Әлеумет

Бәрі маған болса екен...

Өзгелерді қуантуға асыққан адамның өзі де қуаныш табады

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Әркім адал дос тапқысы келеді, бірақ ешкім адал дос болғысы келмейді.

Әркім көп ақша тапқысы келеді, бірақ ешкім шаршап еңбектенбейді.

Әркім қуанып жүргісі келеді, бірақ өзі ешкімді қуандырмайды.

Әркім бақытты болғысы келеді, бірақ біреуді бақытты етсем деп ойламайды.

Әркім басқаның оған назар аударып, көңіл бөлгенін қалайды, бірақ өзі басқа назар аудармайды.

Әркім біреуден бірдеңе алғысы келеді, біреудің оған қымбат дүние сыйлағанын қалайды, бірақ өзі ешқашан ешкімге ештеңе бермейді.

Әркім өзгенің оны мақтағанын қалап тұрады, бірақ біреуді мақтап, басқаның мерейін асқақтатқысы келмейді.

Әркім тұрмыс құрсам дейді, бірақ біреудің әйелі болсам демейді.

Әркім балам болса екен дейді, бірақ ана болсам ғой демейді.

Әркім мансабым жоғарылап, жұмыста жоғарыласам дейді, бірақ өзгенің лауазымының өскенін іштей қызғанады...Қызық...Жалғастыра берсең бұл тізім бітпейді екен. Ойыма келгені осылар.

Егер шын үңіліп қарасақ, бәріміз ең бірінші кезекте тек өзімізде болғанын қалайды екенбіз. Рас қой?! Бір қарасаң, түк емес сияқты, алайда, астарында жасырынып тұрған "Бәрі маған болса екен" деген эгоистік түсінік қазір бәріміздің өмірлік ұранымызға айналып бара жатқандай... Бір нәрсе анық. Мұндай түсінікте жүрген адам ешқашан өзін толық бақытты сезіне алмайды. Өзгелерді қуантуға асыққан адамның өзі де қуаныш табады. Алла разылығы үшін өзгелерге бақыт сыйлаған адамды, басқаны бақытты еткен жанды түптің түбінде Алла да бақытты етеді.