Bugin

Болашақта мұғалім мамандығы жойылуы мүмкін

Оффлайн vs онлайн білім беру

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Қазақстанда білім саласын жаулаған ірі платформалардың бірі – Daryn.Online жобасы. Жоба авторлары пандемия кезінде оқушыларға тегін білім беру платформасын ұсыну арқылы елдің бір жағына шығысып, көмек қолын ұсынды. Аз уақытта елге танылып, миллиондаған оқушының көзайымына айналды. Қазақстанның білім беру жүйесіне жаңаша бағыт әкелуге үлес қосқан жоба авторларымен кез келген оқушы танысқысы келері анық. 

Ендеше Bugin.kz тілшісі жоба авторларының бірі – Асқар Мақсатпен сұхбаттасып, қазіргі білім беру саласы жайлы сұрап көрді.

Bugin: Әңгімемізді Daryn.Online-ның құрылуынан бастасақ...

Askar Maksat: Білім беру платформасы 2019 жылы қазанда іске қосылды. Басты мақсаты – сапалы білімді қолжетімді ету. Ал қазір оффлайнмен бірге онлайн білім беру қатар дамып жатқан дәуір. Сондықтан Қазақстан оқушылары мен мұғалімдеріне ортақ, арнайы платформаның қажет екені әу бастан түсінікті еді. Оның үстіне, ауыл мен қала баласының алып жатқан білімін теңестіру, бәрін бірдей сапалы біліммен қамтамасыз ету жоспары тұрды. Содан IT және білім беру саласында тәжірибесі бар азаматтар бас қосып, ортақ жоба дайындап шықты. Айбек Қуатбай – IT саласының маманы, қазақ программистерінің басын қосып, ІТ компания құрған азамат болса, Ақтілек Ерғали мен Асқар Мақсат – білім саласында түрлі курс ашып, кәсіппен айналысқан азаматтар.

Bugin: Компанияның алдында амбициялық жоспар қойған екенсіңдер, соған тоқталсаңыз.

Askar Maksat: Қазақстан мектептерінің 70%-нан астамы мемлекеттік тілде білім береді. Соның барлығын қамту – біздің мақсатымыз еді. Платформа 1 миллион оқушыға білім беретін уникалды онлайн жоба ретінде жасалған. Бұл мақсатқа біртіндеп, кезең-кезеңімен жету, 2023 жылға дейін жүзеге асыру жоспарымызда болды. Алайда біз бұл жоспарды небары бір жылда орындадық. Қазір платформада 3 миллион 300 мың тіркелуші бар. Оның 3 миллионы – оқушы, 300 мыңы – мұғалім. Қазақстанда 3,5 млн оқушы бар десек, оның 85%-ы бізге тіркелген.

Басында қазақ балаларын ғана қамту ойымызда болған еді. Қазір орыс сыныптарын да толық қостық. Яғни, мемлекеттік және ресми тілде білім беретін онлайн платформаға айналдық.

Пандемия кезінде өндірістік жылдамдықты бар күшіне қосып, бастауыш сыныптан бастап бітіруші сыныпқа дейін пәндердің барлығын сандық форматқа көшіріп шықтық. Мұндай ауқымды жұмысты істеу кез келген команданың қолынан келмейді. Креативті жастар жиналған өндіріс тобы бар күш-қайратымен іске кірісіп, күн-түн демей, жұмыс істеді. Пандемияның себебінен қиын жағдайда қалған елдің білім саласына қолғабыс қылу керек болды. Қазір платформада 17 мың видеосабақ жүктелген. Мұның бәрі жұмыла жүк көтерген команданың арқасы.

Hard Skills сабақтарын түсіріп біттік. Қазір Soft Skills-ті қолға алып жатырмыз.

Bugin: Бұл ұғымдардың мағынасын түсіндіре кетсеңіз.

Askar Maksat: Hard Skills дегеніміз – тұрақты қабілет, яғни, емтихан арқылы бағалауға болатын білім. Бұған мектеп пәндерін жатқызсақ болады. Ал Soft Skills деген – әмбебап мамандықтар. Яғни, университетке бармай-ақ өзің үйренуге болатын, адамның жеке қабілетіне байланысты қалыптасатын кәсіби мамандықтар. Қазір біз мектеп пәндерін аяқтадық. Әр пәннен бір емес, бірнеше нұсқада видеосабақтар әзірледік.

