Денсаулық

Тұмау және оның алдын алу жолдары

Ауа райының өзгеруі салдарынан күз, қыс мезгілдерінде адамдар жиі тұмауратады.

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Ең бірінші болып организмдері әлсіз адамдар ауырып, басқаларға жұқтырады. Бірақ көбінесе салқын тиюді тұмаумен шатастырып жатамыз. Салқын тию мұрынның бітелуі және жұтқыншақтың ісінуімен ғана шектеледі. Ал тұмау – адам ағзасын жайлайтын, жұқпалы, тыныс алу жолдарының вирустық ауруы.

Респираторлық инфекцияның, яғни, тұмаудың бірнеше белгілері бар. Егер сіздің дене температураңыз 39° немесе одан жоғары болса, әлсіздік пайда болып, денеңіз қалтыраса, бұлшықеттер мен буындарыңыда ауырсыну байқалса, басыңыз ауырып, мұрыннан су ағып, көзіңіз жасаураса, құрғақ жөтел пайда болып, тамағыңыз аурыса – тұмау жұқтырғаныңыз. Егер ешқандай ауырсыну белгілері байқалмаса тұмау 7-10 күнге созылады, бірақ әлсіздік екі аптаға дейін болуы мүмкін. Басқа да инфекциялық аурулар сынды тұмаудың жеңіл, орташа, ауыр және өте ауыр түрлері бар. Жеңіл және орташа деңгейі үй жағдайында дәрігердің кеңесімен қабылдаған дәрі, дәрумендермен емделсе, ауыр және өте ауыр түрлері ауруханалық режимді талап етеді. Жоғарғы тыныс жолдарының шырышты қабығының зақымдануы ауру дамуының басты себебі болып табылады. Ауырған адамнан сау адамға сөйлесу кезінде, тамақ немесе майлық сынды тұрмыстық заттар арқылы жұғуы мүмкін. Тұмау вирусы күшейсе адам ағзасындағы созылмалы аурулар асқынуы қаупі жоғары.

Тұмаудың алдын алу жолдары қандай?

Ең бірінші, медициналық әдісі – уақытылы вакцина салдыру. Әдетте бұл процесс күз, қараша айларында өтеді. Ең тиімді әрі жүйелі әдісі – иммунитетімізді қалпында ұстау. Оған әрине салауатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану, жеке бас гигиенасын сақтау сынды шарттар кіреді. Егер бөлмеңізді жиі желдетіп, вирус белгілері байқалған адамдардан алыс жүрсеңі, қоғамдық орындарда медициналық маска тақсаңыз ауру жұқтыру қаупі біршама азаяды. Сондықтан уақытылы тамақтанып, дәрумендер қабылдап, күн тәртібін сақтап, физикалық тұрғыда шымыр болуға ұмтылыңыз.

Басты байлық денсаулық екенін ұмытпаңыз!