Саясат

«Ерікті» - жұмысшы емес!

Ерікті деген кім?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Еліміздегі еріктілердің еңбегі, атқарып жүрген қызметтері жайында «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» ЖҚ Алматы қалалық филиялы төрағасы болған, қазірде «Жас қадам» жастар қоғамдық бірлестігінің (Ұйымының) басшысы Мәди Ахметтен сұхбат алған болатынбыз.

Волонтер - ең алғаш «военный» деген сөзден бастау алған. Қазіргі баламасы «ерікті» деп аталып жүр. Ерікті дегеніміз - арнайы бір мақсатта құрылған ұйымдарға өз еркімен мүше болатын адамдар. Еріктілер ең алғаш Италия, Франция және Англиядағы әскери ұйымдар сапында болған.

Қазақта «асар» деген сөз бар. Асар деп - еш ақы, төлемсіз топ адамның өзге адамға қол ұшын созуы. «Еріктілер» атқаратын қызмет пен асаршылар атқаратын қызмет тең екендігін байқауға болады.

Еліміздегі еріктілердің еңбегі, атқарып жүрген қызметтері жайында «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» ЖҚ Алматы қалалық филиялы төрағасы болған, қазірде «Жас қадам» жастар қоғамдық бірлестігінің (Ұйымының) басшысы Мәди Ахметтен сұхбат алған болатынбыз.

-         Бірінші сұрақ тақырып ауанында болсын. Ерікті деген кім?

Ерікті деген ұғым аты айтып тұрғандай өз еркімен, ешқандай ақысыз қоғамға қызмет ететін адам. Осыдан 5-6 жыл бұрын ел санасында ерікті деген ұғым жоқтын. Ішін ара көзі ашықтар байыбына барғанмен жете түсіне де бермейтін. Ал қазір еріктілер- қоғамның бір мүшесі болып қалыптасты. Еріктінің болуы, оның бірұдай дамып тұруы міндетті. Бұл заман талабы. Жастарды елмен, халықпен бірге жұмыс жасауға үйретудің негізі-ұйымдардың болуы деп санаймын.

-         Белсенді еріктілерден құралған «Жас қадам» жастар қоғамдық ұйымының құрылуы, мақсаты жайында айтсаңыз?

Ең алдымен ұйымды жастардың қолқа салуымен құрдық. Өзімде «ұйым құрсам» деп ойлағанмен иық бұрып, бет қаратпай жүрген едім. Көзі ашық, көкірегі ояу достарым, әр университеттің белсенді жастары ұйымның еріктісі болып кіре салысымен, жастық жалынның қауқары қысып үлкен істерді қолға алдық та кеттік. Біз ашылған жарты жылдың ішінде негізгі бағытты қайырымдылыққа, мәдениетке, саясатқа бұрып, біршама жұмыстар атқардық.

Ұйымды ашуын ашамыз. Логатипін сәнді де әрлі етіп жасаймыз. Бәріне жар салып өзімізге қаратамыз. Алайда алға қойған негізгі бағыт болмаса, әрі қарай жұмыстың негізгі идеясы, жүйесі болмаса ұйымды айтпаймын, кез келген істің өзі қайырлы болмайды. «Істі қалай бастағаның емес, қалай аяқтағаның маңызды».

Біз құрылған уақыттан бері 4 ай қарқынды жұмыс жасадық. Бірақ, ұйымның негізгі мүшесі «еріктілер» болғандықтан, олар демалысқа кетіп аялдап қалдық. Белсенділікті қыркүйек айының орта тұсынан бастап қолға алып, қамданбақпыз. Осы жерде айта кететін жайт, біз мемлекеттік ұйым болмағындықтан, үкіметтен қаржы алып, қолға қарамаймыз. Белгілі бір жоба аясында демеушілер тауып өз ісімізді атқарып жүрміз. Анығырақ, еріктілерден құралған еркін ұйымбыз.

-  Ендеше еркін ұйым ретінде еріктілерге қандай талаптар қоясыздар? Белгілі бизнесмен, лидерлік мектептің басшысы Асхат Абжанов еріктілерді 4 топқа бөледі.

