Bugin

Қытайда пара алған шенеунік бірден өлім жазасына кесілді

Бұл іс қытай қоғамын дүр сілкіндірді.

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Қытайда бұрынғы банкир, партия шенеунігі Лай Сяоминь пара алғаны үшін өлім жазасына кесілді, деп хабарлайды Bugin.kz платформасы ВВС-ге сілтеме жасап.

Басылымның хабарлауынша, ол Қытайдың ірі мемлекеттік компанияларының бірі – China Huarong Asset Management Co-ны он жыл басқарған. Әрі басқарма басшылығында жүріп 1,79 млрд юань немесе 276,7 млн доллар пара алды деп айыпталуда.

Тяньцзинь соты оған төтенше жағдай кезінде қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланып, ірі пара алды, сол арқылы өзгелердің қызметте өсуіне көмектесті деген айып тақты. Сондай-ақ оған тағы 25 млн юань мемлекет қаржысын талан-таражға салды деген де айып тағылған.

Басылымның хабарлауынша, Лайдың ісі – Қытайдағы жемқорлық бойынша қозғалған ірі істердің бірі. Сондықтан сот оған бірден өлім жазасын берген. Әдетте, қытай соты жемқорлыққа қатысты үкімді сот отырысынан кейін, екі жылдан өткен соң шығарады.   

Бұл іс қытай қоғамын дүр сілкіндірді. Кейін белгілі болғандай, Лайдың Бейжіңдегі пәтерінен ақша толы сейф пен алтын құймалар, қымбат автокөліктер табылған. Сондай-ақ анасының атынан банк есепшотын ашып, ақшаны сонда ұстаған. Ал The Guardian басылымының жазуынша, шенеуніктің 100-ден аса көңілдесі болған әрі оларға жеке-жеке пәтер сыйлаған көрінеді.