Саясат
Қасымов мырза қандай жұмысқа тағайындалды?
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]ҚР-ның Ішкі істер министрі болған Қалмұхамбет Қасымов президент көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болып тағайындалды. Министрдің лауазымына байланысты Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы төмендегі анықтаманы Ақорданың "Қауіпсіздік кеңесі" туралы анықтама негізінде беріп отыр.
Қазақстан Республикасының Президенті Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы болып табылады.
Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжiлісiнiң Төрағасы, Парламентi Сенатының Төрағасы, Премьер-Министрi, Президентi Әкiмшілігiнiң Басшысы, Қауiпсiздiк Кеңесiнiң хатшысы, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасы, Сыртқы iстер министрi, Қорғаныс министрi лауазымы бойынша Қауiпсiздiк Кеңесiнiң мүшелерi болып табылады.
Қажет болған жағдайда Мемлекет басшысы Қауiпсiздiк Кеңесiнiң мүшелерi етiп өзге де лауазымды тұлғаларды қосымша тағайындауы мүмкiн.
Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы Қазақстан Республикасы Президентінің немесе оның тапсыруымен Қауіпсіздік Кеңесі мүшелерінің бірінің төрағалық етуімен кемінде үш айда бір рет өткізіледі және хаттамамен ресімделеді.
Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері отырысқа қатысқан Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты мүшелері мен мүшелері жалпы санының жай көпшілік дауысымен қабылданады.
Қауiпсiздiк Кеңесi қабылдаған шешiмдер Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарының орындауы үшiн мiндеттi болып табылады. Қажет болған жағдайда Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Үкіметінің актілерімен іске асырылуы мүмкін.
Аса маңызды мәселелер Президенттiң көмекшiсi - Қауiпсiздiк Кеңесiнiң хатшысының басшылығымен өткізілетін жұмыс бабындағы кеңестерінде алдын ала талқыланады.
Қауiпсiздiк Кеңесiнiң қызметiн Қауiпсiздiк Кеңесiнiң хатшысының ұсынуы бойынша құрылымы мен штатын Президент Әкiмшiлiгiнiң Басшысы айқындайтын Қауiпсiздiк Кеңесiнiң хатшылығы, Қауiпсiздiк Кеңесiнiң Ахуалдық орталығы қамтамасыз етедi.
Қажет болған жағдайда Қауіпсіздік Кеңесінің қызметін қамтамасыз ету үшін Қауіпсіздік Кеңесінің ведомоствоаралық комиссиялары мен жұмыс топтары құрылуы мүмкін. Ведомоствоаралық комиссияларды құру, міндеттері мен дербес құрамы туралы мәселені Қауiпсiздiк Кеңесiнiң хатшысының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті шешеді. Ведомствоаралық комиссиялардың қызметiн үйлестiрудi, жұмыс топтарының мiндеттерi мен құрамын айқындауды Қауiпсiздiк Кеңесiнiң хатшысы жүзеге асырады.
Ведомоствоаралық комиссиялар, жұмыс топтары Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырыстарына материалдар дайындауды жүзеге асырады, Қауіпсіздік Кеңесінің немесе Қауiпсiздiк Кеңесiнiң хатшысының тапсыруы бойынша талдау және зерттеу жұмысын атқарады, сыртқы, қорғаныс, экономикалық және қоғамдық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатын негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлейді және өз қызметінің нәтижелері туралы Қауіпсіздік Кеңесін хабардар етеді.
Қауіпсіздік Кеңесінің ведомоствоаралық комиссиялары мен жұмыс топтарының қызметін ақпараттық-талдау және ұйымдық-техникалық қамтамасыз етуді осы комиссиялардың жұмысына өз өкілдері қатысатын мемлекеттік органдар, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшылығы және Қауiпсiздiк Кеңесiнiң Ахуалдық орталығы жүзеге асырады.
Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы лауазымы 1994 жылдан бастап бекітілді. Қауiпсiздiк Кеңесiнiң хатшысы Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын лауазымды адам болып табылады. Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысын Қазақстан Республикасының Президенті қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.