С-  бұл санаттағы еріктілер өз пайдасы үшін қызмет атқаратындар. Мысалы: жұмыста ақша үшін, ұйымда өз жағдайы (студенттер жатақхана алу мақсатында) үшін.

С(+)- өз жұмыстарын тамаша орындайтындар, бір кемшілігі, өзіне берілген жұмыстан басқасына араласпай, шеттеліп қалатындар.

В- олар энергияға толы еріктілер. Олар жұмыстың қалай жасалуын білмейді, бірақ бәрін жасауға дайын.

А- басшының нұсқауынсыз бар жауапты жұмысты жасап қоятын ең белсенді еріктілер.

Ал сіз еріктілеріңізді санаттарға бөлесіз бе?

Біріншіден ерікті ол өз еркімен келетін адам. Оған мен уақытын бөліп қатарға қосылып жүргеніне бір тиын ақша төлемеймін, мен оған бұйрық бере алмаймын, зекіп ұрыса да алмаймын. Бірақ ерікті өз еркімен келді. Мен қоғамға көмектесемін, ұйымның белсенді мүшесі боламын не белгілі бір дәрежеге көтерілемін, артылған жүкке жауапкершілікпен қараймын деп. Демек,менің талабым- алғашқы мақсатты соңына дейін ұстансын. Аяғына жеткізсін. Берген сөзінде тұрсын. «Аузымен айды алып, қолымен қосаяқ соға алмайтын» жасанды, көзбояушы еріктілер де болады. Жасаған қайырымдылығын жарияға жар қылып, инстаграмға пост салып жүру үшін емес, әрбір ерікті өзі үшін, рухани тазаруы, кемелденуі үшін қоғамға қызмет етуі керек. Мысал келтірейін, Италияда болған кезімде үлкен кісілер көше сыпырып жүр. «Көше тазалаушылар ғой» деп көз тастап өте баруға асықпадым. Себебі, көбі жұмыс стилінде киінген,кейбірі қымбат киімдермен жүрген адамдар. Бірақ бәрі киімдерінің сыртынан арнайы  қызғылт-сары киім киіп алған, артында «волонтер» деген жазуы бар. Сұрастыра келе көзімнің жеткені, итальяндықтар түскі уақытқа берілген 1 сағат демалыстың жартысын тамақтануға, қалғанын қоғамқа пайдалы іспен айналысуға арнайды екен. Сонымен қатар, сағаттап отырғандағы қарысып қалған денелерін осылай жазып, ауру-сырқаудың алдын алады. «Бір оқпен екі қоян ату» үлгісі.

Алайда, жаңылыспаңыз! Ерікті – жұмысшы емес!

Ал санатқа бөлу тақырыбында көсіліп ештеңе айтпаймын. Тілім қысқалық қылады. Неге? Себебі, біздің құрам аса көп емес. Иә, еріктілерді өз дәрежелеріне бөле білген дұрыс. Өз-өздерін жетілдіріп, өзінен жоғарыдағыға қызығып, алға ұмтылса несі жаман?! Санат жайында келешекте міндетті түрде жоспар құратын боламын.

-         Өзіңіз белсенді ерікті бола білдіңіз бе?

10 сыныптан мектеп жұмысына, аудан шаруаларына белсене араластым. ҚазҰУ табалдырығын аттап, журналистика факультетіне түсуім, белсенділігімді арттыра түсті. Өйткені, журналист тікелей қоғам үшін қызмет ететін адам. Журналистика факультетін бітірген студент «әлеуметтік ғылымдардың бакалавры» деген диплом алады. Әлеумет деген- халық. Демек, журналистің басты миссиясы- халықтың қамы үшін қызмет ету. Өзім белсенділікпен ғұмыр кешіп жүрген 7 жыл ішінде атқарған бүкіл қызметім- қоғам мүддесі үшін болды деп ойлаймын. 2016 жылы өз еркіммен еріктілер сапына кіріп, Алматы қалалық шараларға қатыса бастадым. Содан еріктілерді басқарып жүріп, жаңа ұйымның кірпішін қаладық.

