Weekend

Балаң көш бастасын десең, аяма!

Аталы сөз

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

«Әуел балаңды өзің алдайсың. «Әне оны берем, міне мұны берем» деп. Баста балаңды алдағаныңа бір мәз боласың. Соңыра балаң алдамшы болса кімнен көресің? «Боқта» деп біреуді боқтатып, «кәпірқияңқы, осыған тимеңдерші» деп, оны масаттандырып, әбден тентектікке үйретіп қойып, сабаққа бергенде молданың ең арзанын іздеп, хат таныса болды деп, қу, сұм бол деп, «пәленшенің баласы сені сыртыңнан сатып кетеді» деп тірі жанға сендірмей жат мінез қылып, осы ма берген тәлімің? Осы баладан қайыр күтесін бе?» (Хәкім Абай. «10- қара сөз»)

Осы баладан қайыр күтеміз бе? Еш қайсы бір ата-ана «балам жаман болсын» демейді. «Мен көрмегенді көрсін, мен жетпегенге жетсін, мен жемегенді жесін» деп бар тапқан малын баласының жолында құрбан етеді. Қанаты қаттыларға қақтырмауға, тұмсығы өткірлерге шоқтырмауға тырысады кеп. Шырылдап дүние есігін ашқанда алақайлап, алақанына салып аялайды, ес кіре бере еркеліктен естен айырады, айналаға көз жүгіртіп оң-солын аңғара бастағанда, былдырлап шыққан әр сөзіне масаттанып, тағы да мақтау сөздің астына алады. Мектепке барған баланың қиналғанын көріп, сөзін сөйлеп шыға келеді, «өзім дегенде өгіз күш», тірі тұрсам далада қалмассың»- деп көкірек кереді. «Сыйыр сипағанды білуші ма еді?!». Әбден еркіндікте өскен бала даңдайсымағанда, кім шатқалақтап, бағытынан айырылсын. «Сөзімді сөйлеуші, атымды ақтап алушы бар»-деп бала үлкенге сөз қайтарар, кішіні көкіректен итерер шаққа жетеді. Жастайынан тәлімсіз өскен бала ұстазды- ұлық демейді, сәбиді- бөбек. Ең сорақысы, дер кезінде жүгенделмеген бала ес кіріп, етек жинағанда кешегі «ақ» десе аузынан түскенін алып беріп отырған ата-анасының бетіне тура келуге, көзінетіке қарауға арланбайтын болады. Әкенің жағасынан алып, ананың жанарын суалтады. «Қарға екеш баласын әппағым демеуші ма еді?!». Ата-ана бердім деген тәрбиені қалай теріске шығарсын. Не де болса, баласын сүттен ақ, судан таза етіп отырады. Алайда, кімге пайда, кімге кесір?! Осы баладан әлі де қайыр күтеміз бе?!

Бала тәрбиесі түйіткілді тақырып екендігі мәлім. Қазекеңнің шежіресінде «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқасын досыңдай сырлас»- делінген. Жөн-ақ. Алайда, ата-аналар сан соғып, сансырап қалғаннан кейін барып ойланып, мақал мен мәтелдің жетесіне сол кезде жетеді емес пе?! Бала тәрбиесі болашағының айнасы екендігін ай асырып, жыл жылжытқаннан кейін аңғарады. Осыдан кейін М. Жұмабаев айтпақшы «Ерлердің ессіздігін жырлаймыз біз!».

Сайын даланың «Сайынының» «Жабайы алмасында» «Бәлкім балғын балалығымызға жара салған соғыс кінәлі шығар, күтімсіз өскен жабайы алмадай ащы болуымыз да содан шығар, жабайы алманың тісті қамап сырқырататына тәрізді жанға батар қылықтар істеуіміз де содан шығар?» делінген баланың ой толғамы бар. Олардың тәрбиесін құртқан, тәлімін өзгеркен «соғыс» делік, бейбітшілік заманда береке бұзар қылық жасап, бетке шауып, төске өрлеген жастарды қандай зобалаң басты? Асқан мейірімділік тақияға тар келіп, танауларын кергендегі қылықтары не? Молшылықтың да кесір-кесапаты болады екен –ау!

Баланың өз шылбыры өзінің қолында болуы жақсылыққа апармайды. «Қойын алдырып, қорасын бекіткенсігенннен кімге қайыр?! Демек, баланы аясақ аямайық. «Жақсы болсын» десек, жасынан тәрбие берейік, «тәрбие тал бесіктен». «Атадан ұл туса игі, Ата жолын қуса игі». Балам өзім салған даңғыл жолмен жүріп, көшімді бастасын десең, оны аяма!