Ал Soft Skills-қа келсек, смарт-өнер атты Сәкен Майғазиев ағамызбен бірігіп вокал, музыкалық сауаттылық, музыкалық аспапты үйрену бойынша сабақтар түсіріп жариялап жатырмыз. Бұл курстың аясы әлі де кеңейеді. Қазір гитара, домбырамен ән айту, сольфеджио, вокал, фортепиано курстары бар. Алдағы уақытта ғаламтор мамандықтарына басымдық беріледі. Болашақта қандай мамандықтың маңызды боларын "Атлас новых профессий" атты кітап бар. Содан көп дерек табуға болады.

Әзірше, еңбек нарығын зерттеп, болашақта қандай мамандық пен біліктілік қажет боларын жан-жақты қарастырып жатырмыз. Соның негізінде видеосабақ әзірлемекпіз. Мәселен, Soft Skills курсын оқу арқылы адам білдей бір мамандықты игеріп шығады. Ол үшін төрт жыл университет табалдырығын тоздырудың қажеті жоқ. Егер дизайнерлік сынды мамандықты төрт жыл оқуға болса, журналистика, бухгалтер, маркетолог, заңгер сынды мамандықты қысқа курстан оқып алған ыңғайлы.

Сондай-ақ, Назарбаев зияткерлік мектебіне, Білім инновация лицейіне, Физика-математика мектебіне түсуге арналған дайындық курсы, ILTS-қа дайындық курсы, мұғалімге арналған курстарымыз бар.

Bugin: Daryn.Online-ның басқа платформалардан ерекшелігі не?

Askar Maksat: Платформа құрарда барынша балаға қызық болар форматты таңдауға тырыстық. Баланың өздігінен сабақ оқуы үшін геймефикацияның маңызды екенін түсіндік. Оқушыға стимул беру үшін бөлек индекс ойлап таптық. Оны daryn валютасы (d.) деп атадық. 1 daryn – 1 теңгеге тең. Бала сабақ оқып, тест пен тапсырма орындап, балл, яғни, daryn (d.) жинайды. Ал жинаған валютасына курс сатып алады, алғысхат жасатады. Олимпиадаға қатысып, дайындық курстарынан өтеді. Талдау жасауға өтініш берсе болады. Жоғары daryn жинаған оқушылардың мектебіне алғысхат беріледі.

Bugin: Алдымызда Z-ұрпақ келе жатыр. Платформаның тұтынушылары да – осы ұрпақтың өкілдері. Байқауымызша, командаңызға да өте жас жеткіншектер жиналған екен. Z-ұрпақтың ерекшелігі жайлы айтып беріңізші...

Askar Maksat: Z-ұрпақ кез келген нәрсені тез үйренуге құмар. Өте белсенді әрі жан-жақты. Бір қабілет не мамандықпен шектеліп қалмайды. Бәрін игеруге тырысады. Төрт жыл бойы университетте білім алып, уақытын соған ғана арнауды құп көрмейді. Сондықтан Soft skills курстарына бейім. Егер бұрынғы ұрпақ бір саланың артынан кетіп, соны бастан-аяқ, түпкілікті меңгергенді жөн көрсе, жаңа ұрпақ жан-жақты дамығанды жөн санайды. Әрі жылдам бейімделгіш келеді.

Адам бір салада жүріп сарқылып қалуы мүмкін. Ал жаңа ұрпақ бірнеше саланың басын ұстап, тұлғалық қабілетін кешенді жақтан дамытады. 

Bugin: Онлайн білім беру мен пандемия "ұқсас" ұғымға айналды. Жалпы, пандемия білім саласына қаншалықты әсер етті?

Askar Maksat: Пандемия білім саласына ғана, мемлекеттік салалардың барлығына әсерін тигізді. Ізін қалдырды. "Қара аққуды" (аяқ астынан болған оқиғаның қиындығы) көрсетіп берді. Мәселен, білім саласында еліміздің көп бөлігі сапалы ғаламтормен қамтылмағаны анық байқалды. Тіпті, қала маңындағы ауданның өзінде интернет жоқ боп шықты. Мұғалімнің онлайн білім беруге деген дайындығы әлсіз. Пандемия білім саласының осындай осал тұстарын көрсетіп берді. Әрі білім министрлігінің осы бағытта жұмыс істеуіне бағыт сілтеді. Онлайн білім беруге қалай көшерін білмей жүргенде, пандемия бәрін бір күнде ретке келтірді.

