МӘДЕНИЕТ

Шынайы ақпарат беру де – шеберлік

Журналистика тек ақпарат берумен шектелмей, халықтың мұқтажын жоқтап, мүддесін қорғайтын төртінші билік иесі бола білуі тиіс. Қазіргі журналистерден шындықты шырылдап, бүкпесіз ашық айту талап етіледі. Десек те әдеп нормасынан аспаған дұрыс. Кез келген оқиға, деректі шынайы беру журналистің кәсіби шеберлігіне байланысты.

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

        Журналист өз қызметін адамдармен, мемлекеттік және мемлекеттік емес қоғамдық ұйымдармен тікелей байланысты жүзеге асырады. Бұдан журналистің белгілі бір деңгейде әдептің талаптары мен нормаларын орындауы керек екені айқын көрінеді. Әдеп мәселесі – тек журналистерге ғана қатысты емес, бүкіл қоғамды  ойландыратын мәселе. Демек, журналист әдебі дегеніміз – журналистің абырой-атағын жоғары ұстауы, оған кір келтірмеу әрбір журналистің кәсіби парызы және этикалық нормасы болуға тиіс. Журналистің әдебі мен сөз мәдениеті қатар жүретін ұғым болуға тиіс. Осы орайда сөз мәдениеті дегеніміз – қоғам өмірінде адамдармен өзара пікірлесу, түсінісу қызметін атқарады. Сондықтан да тілді оймен байланысты өткір құрал ретінде жұмсай білу үшін оның даму заңдылығына, қазіргі жағдайына, байлығына, негізгі қағидаларына қанық болу керек.

          Журналистің адамдар тағдырына ықпал ету мүмкіндігі оларға қоғамдық жауапкершілік сезімін  тудыратындығымен  ерекшеленеді және ақпарат қабылдаушылармен  арадағы тікелей және кері байланыс негізінде біршама тұрақты сипатты қалыптастырады. Журналист жазған туынды жайындағы бұқаралық ой, пікірге сүйене отырып, оқырманның тілегін және қоғам нені қалайтынын немесе қолдайтынын, неге қарсылығын біле алады.  Мұндай мағлұмат пен пайым  журналистің алдағы ісіндегі ар-ұждан бағыт-бағдарын анықтап беретіндігімен пайдалы. Ал ар-ұждан бағыт-бағдарын анықтау журналист үшін әдеп пен мәдениеттің бір нысаны болмақ.

      Этика мәселесі – журналистердің басты назарында болатын мәңгілік өлмейтін тақырыптардың бірі. Бұл бұрын да солай болып келген, адамзат қоғамы тірі организм ретінде бар кезде алда да тұрақты көтеріліп, көптің талқылауынан өте берері сөзсіз. Этикалық, моральдық процестердің дұрыс-терісін, ақ-қарасын халық қана әділдікпен айырып бере алады. Сондықтан  этикалық нормалар жөнінде БАҚ құрғақ уағыздан гөрі нақты дерек пен оқиғаларды көбірек жарыққа шығарса қоғамдық пікірдің дұрыс қалыптасуына, имандылықтың орын алуына көмектескен болар еді. 

          Қазақстанда журналистік этика мәселесі «Бұқаралық ақпарат құралдары» Заңында мамұндалған. Аталған заңда этикамен бірге БАҚ-тың жұмыс істеу міндеттері мен журналистердің құқықтары бірнеше бапта белгіленген. Сондай-ақ, республикамызда «Ұлтаралық қатынастарды жазып көрсетудегі этика кодескі» қабылданған. Мұнда БАҚ-тың, журналистің осынау мақсаттағы алар орны мен рөлі айқындалған. Ал, Қазақстан Конституциясы мен басқа да кейбір заң актілерінде БАҚ пен журналистикаға қатысты мәселелер қамтылған.  Сайып келгенде, журналистің кәсіби этикасы жөнінде елімізде өте аз зерттелген. Осы маңызды мәселемен жекелей айналасып жүрген ғылыми мамандар да жоқтың қасы. Сондықтан алдағы уақытта журналист этикасы туралы мәселелерді жан-жақты терең зерттеу қажеттілігі бүгінгі өмірден туындап отыр.

