Bugin
Кез келген дертті, тіпті өлімді адам жеңе алады дегенге сенесіз бе?! Сенбесеңіз өмірде болған оқиғаға негізделген дерекке назар салыңыз
Адамның миы – сансыз химиялық түзілістерден тұратын нейрондар байланысы. Біздің бүкіл саналы-санасыз әрекетіміз бас сүйектегі түзілістен бастау алады. Біз бір сөйлемді оқып, екінші сөйлемге назар аударған мезетте мидың қатпарларында 100 000-нан астам химиялық реакция іске қосылып, өзара әрекет етіп жатады. Бұл ми өздігінен шешім қабылдайды деген сөз емес. Ми – биологиялық компьютер, ал ес (разум) – ми әрекетінің жемісі. Біздің әрекеттерімізге ес жауап береді десеңіз, қателесесіз. Ес пен миды байланыстырушы ең маңызды күш ол – сана (Сознание).
Жалпы ақпараттар бойынша адамның ақыл-есі ген арқылы беріледі, ал ген өзгертуге келмейтін ДНҚ кодтарынан тұрады деген тұжырым бар. Егер Сізге мидың автоматтандырылған жұмысын адам өзі басқара алады десем, сенесіз бе? Ендеше, төмендегі суретке назар аударыңыз. Ненің бейнесін көріп тұрсыз?
Сіз үйрек немесе қаз бейнесі, яғни құсқа жатқызуыңыз мүмкін. Бұл дегеніңіз Сіздің миыңызда нейрондар мыңдаған әрекетке түсіп, сіздің жадыңызда осы суреттегі бейнеге ұқсас жануардың түрін іздеп, салыстырып, нәтижесін берді деген сөз. Енді суретке қайта назар салыңыз. Суретте үйрек бейнесі емес, қоянның бейнесі бейнеленген десем, қоянды көре аласыз ба? Егер жауап «иә» болса, сіз өз миыңыздың жұмысын автоматты режимнен тәуелсіз режимге ауыстырып, тағы да мыңнан аса химиялық әрекеттер тізбегін құрадыңыз деген сөз.
Енді денсаулық және адамның жай-күйіне тоқталсақ. Атақты хиропрактик, нейробиология тақырыбындағы көптеген кітап авторы Джо Диспенза өзінің «Өз миыңды дамыт» («Improve your brain») кітабында мүгедектік, тіпті ажалдан аман қалған оқиғасымен бөліседі. Ол күндердің бір күні апатқа тап болып, денесіндегі сүйектің 60% сынып, тұруға талпынған жағдайда белден төмен дене бөлшегі мүгедектікке тап болу, омыртқа сүйекке күш түскен жағдайда ажалға душар болу жағдайымен бет-бет кезігеді. Бар жоғы 23 жасында өмір сүруге деген ұмтылыс шуағы сөнген кезде, мотивация берген тек ғылым ғана еді. Барлық дерлік хирургиялық емделуден бас тартып жас жігіт өз миы, санасын емдеумен айналысады. Арада көп уақыт өтпей суға шомылып, өздігінен қимылдар жасау дағдысын игереді. Солайша дәрігерлер «адам қалпына» келтіруге болмайды деп көз жұмған тұлға аяққа тұрып, мидың жұмысын зерттеуге 20 жылдан астам уақытын жұмсайды.
Кездейсоқтық дерсіз. Дегенмен, ауыр дерт пен денсаулыққа зиян дағдыларды өз санасын зерттеп-білу барысында жеңген батыл адамдар оқиғасы жетерлік. Бұл-сәйкестік емес, бұл – нейробиология, бұл – ғылым.
Дәл қазір кез келген нәрсе туралы 1 минут ойланыңыз. Сіздің ойыңыз қуаныш, өкініш, ыза немесе таң қалыс сезімін оята алды ма?! Қандай сезім туындатпасын, Сіз ой арқылы өзіңіздің әрекетіңізді өзгертесіз: қабақ түю, күлімсіреу немесе көз жасына ерік беру. Адам өз миын өзі басқару арқылы жұмыс жасау қарқынын, психологиялық тұрақтылық, өз-өзіне сенімділік, мотивация, білімге ұмтылыс күшін мың есе арттыра алады. Өзіңізді жаңа қырыңыздан танығыңыз келсе, биокомпьютеріңізді басқаруды үйреніңіз.