Пандемия білім беру жүйесін толық өзгертті. Енді дәстүрлі білім беру жүйесі бірте-бірте ығысып, онлайн білім бағыты басымдық алады. Бұған қазіргі тенденциялар куә. Мәселен, пандемияға дейін YouTube желісінде ағартушылық бағытта түсірілген видеоконтент аз болатын. Ал қазір жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай видеоплатформа мен ғаламтор кеңістігінде түрлі білім беру ресурсы қаптап кетті. Бұған бір жағынан Daryn.Online-ның да үлесі бар деп есептейміз әрі осы бағытқа бастама бергеніне іштей қуанамыз.

Bugin: Қазақстандық білім беру саласында қандай қиындық пен проблемалар бар?

Askar Maksat: Карантин басталғалы мұғалімдермен жұмыс істеп жатырмыз. Сонда байқағанымыз – елімізде мұғалімдер өте әлсіз. Көбі 40-тан асқан. Жаңа форматқа үйренуі қиын. Дәстүрлі білім беруді қош көреді де, жаңашылдыққа бет бұрғысы келмейді. Компьютерлік сауаттылықты білмеген соң, оны қиын деп санайды. Электронды поштаны қалай ашатынын білмейтін мұғалімдер табылды. 

Тұлғалық дамуға мән бермейді. Ал қазіргі заманауи ұрпақтың талабы мүлдем басқа. Оған мұғалімнің білімімен бірге тұлғалық қасиеті де маңызды. Ұстаз өзін әрқашан дамытып отыруы тиіс. Ал заман бір орында қалмасы белгілі. Трендтен қалмауы шарт.

Ал ұстаздар дамуға бет қояйын десе, бір жағынан таным-түсінігінің тарлығы кедергі келтірсе, екінші жағынан қағазбастылық та қажытқан. Мұғалімдер оқытумен емес, қағаз толтырумен шұғылданады. Мұндайда "балаға кім білім береді?" деген заңды сауал туады.

Сондықтан білім министрлігі де, мұғалімдер де ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінсе екен деген өтініш бар. Өйткені дәрігер не өрт сөндіруші қателессе, бір адамды құтқара алмай қалуы мүмкін. Ал мұғалім бүкіл бір ұрпақты өлтіріп алады. Бұл – үлкен қылмыс.

Bugin: Сонда мұғалімдерге қандай кеңес бересіз?

Askar Maksat: Мұғалімдер өзін жан-жақты дамытса. Заманауи білім мен технологиядан хабардар болса. Қазіргі ұрпақтың қызығар дүниесіне мән беріп, багаж жинап, соны құрал ретінде пайдаланса деген ойымыз бар. Әсіресе, тұлғалық дамуы аса маңызды. Мәселен, баланың санасында мұғалімнің берген білімімен бірге оның бет-бейнесі де қалады. Барынша ерекше, қызығарлық тұлға болуға тырысса - соғұрлым баланың жүрегін жаулап алады.

Bugin: Болашақ білім саласының тенденциялары қандай болуы мүмкін?

Askar Maksat: Жоғарыда айтқанымдай, оффлайн білім беру ақырыңдап ығысады. Онлайн білім берудің түрлі амалдары пайда болады. Ұрпақ бірте-бірте жаңа білім беру жүйесіне бейімделеді. Бір мықты мұғалім бүкіл елге сабақ беретіндей технологиялар жасалуы мүмкін. Мұның бәрі бюджет қаржысын үнемдеуге септігін тигізеді.

Ұстаздар азайып, виртуалды шындық, роботтандыру басымдық алады. Яғни, сабақтың өзін робот беруі мүмкін жағдайға жетуіміз мүмкін. Сондықтан алда мұғалім мамандығы азаятын шақ келеді. Оның ауылы да алыс емес. Он шақты жыл. 

Bugin: Сұхбатыңызға рақмет! Ісіңіз сәтті болсын!