Денсаулық

"Вакцинаға жоламаңыз!" һәм "Вакцина өмірімді күрт өзгертті"

Вакцина салдырған дұрыс па, бұрыс па?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Халықтың көкейінде жүрген сауалдардың бірі – «Вакцинаның әсері қандай?». Bugin.kz тілшісі вакцина салдырғандармен тілдесіп көрді. Жас, орта, кейінгі буын адамдарына қалай әсер етті? Біліп көрейік.

Абдулла Айтұмар, 18 жаста

Вакцинаны өз еркіңізбен салдырыдыңыз ба?

Иә, өз еркіммен салдырдым. Өзім тіркелген №29 қалалық емханадан «Вакцина салдырасыз ба?» деген хабарлама келді. Мен келісімімді бердім. Бала кезімнен екпе мен дәрі-дәрмектің көмегіне жүгінбегендіктен, вакцинадан емес, екпеден қорықтым. Бірақ бәрі жақсы. Ештеңе сезінбедім.

Вакцинаға дейін қандай медициналық талаптардан өттіңіз? Денсаулығыңызды тексерттіңіз бе?

Вакцина салдырмас бұрын арнайы келісімшарт жазылған бланкті толтырдым. Медициналық тексерістен өттім. Температурам мен қан қысымымды өлшеді. Мединцина қызметкерлері «Қандай ережелерді сақтау керек?», «Қандай кері әсері болуы мүмкін?» деген сұрақтарымызға жауап берді. Барлығын түсіндірді.

Моральдық тұрғыдан қалай қабылдадыңыз?

Айтып өткенімдей, аздап екпе салдырудан қорықтым. Бірақ өзіме деген сенімділік маған жәрдемдесті. Соның арқасында моральдық тұрғыдан жақсы қабылдадым.

Вакцина салдырғаннан кейінгі әсеріңіз бен жағдайыңыз қандай болды?

Вакцина салған медбикенің жүзі жылы екен. Әңгіме айтып отырып, вакцина салдырғанымды сезбей де қалдым. Содан соң 30 минут бойы күту бөлмесінде дәрігерлердің бақылауында болдым. Температурамды жиі өлшеді. Өзімді жақсы сезіндім. Айтарлықтай өзгеріс болды деп айта алмаймын.

Вакцина салдырғаныңызға қанша күн болды? Қазіргі жағдайыңыз қандай?

Вакцина салдырғаныма бар болғаны 1 күн болды. Бүгін өзімді әлсіз сезініп тұрмын. Тез шаршаймын. Ұйқым келіп тұр. Алайда мұны вакцинадан кейінгі әсер деп қабылдаймын. Барлығы қалыпты.

Вакцинаға сенесіз бе?

Вакцинаға сенемін. Өзіме деген сенімділігім одан сайын артты десем болады. Қазір «вирус жұқтырып аламын ба?» деген қорқыныш жоқ. Вакцина өмірімді күрт өзгертті. Дәрігерлердің ескертуінше вакцина салдыру 2 этаптан тұрады. 21 күннен соң екінші рет вакцина салдыруға барамын. Әркімнің өз еркі болса да жақындарымыз бен өзіміздің денсаулығымыз үшін вакцина салдыруға кеңес беремін.

Егу бөлмесінде карантиндік талаптар сақталған ба?

Адамдар арасындағы қашықтық сақталды. Вакцина салатын кабинет бөлек. Келісімге қол қоятын кабинет бөлек болды. Егу бөлмесінде де, күту бөлмесінде де карантиндік талаптар сақталды.

Бакенқызы Рыскүл, 53 жаста

Вакцинаны өз еркіңізбен салдырыдыңыз ба?

Вакцинаны өз денсаулығым үшін салдырдым. Ешкім күштемеді. Қорқыныш сезімі болмады.

Вакцинаға дейін қандай медициналық талаптардан өттіңіз? Денсаулығыңызды тексерттіңіз бе?

Жергілікті емханаға барған соң аты-жөнімді сұрады. Келісімге қол қойдым. Өкпе, тыныс жолдарым мен қан қысымымды, температурамды тексерді.

Моральдық тұрғыдан қалай қабылдадыңыз?

Жеңіл қабылдадым. Вакцина мені вирустан құтқарады деп сенемін.

Вакцина салдырғаннан кейінгі әсеріңіз бен жағдайыңыз қандай болды?