          Адамзат баласына ауа қандай керек болса, баспасөзде сондай қажет. Әрбір сауатты адам күнделікті газет оқуға құштар. Өйткені ол өмірде болып жатқан жайды білгісі келеді. Сол арқылы қоғамдағы өз орнын түсінеді. Отанында қандай өзгерістер болып жатқанын байқайды. Сондықтан да баспасөз қоғамда маңызды  да игілікті рөл атқарады. Башқұрт халқының «Егер алдыңа айқын мақсат қойсаң, ауыр жұмыс үстінде де жаның жай таппақ» деген тамаша нақылы бар. Қайсыбір ретте осы нақыл журналистер қауымына арнайы айтылған секілді. Өйткені журналист үнемі алға қарап, алысты көздеп, кешеден бүгінді, бүгіннен ертеңді ілгері сапқа қойып, айды алқымдап, жылды желкелеп дегендей, тыным таппай, дамыл көрмей жүретін «халық» екеніміз анық.

          Журналист – өмір жолаушысы. Ойлап тұрсаң, мұнда шындық жатыр. Журналист әрдайым сапарда болады. Көп жүреді. Көп аралайды. Көп естиді. Сондықтан оның көретіні де, сезетіні де көп. Асылында, саған дамыл бермейтін де, тыным таптырмайтын да төтенше бір күш емес, өзіңе жүктелеген міндеттің орасан зор жауапкершілігі мен құрметтілігі, екінші сөзбен айтқанда, өзінің журналистік ар-ожданың.

          Баспасөз – адамдардың рухани өмірінің ажырамас бөлігі, олардың санасына, жан-сезіміне ықпал жасайтын қуатты құрал. Баспасөз бетінде өзара сынды үздіксіз өрістете түсудің өзі басты міндеттердің бірі болып саналады. Беттерінде сын материалдарды жарияламайтын газеттерді баспасөзге қойылатын міндетті іс жүзінде толық орындады деп айтуға мүлде болмайды.

          Қазақстанда масс-медиа 90-шы жылдардың басында, ел тәуелсіздік алған соң үлкен қарқынмен дамыды. Жыл сайын оқырманды жарқын, елең еткізер материалдарымен, журналистиканың жаңа түрлерімен баурап алуға тырысқан жаңа басылымдар ашылып жатты. Қазіргі кезге дейін ол басылымдардың көпшілігі жабылып қалды, бірақ соған қарамастан, сол кездегі Қазақстанның тәуелсіз журналистикасының бет-бейнесі сынды ең бір көзге түсерлері қалды. Оған мысал ретінде, 1991 жылы жарық көрген және сол кезден бері көптеген өзгерістерге ұшыраған, әлденеше рет меншік иесін ауыстырған «Караван» газетін жатқызуға болады.

          Өкінішке орай, еркіндік алған Қазақстанның 1990 жылдардағы баспасөзінде демократияны дұрыс түсінбей немесе берілген бостандықтарды өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін журналистің кәсіптік этикасы Кодексінің міндеттеріне қайшы келетін материалдарды көптеп кездестіруімізге болады. Мәселен, өздерінің ашықтан-ашық  шовинистік позициясын ұстанып отырған «Караван» газеті жұртшылықтың назарын өзіне бірден аударып үлгерді. Осы ретте «Жас Алаш» газетінде доцент Төлеу Қарамендиннің «Бұрмалау бұғауы немесе орыстар мен қазақтарды араздастыруға жол бермейік» атты материалы жарық көрді. Онда автор «Караван» газетінің шовинистік бағытын сынап, көздеген мақсаттарын ашып береді. Үзінді келтірейік: «...Караван» газеті арқылы республиканың Конституциялық құрылым негіздерін тексеруді үгіттеп жүрген Гитлер, Шацких, Гуревичтерге келетін болсақ, менің пікірім мынадай. «Караван» газетін және институтты, акционерлік қоғамды басқара отырып, Қазақстан халқының басым көпшілігі сияқты материалдық тапшылық көріп отырған жоқ. Сондықтан олар Қазақстаннан кетуге асығып отырған да жоқ. Бұл – біріншіден. Екіншіден, Ресейге көшіп кеткен жағдайда, оларды жылы қабылдай қоймайды. Онда онсыз да әккілері жетеді. Бұған қоса олардың гүлденуі үшін ешқандай да қайнар жоқ. АҚШ-қа келсе мемлекеттік ағылшын тілін білуі тиіс. Израильге көшсе ивритті білуі қажет. Ал мемлекеттік қазақ тілін олар мойындағысы да, білгісі де келмейді. Сонда олар үшін бір ғана жолдың болғаны: тексеру жолымен Конституциялық құрылымның негіздерін жоққа шығару. Олар осы арқылы Қазақстандағы екі ірі этнос қазақтар мен орыстарды араздастырып қойғысы келеді». Бұл мақала бүгінде түрлі сенсациялық басылымдар қаптап кеткен кезде, ақ пен қараны ажырата білуге, кімнің не көздегенін көре білуге мүмкіндік береді.

