Bugin

Қыз – өмір сәні, ана – өмір мәні

8 наурыз – халықаралық әйелдер мейрамы. Осы күні барлығы өзінің анасын, қызын, әпкесін, қарындасын жалпы барлық қыздар қауымын мерекесімен құттықтайды. Табиғаттың жаңаруы мен 8 наурыз мерекесінің қатар келуінде бір заңдылық бар сияқты. Әжелер мен аналар жарқыраған жайма шуақ көктем күнінің жер бетіне нұрын шашқанындай өз мейрімімен жанды жылытады, ал арулар нәзік гүлдей әсемдігімен жанды жадыратады

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Жер бетінде қандай мақтау болса, барлығын қыз балаларға айтсақ артық етпейді. Себебі қыз бала – біреудің қарындасы, әпкесі, қызы, ең бастысы бір үйдің анасы! «Қыз деген – ана! «Ана» деп қана бағала оны, бағала!» дейді. Расымен, арамызда жүрген әрбір қыз – болашақ ана! Ал ананың орны кімде-кім үшін болмасын бөлек.
   Дүниеде ана махаббатынан асқан махаббат жоқ! Өмірге келмей тұрып-ақ сенің болашағыңды ойлайтын – ата-ана екені мәлім. Ана құрсағында сәби болғанның қандай бақыт екенін тек аналар ғана сезіне алады. Сәбиді өмірге әкелгеннен бастап анасы оған тек жақсыны үйретумен болады. Ананың ақ сүтімен бірге баланың бойына анасы насихаттап отырған құнды дүниелер сіңеді. Сенің әрбір қадамың тек ананың есінде болады. Қашан ең алғаш тәй-тәй басқаның, ең алғашқы сөзің, даярлық топқа, мектепке баруың, тағы басқа кішкентай болсын қадамымыз ана жүрегінде сақтаулы. Ананың отбасыдағы орны тіпті бөлек. Бір күнге болмасын басқа жаққа кетіп қалса, үйде бірдеңе жетіспейтіндей көрініп, үй жиналып тұрса, да шашылып түрғандай, барлығы өз орнында емес сияқты көрініп тұрады, солай емес пе?! 
   Ана – ең мықты жан! Өмірінде қандай жағдай болып жатса да сабыр сақтай біледі. Бірақ білесіз бе, қанша сабыр сақтаса да, ана жүрегі өте нәзік келеді. Сіз әлі құрсақта болғанда қандай қиыншылықтар болғанын тек анамыз сезген еді. Сол сияқты бала өсіп, жетіле келе анаға тәуелді емеспін деп ойлайды. Сөйтіп көп жағдайда анасына сөз қайтарып, көңілін қалдырып жатады. Бейкүнә ана ақылын айтудан сонда да жалықпай, баласы үшін дұға етіп, іштей тына береді. Кешкісін үйге кеш оралсаңыз да, асыңызды дайындап, ұйықтамаса да сізді күтіп отырады. Үйге кіргеніңізде «Балам -ау, неге кеш қайттың? Бәрі жақсы ма?» деп қалыңызды сұрағанда, сіз жақтан дөрекілік болып тағы да «Неге күттің, керек емес, бала емеспін ғой!» деген жауап болады. Міне, осы сөздің өзі анаға ауыр тиеді. Себебі сіз қанша жаста болсаңыз да, ана үшін бала болып қаласыз! Өкінішке қарай кейбір адам ананың қадірін тым кеш түсініп жатады. Анасы өмірден өткен соң барлығын еске алып, жүрегінің белгілі бір бөлігін құдды біреу кесіп алғандай күй кешеді. Барында бағаламай, кеткен соң қолынан тек артынан жылап, өкінішке малыну ғана келетін болып қалады …
Осындай жағдайды бастан кешірмес үшін айтарым, құрметті жамағат, қолда бар алтынның қадірін білейік! Жұмақтың кілті ананың табанының астында екенін ұмытпайық! "Ананың ашуы – Жаратқанның қаһары" дейді. Ана баласына тіпті қарғыс тілесе де, қабыл болатынын есте сақтайық! 
   Қыздар қауымын тек 8 наурыз күні ғана емес, күнделікті өмірде де олардың барына алғыс айта біліңіз! Тек мерекеде ғана емес, қолыңызда қаражат бар кезде де анаңызға сыйлық бере жүріңіз. Ашуға бой алдырмас бұрын, соңы не боларын ойлап көріңіз! Әр ана бақытқа лайық! Мереке құтты болсын!