Bugin

Нұртөре Жүсіп: Қай жолмен жүретінің аяғыңа емес, ақылыңа тәуелді

Кешегі журналист, бүгінгі депутат Нұртөре Жүсіптің тіршілігі қалай өтіп жатыр?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Депутаттыққа аяқ басқалы не өзгерді, нені өзгертпек? Бұл туралы депутат Bugin.kz тілшісіне айтып берді.

Тілшіліктен басталған тіршілігіңіз қалай өтуде?

Совет үкіметі кезінде «Балдырған», «Қазақстан пионері», «Спорт» сынды газеттерге жазылып, ауыл балалары таласып оқитынбыз. Газетке деген махаббатым мені жазуға баулыды. Кейіннен газеттерге мақала жаза бастадым. Мұнымды байқаған Шерхан Мұртаза мені «Егемен Қазақстан» газетіне шақырды. Онда 6 жыл жұмыс істеппін. Осылайша журналистиканың қызу тіршілігіне араласып кеттім. 2019 жылдың тамызында Президентіміз Тоқаевтың жарлығымен Парламент сенатының депутаты болдым.

Аға, темірқазығыңыз не?

Біздің халық  жетіқарақшыға қарап жол тапқан. «Тар жол, тайғақ кешуде» Сүйіндік жол бастап Сәкенді Ақмола жақтан Әулиеатаға алып келетін жері бар. Ол өзі мерген, көзін байлап қойса да, қай жерге болсын тауып баратын адам екен. Сәкенді аштыққа, қиындыққа ұрындырмай, дұшпандардың қолына түсірмей, бетпақдаланы кесіп өтіп, Әулиатаға аман жеткізген екен.

Екінші дүниежүзілік соғыста да қазақтың көп азаматы барлау қызметінде жүргенде қараңғы түнде жол тауып адаспай, қайтып келетін жағдайлар болғандығын біз Қасым Қайсеновтің де шығармасынан оқимыз.

Темірқазық, менің ұғымымда, өзіңнің мемлекетің, тілің, дәстүрің, салтың, қазақтық қалыбың. Басты темірқазығызымыз – халыққа қызмет ету. Қазақтың ұлы екенімізді, тәуелсіздігімізді естен шығармағанымыз абзал.

Қоғамды тазалау үшін, сіздің ойыңызша, қандай қадамдарға барған жөн?

Қоғам тазалығы – өте өзекті мәселе. Ауруын жасырған өледі дейді. Қанағатсыздық, ашкөздік көбейген заман болды. Қазақ азаматтары құлқынның қамын ойлап, мемлекеттің қаржысына қол салып, жымқырып, тонап жатыр. Еңбектің культі деген нәрсе естен шығып кетті. Бәріне оңай жолмен қол жеткізуге талпынады. Мұның барлығы біздің қоғамға көлеңке түсіреді. Қоғамның тазалығы деген адал, әділ жүйеде болу. Әділдік салтанат құрмаған жағдайда, қоғамның тазалығына күмән туындай береді.

Біз армандап, қиялдайтын едік, қазір ондай жастарды сирек кездестіремін. Бәрі прагматик болып кеткен сияқты. Мақсатқа бірден жетсем деп тұрады. Әрине, ол дұрыс шығар. Бірақ арам жолмен емес,адал кәсіппен, тура жүріп қанағатпен өмір сүру бұл қоғам тазалығының басты көрсеткіші.

«Естимісің» деген мақалаңыз бар. Кейде естігің келмейтін жайттар болады. Сізде қалай?

«Естимісің» дегенді осыдан оншақты жыл бұрын жаздым. Бір қызығы, арада он жыл өткен соң Қасым-Жомарт Тоқаев еститін мемлекет, еститін үкімет, есеп беретін үкімет деген қағиданы алға тартты. Адамдардың мұң-мұқтажын есту, тыңдау, сол арқылы шешім қабылдау – өркениетті қоғамның белгісі.

