Bugin

Шымкентте 22 жастағы бала аға лейтенант атанған

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Адам өміріне тез араша түсу, құндылықтарды қауіпсіз аймаққа шығару, қиын жағдайларда түрлі кедергіден өту – өрт сөндірушілердің басты міндеттерінің бірі. Сонымен қатар, бұл мамандық иелері төзімділікті, батырлықты, тез әрекет етуді бойына мықтап сіңіру қажет. 
Бұл қасиеттің барлығы шымкенттік өрт сөндіруші-құтқарушылардың бойында бар. Өйткені олар барлық кезде белсенді, тұрақты түрде өздерінің дағдыларын жетілдіруге және спортпен айналысуға көңіл бөледі. Сондай жастың бірі – Нұрсұлтан Жорабек.  

1999 жылы 20 қаңтарда Шымкент қаласында дүниеге келген ол жастайынан спортты серік еткен. Мектепте оқып жүрген кездің өзінде-ақ бокстан алдына жан салмайтын. 2011 жылы Ақмола облысының Жақсы қаласында өткен бокстан республикалық турнирдің жеңімпазы және де бірнеше халықаралық турнирдің жүлдегері атанды. Қазіргі уақытта бокстан спорт шеберіне үміткер. 

Нұрсұлтан мектеп қабырғасында жүргенде-ақ Көкшетау техникалық институтына оқуға түсуге шешім қабылдайды. Қайсар жас өз өмірін өрт сөндіру қызметімен байланыстырып, Отанға қызмет етуді алға мақсат етіп қояды. 2016 жылы Көкшетау техникалық институтына оқуға түскен ол институт қабырғасында да алдыңғы шепте көріне білді. 2020 жылы «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» төсбелгісімен марапатталды. Осы жылы оқу орнын үздік аяқтап, «оқу орнының үздігі» төсбелгісіне ие болды. Көптен күткен «азаматтық қорғау аға лейтенанты» шенін алды. 

Шымкент қаласындағы мамандандырылған жасақ инженері лауазымына тағайындалған Нұрсұлтан Баратұлы қызметінің бірінші күндерінің өзінде-ақ өзінің өжеттелігі мен мамандығына деген адалдығын дәлелдей алды. Төтенше жағдайларды алдын алу мен жою жұмыстарына білек сыбана кірісіп, адам өмірі мен құндылықтарын құтқаруда көзге түсе білді.  
2020 жылы 4 қазанда Республика даңғылында орналасқан көпқабатты үйлердің бірінде өрт шығып, Нұрсұлтан бастаған буынның тез әрекет етуінің арқасында 4-қабаттағы пәтерден өздігімен жүріп-тұра алмайтын ер адам құтқарылды. Өрттің одан әрі таралуына жол берілген жоқ. 
Осының барлығы – азаматтық қорғау аға лейтенанты Нұрсұлтан Жорабектің антына адал, сертіне берік, өз мамандығын мақтаныш ететінінің дәлелі.