізді.
Халықаралық заңнамаға сәйкес Иран жағы апатқа қатысты тергеу операциясына жауаптылықты өз мойнына алады. Түс ауа Иранның мемлекеттік IRIB телеарнасы 2 «қара жәшіктің» бірі табылғанын хабарлады.
Украина президенті Владимир Зелинский өз халқы мен апат құрбандарының туыстары мен отбасы мүшелеріне «қайғыра көңіл айтып», бас прокуратураға аталған трагедия бойынша іс қозғап, жіті тексеруін тапсырды. Сонымен қоса соғыс ошағына айналуы мүмкін деген алаңдаушылықпен Канада бастаған бірқатар елдің билігі өз азаматтарына Ирак-Иран аймағына сапарлап бармауды ескерту жасап жатыр. Германиялық Lufthansa, Дубайдың Emirates жәнеFlydubai т.б. әуекомпаниялары аймақтағы ахуал қалпына келгенше әуе кеңістігін айналып өтуге шешім қабылдады. Сондай-ақ Қазақстанның Азаматттық авиация комитеті де отандық әуе компанияларды, яғни Air Astana мен SCAT ұшақтарын Иран арқылы ұшудан бас тартуға шақырды.
Ақүй қожайыны Трамп бұйрығымен Иран генералы Касем Сүлейманидің өлтірілген соң, жауап ретінде Тегеран бүгін ертеңгілік Ирак шегарасындағы америкалық 2 әскери базаға 10 баллистикалық зымыран атқылаған. Содан бірер сағаттан кейін Украина ұшағы апатқа ұшырады. Кейбір бейресми ақпарат көздері мұны «лаңкестік сипаттағы» шабуыл болуы ықтимал деп санайды. Кеше Иран парламенті бірауыздан Трамп пен Пентагонды «террорсит» деп шешім қабылдаған. Қазіргі таңда Тегеран-Вашингтон қатынасы сыни-қатерлі деңгейге тұр. Әрқандай ақпарат құралдары «үшінші дүниежүзілік соғыстың бстапқы кезеңі» деп бағаласа, көптеген елдер мен халықаралық ұйымдар БҰҰ алаңында бейбіт түрде, еш соғыссыз диалогқа келуге, сабырға шақыруда.
*Суреттер мен кестеReuters халықаралық ақпарат агенттігінен алынған