          Сол жылдардағы орыс тілді баспасөзде шовинистік бағыттағы, орыс пен қазақ арасына өрт салуды мақсат ететін материалдар да өте көп жарияланған. Мысалы, «Казахстанская правда» газетінде Г. Черкасовтың «Давайте уважать родной язык» атты мақаласы жарияланып, орыс тілді азаматтарды қазақтың жер атауларын орыс тіліне лайықты етіп атауға шақырады. Автор Алма-Ата деген атаудың «Алматы» деп өзгертілгенін ұнатпайды. Енді бірде ол былай жазады: «...Город Усть-Каменогорск основали русские. Со временем здесь стали жить казахи. И по законам своего языка стали называть его Оскемен...». Сонда Г. Черкасовтың пікірінше, қазақтар өз жерінің аттарын қазақша, ал орыстар орысша атай беруге тиіс. Оның ұсынысы мынадай: «...И давайте в казахских текстах, речах писать и говорить по-казахски – Кокшетау, Костанай, Оскемен, Алматы, в русских – по-русски – Кокчетав, Кустанай, Усть-Каменогорск, Алма-Ата...».     

          1948 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы қабылдаған «Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы» дүние жүзінде жоғары бағаланды. Бізде бұл Декларация тек тоталитарлық  жүйе жойылған соң ғана мойындалып, баспасөз беттерінде жарияланды. Өкінішке орай, ұлттар арасында іріткі салатын, соғысқа шақыратын материалдар жоқ емес. Ресейдің «Неделя» апталығы өзінің бір нөмірінде Виктор Зуевтың «Куда вы теперь, казаки?» атты арандатушы мақаласын жариялады. Онда автор Қазақстанда тұратын орыстарға үндеу салып, олардың жағдайын ойлағандай болып, көтерілуге шақырады. Ол былай жазған: «Станут ли русские мириться со складывающимся сегодня положением граждан второго сорта? А если не станут, то такой путь выберут? Похоже, сегодня об этом никто особенно не думает. Как всегда, ждем, пока об этом никто особенно не думает. Как всегда, ждем, пока грохнет». Қазақтардың ұлттық намысына тимекші болып: «Казахстан назывался Автономной Киргизской Республикой, казахи – киргизами, киргизы – каракиргизами», - деп жазады.    

          Осы шовинистік бағыттағы мақалаға қарсы «Түркістан» газетінде ақын Аманхан Әлімовтың «Бұл ашықтан-ашық соғысқа шақыру емес пе екен...» атты материалы жарияланды. Автор: «Бұл майға от құйып, елді ашықтан-ашық қан төгуге шақыру емей не?», - деп ашына пікір білдіре келіп, бұл арандатушы жарияланымды талдап, сынап, Ипатьев жылнамасын, Л.Гумилев еңбегінен үзінділер келтіріп, тас-талқанын шығарады.      

            1990 жылдардың басында біздің басылымдарда тексерілмеген фактілердің жариялана беруі жиі кездесіп отырды. Осыны «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында журналист Камал Смайылов былайша мойындады: «К сожалению, в некоторых изданиях имели место публикации, где использовались неточные, непроверенные факты. Особенно опасны такие моменты, когда речь идет о межнациональных отношениях...».      

