МӘДЕНИЕТ

Ordagen-нің танымдық Топ-5 ертегісі

Балаңыз үшін оқыңыз, саналы ұрпақ қалыптастыру хақында айтамыз

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Бүгінде цифрлық заман дамыған сайын жас буынның  ұялы телефонға деген тәуелділігі артып келеді. Ұялы телефоннан шетелдің түсініксіз контентін  көретініне не  дерсіз?

Сондықтан баланың саналы білімі мен рухани дамуына үлесін қосу үшін Ordagen өз ертегілерін қолжетімді форматта ұсынып келеді. Фантастикалық әңгімелер, ертегілер, әлемдік ертегілер сынды бөлімдерден тұратын өзінің арнайы мобильдік қосымшасы екі нұсқада ертегісін ұсынады: тыңдалым және оқылым. 

Қосымшада 50-ге жуық танымдық ертегі бар. Осы ертегілердің ішінен жиі тыңдалған Топ-5 ертегіні талқылап көрейік.

Жағрапия еліне саяхат – бұл фантастикалық ертегі екі бөлімнен тұрады. География сабағында картадан Жапонияны көрсете алмаған Алмастың түсінде Жағрапия еліне тап болып әлемді шарлауы жайлы баяндалады.

Алмас жаңа елге тап болған сайын оның қай ел екенін білмей дал болады. Географияны оқып, жер жүзіндегі елдер туралы мағлұмат  алмағандығына  өкінеді. Осылайша  әлемдік картаны біртіндеп кезу арқылы ақыры Жапонияның да орналасқан жерін  біледі.

Ертегіде әр елдің салты, ерекшелігі, орналасқан жері сипатталады. Ертегіні оқу немесе тыңдау арқылы балаңыз сөзсіз әлем елдерінен мағлұмат алады.

Ерке ханшайым –  бұл ертегіде  ханның жалғыз  қыңыр мінезді қызының қалай көркем мінезді ханшайымға айналғандығы жайында баяндалады.

Өсе келе ерекелігі шегіне жеткен ханшайым тіпті анасына айғайлауға басады. Үнемі қабағы қатыңқы, ештеңеге қызықпай көңілсіз жүруді әдетке айналдырады. Соның салдарынан сырқаттанып қалады. Қызының емі үшін хан барлық емшілерді, бақсыларды  шақырады.  Қыздың емін жалғыз қарапайым данагөй жігіт табады.

Данагөй жігіт ханшайымды жазық далаға сапарға алып кетеді. Түрлі әдістер арқылы қыздың өмірге деген қызығушылығын оятады. Содан ханшайым күнде  түрлі тамақ пісіре бастайды. Өмірдің өзі ғажайып екенін түсінеді. Атқан таң мен батқан кешті көріп өмірге риза болады. Жақындарын сағына бастайды. Бұрындары өзінің жасаған кемшіліктері  мен дөрекі мінезін ойлап ұялады. Осылайша сарайға нағыз ибалы да, көркем мінезді ханшайым болып оралады.

Ертегі жақындарыңды ренжітудің дұрыс еместігін ұғындырады. Өмірге разы болып, көңілді жүруге үйретеді.

Достық – ертегіде  достықты сұрап  алмақшы болған сұрқоянның әрекеті айтылады.

Сұрқоян  досының аз болғанына қапаланып жүреді. Сөйтіп жалғыз досы қонжықтың үйіне келеді. Қонжықтан оның достарының бірнешеуін беруін сұрайды.  Ал, қонжық дос деген зат емес, оны бере салуға болмайтынын түсіндіреді. Достарын бере алмаса да таныстырып көре алатынын айтады. Сұрқоян қонжықтың достарымен танысып, олармен жақсы тіл табысып кетеді.  Осылайша өзіне жаңа достар табады.

Ертегі достықтың қаншалықты қадірлі екенін үйретеді. Достарың көп болса, көңіл-қошың да жақсы болатыны айтылады.

Бақыттың мекені – бұл ертегі бақыттың мекенін іздеп сапарға шыққан бала туралы. 

Ескі қалада бір бала мекен етеді. Өзін бір сәт бақытты сезінбепті. Жүрген жерінде «бақыт деген бар ма өзі?» деп сұрап бәрінің мазасын алады екен.  Бақытты іздеп көрмей жатып оны жоқ деу  ақымақтық екенін түсінгеннен кейін сапарға жол тартады. Сапар барысында тыныштықтың,ойын-сауықтың, даналықтың мекеніне кезігеді. Тек бақыттың мекенін таппай күдерін үзіп келе жатқанда қарияны көреді. Қария бақыттың мекені жер де емес, жүректе екенін айтады.

Ертегіде барлық нәрсенің бастауы- өзіңді әр сәтте бақытты сезіне алуыңда деп айтылады. Ал, бақыт барға қанағат етіп,оны сол қалпында қабылдай алуыңда делінеді.

2180 –  ертегіде өскенде ғалым болуды армандайтын Мақсат туралы баяндалады. Баланың арманы ғарышқа скафандрсыз шығатын тәсіл ойлап табу.

Мақсат ата-анасының қарсылығына қарамастан ғалым болады. Өзінің ауылында кішігірім зертхана ашады.  Бірнеше жылдың көлемінде бала арманын іске асырады. Ол ғарышта еркін тыныс алуға мүмкіндік беретін дәрі ойлап табады. Ұлы жаңалықты кішігірім ауылда ойлап тапқанына сенбей ғалымдар Мақсаттың ауылына ағылып келеді. Әлем елдері таба алмаған  дәрінің  құрамы неден тұратынын сұрайды. Мақсат мақтанышпен дәрумен қымыз бен шұбаттан жасалатынын айтады. Қымыз бен шұбатқа деген сұраныс артады. Мақсатқа осы жаңалығы үшін Нобель сыйлығы табысталады.

Ертегі-сөзсіз араманыңның орындалатына сенуге шақырады. Ұлы адамдар ұлы мақсаттарға жетуді  көздейтіні түсіндіріледі.

Ordagen-нің  көп тыңдалым мен қаралым жинаған  ертегілеріне арнайы мультфильм нұсқасы ұсынылған. Сондай-ақ, тәрбие мен руханилыққа үйрететін бұл ертегілердің кітабы да бар.