Бастапқыда ешнәрсе сезбедім. Өзімді жеңіл сезіндім. Аздап шаршау сезімі болды. Денем ауырсынды.

Вакцина салдырғаныңызға қанша күн болды? Қазіргі жағдайыңыз қалай?

Вакцина салдырғаныма 2 күн болды. Айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Бәрі жақсы.

Вакцинаға сенесіз бе?

Вакцинаға сенемін. Жақындарымның денсаулығы үшін вакцина салдырдым. Салдыруға кеңес беремін.

Айгерім Таубай, 23 жаста

Вакцинаны өз еркіңізбен салдырыдыңыз ба?

Жұмыс барысымен №17 емханаға барғанда, жаппай вакцина салып жатқанын білдім. Содан соң вакцина салдыруға шешім қабылдадым. Ешқандай қорқыныш сезімі болмады.

Вакцинаға дейін қандай медициналық талаптардан өттіңіз? Денсаулығыңызды тексерттіңіз бе?

Жоқ. Ешқандай анализ тапсырып, денсаулығымды алдын ала тексертпедім. Білуімше, вакцина салдырмас бұрын температура мен қан қысымын өлшейді екен. Мені де тексерді. Менің қан қысымым тұрақты болғандықтан, ешқандай қиындықтар туындамады. Вакцина салдыру үшін келісімшартқа қол қойдым.

Моральдық тұрғыдан қалай қабылдадыңыз?

Моральдық тұрғыдан айтарлықтай қабылдау болмады. Мен вакцина салдырғанымды әлеуметтік желіде бөліскенмін. Көп адамнан «Өз денсаулығыңды баяндап отыр», «Сенде бәрі жақсы болса, мен де салдырамын» деген хаттар келді. Түрлі пікірлер білдірді. Алайда өзім ақпараттық салада жұмыс жасағандықтан, пікірдің рас өтірігін ажырата аламын.

Вакцина салдырғаннан кейінгі әсеріңіз бен жағдайыңыз қандай болды?

Мен вакцинаны 2 сәуір күні сағат 16:00-де салдырдым. Түнде тыныш ұйықтадым. Ауырсыну сезімі болмады. Таңертең ұйқымнан ерте ояндым. Сенбі күні болатын. Алайда 12-15 сағат өткен соң вакцина өз әсерін берді. Сағат 11:00-де 37,5 болды. Бір-екі сағаттан соң, 38 градустың үстіне шықты. Медбикелер аллергиялық белгі байқалса, супрастин ішуді, температура көтерілсе, парацетамол ішуге кеңес берген. Мен дәріге сенемін. Сондықтан парацетамол қабылдадым. Бірақ бірінші күні температурам 37-38 дің аралығында болды. Көп жұмысты оң қолмен жасайтындықтан вакцинаны сол қолыма салдырдым. Сол қолымнан ауырсынуды сезіндім.

Вакцина салдырғаныңызға қанша күн болды? Қазіргі жағдайыңыз қалай?

Вакцина салдырғаныма 5 күн болды. Вакцина салдырғаннан кейінгі үшінші күні жұмыс басталды. Жұмыс барысында температурамды өлшеп отырдым. 37 градусты көрсетті. Температураның көтерілуі мүмкін екенін алдын ала ескертті. Жақсы қабылдаймын. Егер ауырсыну сезімі болса, екінші кезеңін кейінірек салдырамын.

Вакцинаға сенесіз бе?

Вакцинаны салдырыңыз немесе салдырмаңыз деп кеңес бере алмаймын. Вакцинаны салдырғанымның өзі менің сенетіндігімді көрсетеді.

Егу бөлмесінде карантиндік талаптар сақталған ба?

Вакцинаны салатын да, салдыратын адам да біреу болды. Талаптар сақталған. Медбикелер арнайы киімдер киген. Бірақ менің байқаған кемшілігім, вакцина салдырушы адамдардың аты-жөнін қағазға тіркеді. Қазір цифрландыруға ауысып жатқандықтан, мұндай қарапайым процесстердің де электронды форматта жүргенін қалаймын.

Вакцина туралы халық арасында екі түрлі пікір туды. Бірі сенім білдіріп, әлемде таралған індеттен тезірек құтылуды қаласа, енді бірі "Коронавиру деген жоқ", "Вакцинаға жоламаңыз!" деп елді аяғынан тік тұрғызды. Алайда вакцина салдыру  адамның өз еркінде.