Әлеуметтік желіде қуатты энергия бар. Бір-бірінің артынан сөз тасып, аяқтан шалу жиілеп кетті. Мен сол нәрсені естігім келмейді. Бір қазақтың бір қазақты күлкі еткенін естігім келмейді. Табалағанын естігім келмейді. Қорлағанын, қиянат жасағанын естігім келмейді. Оның орнына жақсылығын естігім келеді. Табысына қуанғым келеді. Жетістігіне марқайғым келеді. Жақсылықтың жаршысы болуымыз керек. Жүректі таза ұстау қажет.

ҚР Парламенті екі заңды ғана мемлекеттік тілде жазды. Бірі 1997 жылы қабылдаған “Халықтың көші-қоны туралы, екіншісі 2002 жылы қабылданған “ҚР баланың құқықтары туралы” заң. Осы тұрғыдан өзгеріс бар ма?

Дұрыс айтасыз. Осыған байланысты жұмыс топтарын және ынталы азаматтардың басын құрап талқылап жатырмыз. Бүгінде қазақ тілінде заң жаза алатын  білікті маман жетерлік. Осы мәселе алдағы уақытта басты тақырыпқа шығады деп үміттенемін.

Мемлекеттік тіл – қазақ тілі. Заң мемлекеттік тілде жазылуы тиіс. Бұл қалыпты жағдайға, үрдіске айналу керек. Тәуелсіздігімізге биыл 29 жыл. Аз уақыт емес. Дегенмен заң алдымен орыс тілінде жазылады, оны қазақ тіліне аударады. Аударманың сапасына көп сын айтылған кездер болды. Әлі де жетілдіруді қажет етеді. Қазақ тіліндегі заң жобасын оқып отырып, мағынасын түсінбей қаламыз да, орысшасын оқи бастаймыз. Әр заңның бабына, сөйлеміне мұқият қарауға тырысамыз. Заңның тілі – үстем тіл. Ол орындалуға тиіс. Алдағы уақытта жүзеге асыруға ұмтыламыз.

«Бір минуттың қадірі» деген мақалаңыз бар. Бір минутта не тындырар едіңіз?

Адамды жанды жерінен ұстап алдың-ау (күлді). Бұл мақаланы жазғанда бір қызық оқиға болды. Қызметкерге «үш сөйлемнен тұратын хатты қанша уақытта жаза аласың?» деп сұрадым. «Бес, он минутта жазып тастаймын» деді. Жарты сағат бердім, бірақ үш сағатта дайын болды. Әр хатқа үш-төрт сағат уақыт арнайтын болсақ, қандай болғанымыз.

Кейде бір минут қысқа сияқты, кейде біраз нәрсені шешеді. Уақыт – Алланың сыйы. Көп жағдайда біз соны босқа кетіреміз. Болмайтын киноларды көріп отыруымыз мүмкін, бос тірліктермен айналысып кетуіміз мүмкін. Барынша пайдалы дүниеге жұмсауға тырысу керек деп ойлаймын.

Мәселен, мен бір минуттың ішінде он-он бес жолды жазып тастаймын. Газет жолымен алғанда отыз-қырық жолын жазамын.

Менің жолым… Жалғастырыңызшы?!

Жақсы сұрақ қойдыңыз. Менің жолым – менің өмірім. Алақандай ауылда тудым. Журналист болып жүріп 38 елге барыппын. Неше-түрліні көресің де, неге бізде мұндай емес деп ойланасың. Ойға ой қосылады, сол елдер сияқты болғың келеді. Сол жол сапарлардағы очерктерді жинақтап бір кітап шығаруға болатын секілді.

Менің жолым – журналистік жол. Жол – деген өмір. Бір жол бұралаң болады, бір жол тақтадай тегіс түзу. Қай жолмен жүресің, қай жолмен өмір сүресің, қалай тұрасың, қайда барасың бұл адамның аяғына емес, ақылына, санасына тікелей тәуелді болу керек.

Сұхбаттасқан: Динара Орынбекқызы