Bugin

Эколог: Астана LRT - шығыны көп жоба

Мұндай шығыны көп жоба қажет емес

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Қазақстанның бір топ белсенділері елордада жеңіл рельсті пойыздың салынуына қарсы шықты. Олардың айтуынша, биліктегілер бұл жобаға тағы қаржы тартып, оны "жеп қоймақ". Бұл жайлы "Байтақ-Болашақ" экологиялық қауымдастығының президенті Азаматхан Әміртай Facebook-тегі парақшасында жазды.

"Жобаның шығыны шаш-етектен. Қазірдің өзінде 156 млрд теңге желге ұшты. Күлгінов айтқандай, "қаланың көркін бұзып тұр". Неге қаржыны талан-таражға салу бойынша қылмыстық іс қозғалмады? Неге қымқырылған қаржы қайтарылмады? Тағы да инвестиция тартып, сырттан қарыз алудың қажеті қанша? Онсыз да елдің мемлекеттік қарызы 160 млрд долларға жетті емес пе?", - деп жазады Әміртай.

Экологтың айтуынша, жоба қаржылық жағынан өз-өзін ақтай алмайды. Өйткені оны жаппай қолданатын халық жоқ елордада.

"Құрылыс салынды дегеннің өзінде, ол бюджеттің қалтасына салмақ түсіреді. Алғашқы жылдың өзінде 99 млрд теңге кетпек. Бюджет қаржысы дегеніміз не? Ол – халықтың қалтасынан алынатын ақша. Бұл біздің ақшамыз! Біз неге масқара жобаға қалтамасыздан ақша беруіміз керек? Одан да қарапайым азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға бөлгеніміз жақсы емес пе! LRT-ны қаланың көркін бұзып тұр, халықаралық міндеттемеге сай салыну керек деген желеумен тұрғызғысы келеді", - деп жазады ол.

Азаматхан Әміртайдың айтуынша, бұл жобаны қытай инвесторларының жай ғана саяси құралы. Сондықтан халықаралық міндеттемелер жайлы айтудың қажеті жоқ.

"Кенияның Найроби қаласында да қытайлар осыған ұқсас жобаны бастап жатыр. 27 шақырымға созылған магистральдың құны 550 млн доллар. Ал 23 шақырымдық Астана LRT-ның құны – 1,5 млрд доллар. Тіпті, 4,5 млн тұрғыны бар Найробидің өзі бұл жобаны шығын деп отыр. Ал Қытайға деген қарызы күн санап артып жатыр. Мұндай шығыны көп жобаны қытай инвесторлары неге бастады? Бұл елді қарызға батырудың амалы ғана", - деп түсіндірді Әміртай.

Осы себепті Азаматхан Әміртай бастаған белсенді топ құрылысқа қарсы петиция ұйымдастыруда.