«Лақтырып тастаңыз...» немесе «Өмірге өкпесі жоқ адам»

Жаратылысы мінезге бай, болмыс-бітімі парасатқа толы публицист, қаламгер Сапар Байжановтың бар ашуланғанда айтатын сөзі екен

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Жан баласына қиянаты жоқ, адамшылығы мол Сапар Байжанов қаламыан «Ана дәптеріне», «Қызым саған айтам...», «Ұлыма ұлағат» атты сырға толы жылы дүниелер туындады.

Ықыластығы мен зерделігінен болар, қаламы жүйрік, ойы ұшқыр Сапар Байжанов студент шағында «Лениншіл жас» газетіне жұмысқа қабылданды. Алғаш қалам тартып, қағаз бетіне түсірген тұңғыш материалдарының өзінен-ақ, болашақ бет-бейнесі көрініп тұрды. Осы тұста профессор Темірбек Қожакеев: «Сапар  ең алдымен, кең тынысты, алымы-шалымды, зердесі сергек, қаламы жүрдек журналист еді. Сапекең 3-курстан бастап-ақ қалам қарымын байқатты, журналистика қазанының басына жетті, оның құлағынан ұстады. Жарты ғасыр бойы сол қазанда қайнап, пісіп, ширап жетілді. Республиканың кең танымал, қабырғалы қаламгеріне айналды. Жай жазғыш журналист емес, үлкен ұйымдастырушы, жетекші журналист деңгейіне көтерілді. Салалық газет, журналдарға ғана емес, қазақ баспасөзінің қара шаңырағы, атасы «Социалистік Қазақстан» газетіне де редакторлық етті»,-деп атап өтті.

1958-1964 жылдары С. Байжанов «Мәдениет және тұрмыс» журналының бас редакторы ретінде ауыл мәселесіне, сол кездегі ауылдың тұрмыс-тіршілігіне ерекше назар аударса, 1973-1983 жылдары қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Социалистік Қазақстан» газетіне редактор болып келгеннен басылымның бағыт-бағдарын айқындап, мазмұнына жан кіргізді. Біраздан бері жасалынбай қалған жоспарларға айрықша мән беріліп, әуелі апталық жоспар жасалып, оны шығармашылық ұжымды қатыстыра отырып, бекіту бұлжымас заңға айналды. Одан айлық, тоқсандық жоспарлар жасақтау қолға алынып, әрбір бөлімге, әдеби қызметкер мен тілшіге қай кезде қандай тапсырма беретінін алдын-ала  біліп отыратын болды. Тіпті «Социалистік Қазақстанның» мәслихат мүйісі» айдарында сол қоғамдағы азаматтардың жеке басындағы мәселелері сөз етіліп, көпшілік талқысына ұсынылып отырғандығы бүгінгі оқырманды қызықтыра түседі.

Журналистика факультетінде «Публицистің шығармашылық шеберханасы» пәнінде студенттерге Сапар Байжановтың журналистік шығармашылығын дәріптеп, баяндаймыз. Сонда аңғарғанымыз, С.Байжанов бас редакторлық еткен «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат» журналы) журналының мұрағаттағы бірнеше нөмерін парақтаған студенттің қай-қайсысы да: «Апай, сол жылдардағы интернет қой мынау. Неткен шеберлік, тынымсыз еңбек!»,-деп таңырқап жатады. Бұл – күллі еңбегін баспасөзге арнаған білікті редактордың жемісі дер едік.

Жинақылық, әрдайым шығармашылық бапта болу – қаламгер үшін таптырмайтын қасиет. Сапар Байжановтың еңбексүйгіштігі, бүгін бітер істі ертеңге қалдырмайтын табандылығы жұртшылыққа кітап соңынан кітап сыйлауына мүмкіндік берді.  Мәселен, «Үш қиян – үш даңғыл», «Бес қиян – бес дәптер», «Ер еңселі – ел», «Сұңқар көңіл самғайды», «Архив – айғақ», «Абай және архив» т.с.с. публицистикалық кітаптардың әрқайсысы автор үшін бір-бір белес болса, қалың көпшілік үшін тың туынды болып табылады. Осынау шығармалардың өн бойында тұтасып жатқан бірінен-біріне жалғасып, ауысып отыратын сабақтастығын үзбей келетін өзек бар.  Ол – өмір өрісі, тіршілік тынысы, олардың иесі адам туралы, адамның өмірдегі орны жайындағы толғаныстар. Автордың қай шығармасын алсаң да көңілдің ішкі ағыстарына ерік беріп, ондағы оқиға мен композициялық құрылымының еріктігіне куә боламыз. Оймақтай нәрседен көрікті ой түйіндеуге машықтанған қаламгердің қарымдылығы, пайымдағыш қасиетінің молдығы әр туындысының мазмұнын аша түседі.  

Жазушы-публицист Сапар Байжанов көзі тірі болғанда биыл 90 жасқа толар еді. Артында қалған көзі қарақты оқырманы тұщымды шығармалары мен ойлы туындыларын ешқашан ұмытпайды.

Жалғасы бар...