-         Бүгінде Алматы қаласындағы ұйымдар мен еріктілер саны нешеге таяды?

Қазір Алматы қаласында «Еріктілер қозғалысы» жұмыс жасайды. Әр университетте өз бөлімшесі бар. Басшысы ҚазҰУ, журналистика факультетінің түлегі Айсұлу Ерниязова. Жастар арасында кеңінен тараған «Басқарушы билік партиясының» «Жас Отан» ЖҚ еріктілері саясат пен қоғамды ұштастыра біледі. 15 жыл төңірегінде қоғам өміріне белсене араласып жүрген  Дәурен Бабамұратов «Жастар үні» және «Болашақ» атты екі ұйымның негізін қалаушы ретінде жақсы жобалардың бастамашысы болып жүр. Одан бөлек, Республика бойынша «Жастар Алянсы» ұйымы жұмыс атқарады. Бұл Алматы қалалық ұйымдар. Ал университет көлеміндегі ұйымдарды саптап, сараптаудың жөні бір бөлек.

2017 жылы  Алматы қаласында бүкіл әлемдік қысқы универсиада ойындары өтті. Біз оған 3000-нан астам еріктінің басын қостық.  Мен кординатор ретінде 500 дей еріктіні басқарған болатынмын. Астанада  «ЭКСПО- 2017» өткізілген кезде әрбір 5-ші ерікті Алматы қаласынан барды. Қаламыздан барған 900-ден астам ерікті Астана төрінде түгелденген болатын. Жуырда ғана Алматы Аренада болған «Чемпионат мира по футболу» және осы сынды ауқымды шаралар- еріктілерді дамытуға үлкен септігін тигізіп отыр.

Санға келер болсақ, Алматы қаласындағы еріктілердің басын қосқандағы белсенділері 5 мыңнан жылжиды. Ал түгел еріктілер саны 10-15 мың адамды құрайды.

-         Соңғы сұрақ ретінде, сіз «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» ЖҚ филиялы төрағасы болғансыз. Ұжымдағы және ұйымдағы лидерлік жайында айта кетсеңіз? Еріктіден көшбасшыға апарар жол қандай?

Қазір инстаграмға көз қиығын сала қалсаңыз көбі лидерлікті дәріптейді, тренинг пен семинарды өткізбекке жан алып, жан береді. Ондай ақылы тренингтің біріне де қатысқан емеспін. Лидер болу- «әр жерде бірінші болу» деген сөз. Мысалға алатын жалғыз адам Ел басымыз- Н. Ә. Назарбаев. Ол саясатты да, эканомиканы да, мәдениет пен әдебиетті де қатар алып, мәселесін шеше білетін адам. Мен лидерлікті осылай түсінемін.

Еріктіден көшбасшыға айналғысы келетіндерге айтарымды, хакім Абай әлдеқашан айтып кеткен. «Өзіңе сен өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап». Кітап пен фильм көру де танымыңызды кеңейтеді. Лидер болуыңыз үшін білімнің де бәсекеге түсетінін ұмытпау керек. Оқыдым, көрдім деп біраз уақыт өткесін санадан шығарып жіберу- лидерлік жолындағы ең қауіпті тірлік. Сіз кез келген дүниеден, адамнан болсын, кітап, кино, музыкадан өзіңізге пайдалы мағлұмат ала білуіңіз қажет. Бұл дегенің уақыттың да босқа кетпеуі керектігін дәлелдеп тұр.

Нобель сыйлығының лауреаты болу үшін 3-ақ кітап оқу керек. Бірақ сол 3 кітапты табу үшін мыңнан астам кітап оқуға міндеттісің. Сайып келгенде, лидер бізден талмас талап пен табандылықты сұрайды.

Алайда көшбасшыны «көшбасшы» деп танитын да– қоғам екендігін ұмытпаған жөн.

-         Берген сұхбатыңызға рақмет!

../images/files/b3ae39d8-f84d-456b-bb82-26d3094b403e.jpg