            Миллиондаған аудиториясы бар, ықпалы өте зор баспасөз, телевизия мен радио арқылы жеке адамдарға тіл тигізіп, жала жабудың келтірер зияны өлшеусіз. Даулы мәселелер туралы жазғанда журналист өте сақ, әдепті болуға тиіс, кінәсі анықталған азаматтар жөнінде ақпарат жариялаған кезде де сөздерді таңдап, неғұрлым сыпайы болғаны дұрыс. Баспасөз зерттеушісі В.М. Теплюк бұл туралы былай жазады: «Журналист ең алдымен, өзінің материалдарымен соттың шешімін ауыстырмауға, одан озып кетпеуге, кінәсы анықталмаған адамға кір жұқтырмауға тырысу керек».      

          Кез келген журналист фактілерді жинақтауда және өмір құбылыстарын зерттеп білуде шыншыл болғаны абзал. Бұл міндетті бұзған газет қызметкерлері кейде үлкен қателіктерге ұшырайды. Ал фактіге жеңіл-желпі қарағандықтан, оны жете зерттемегендіктен біздің кейбір газеттерімізде жарияланған материалдардың бекерге шығуы да кездесіп қалып отырады. Газет беттерінде көрініп қалатын ондай материалдар тілшінің де, газеттің беделін түсіреді, бүкіл халық алдында ұятқа қалдырады. Сондықтан баспасөз құрылысының мүддесі – баспасөз бен оның қызметкерлерінің фактілері, қоғамдық-саяси, өнеркәсіптік, ғылыми-техникалық және мәдени өмірдегі оқиғаларды, құбылыстарды ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, дұрыс пайымдап жазуды талап етеді.

          Баспасөздің беделі мен пәрменділігі оңайлықпен келмейді, арзанға түспейді. Бұл дәрежеге сұрапыл қиындық пен, қажырлы күреспен, өмірден ерінбей, жалықпай үйренумен ғана жетуге болады. өмірге қызу араласып, қалың еңбекшілер бұқарасымен, аймақ тілшілерімен ұдайы диарласып, ақылдасып, олардың ұсыныс-тілектеріне мұқият құлақ асып отырған күнде ғана газет шын беделге ие болады. Тек сонда ғана оның пәрменділігі күшейе түседі.

Журналист әлеумет мүддесін көздейді. Халықтың мүддесіне жат, Конституцияға, демократияға қайшы келетін нәрселер журналист үшін де жат болу керек. Журналист моральдық, этикалық жағынан таза болуы әдеп көрінісін білдіреді. Журналист міндеті – мемлекеттік, қоғамдық маңызы зор оқиғалар жөнінде дер кезінде ақпарат беру. Ол  қоғам алдында ұсынып отырған хабары үшін  жауапты  болады, демек оның баспасөз, телевизия немесе  радио арқылы таратқан хабары шындыққа сай  болуы тиіс. Сонымен қатар «БАҚ туралы» заңда және Кодексте көрсетілгендей, баспасөз, телевизия, радио арқылы қоғам мүддесіне сай келмейтін, жеке азаматтардың Конституцияда кепілдік берілген құқықтарын бұзатын, соғыс пен зорлық зомбылықты мадақтайтын, ұлттар арасына іріткі салатын, әлеуметтік, нәсілдік, діни астамшылықты дәріптейтін, зұлымдық, порнография сияқты зиянды құбылыстарды насихаттайтын ақпарат жаңалықты жариялауға жол берілмейді. Бұқаралық ақпарат құралдарын жариялылыққа үстемдік орнату, қоғамдық пікірді басқару үшін пайдалануға болмайды.

Журналист – баспасөз ісіндегі негізгі тұлға. Онсыз қандай баспасөз болса да талапқа сай дайындалып, халықтың рухани талғамын қанағаттандыра алмайтыны түсінікті. Сондықтан, ең алдымен журналист кәсіби тұрғыда толыққанды маман ретінде еңбек етіп, танылуы керек. Ол өз қызметінде тек қана шындықты жазып, барлық мәселені, объективті түрде қарау керек. Нағыз журналист өмірде осылай еңбек етуге, осылай өмір сүруге тиіс. Бұл – журналист алдында тұрған үлкен борыштардың бірі.