Қоғам

Жоғары сыныптың қыздарына келін болуды үйрететін сабақ керек пе?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Жақында Тараз қаласында «Анаға тағзым» атты республикалық аналар форумы өтті. 

Аталмыш форумға қатысқан қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы елімізде отбасылы болуға асықпайтын жастардың көбейгеніне алаңдайтынын білдірді:

«Менің айтатыным, қыздарымызды тұрмысқа беруіміз керек. Ана болу – Алла тағаланың қызға берген тапсырмасы. Ұлы даланы қазақтың перзентіне толтыру үшін қыздарымыз уақытылы күйеуге тиюі керек. Медицинаның дәлелдегені 22-23-інде ер жеткен жігіттеріміз үйленуі керек, бойжеткен қыздарымыз күйеуге тиюі керек. Міне, ең үлкен жұмыс осы болуы тиіс. Біз кешегі Ұлжан мен Зереден үлгі алуымыз керек»

Сонымен қатар ол қазіргі қоғамда білім бірінші орынға шығып, тәрбие екінші орында қалып қойғанын баса айтты:

«Біз қыздарымызға білімді болуды, мансап қууды үйреттік. Ананың бірінші білетіні – рухани дүние болуы керек. Рух деген ол – тіл, ол – тек. Қыздарымызға жоғары сыныпта бесік жырын айтудан, күйеуін күтуден, ата-енесін күтуден сабақ өткізу керек. Қазір бәрі білімге көшіп кеткен, білім емес бізге – руханият қажет»

Bugin.kz порталы Оразкүл Асанғазының осы ұсынысына байланысты әртүрлі жастағы қыз-келіншектердің пікірін сұраған еді.

Аружан (20 жаста)

Руханият дегенді күйеуі мен ата-енесін күту деп есептеу күлкілі. Онсыз да келін тәрбиелейтін отбасы моделінен ажырай алмай жатсақ, жоғары сынып оқушыларына ондай «сабақты» қосу ақылға сыймайды. Мектепте келін болуды «үйренген» қыз қалыптаспай жатып ерте күйеуге шықпайтынына ешкім кепіл бола алмайды. Кезекті күлкілі ұсыныс деп сенейік.

Әлима (21 жаста)

Арнайы сабақтың қажеті жоқ деп ойлаймын. Оның бәрін отбасында анасы айтып, анасы үйретуі керек қой. Егер қыздарға ондай сабақты қоссақ, жігіттерге де қосайық. Неге отбасыдағы жауапкершіліктің бәрі әйелге артыла беруі керек?

Назым (22 жаста)

Меніңше, мектеп оқушыларына келін болуды үйрететін емес, жеке гигиена, жыныстық сауаттылық, бет күтімі туралы ақпарат беретін сабақ өткені дұрыс.

Орынгүл (22 жаста)

Білімге ұмтылған жастардан шошынғанды түсінбеймін. Әуелі адам болуды, білім алып, ақыл қозғауды, ой өсіруді мақсат етпеген жастан не қайыр. Келінді арнайы бөліп тәрбиелеу деген байырғы қазақта да болған жоқ. Сабақты иненің сәті түсіп, орайы келгенде өзі-ақ болатын дүние. Күйеу күту деген сабақ тақырыбы масқара ғой. Білім керек емес деген де артық сөз. Сана мен ақыл дамымай руханият қайдан келсін?!…

Балжан (23 жаста)

Мен 23 жасымда үйлендім. (тұрмысқа шығу деген сөз ұнамайды) Жүрегіме жақын адамды жолықтырсам да, оның ұсынысына 1 жыл бойы келісе алмадым. Себебі қамыр илеу, жаю, күйеуді, ата-енені күту, үй шаруасына үлгеру деген нәрселер қолымнан келмейтін. Еш нәрсе істеу білмеймін, келін болып түскен отбасымда қалай жүремін деп қорықтым. Бала кезімізден санаға таңбаланған тәрбие ғой... Бір нәрсе істей алмағанда, мінезімізді көрсеткенде «Ертең енеңе істей алмаймын деп қалай айтасың?», «Мінезіңді түзе» деген шектеулер. Негізі бұл нәрселер қыздың болашақта келін болуы үшін істелетін нәрселер емес, өзі үшін істелуі тиіс тұрмыстық шаруалар ғой. Және оны керемет білу үшін мадақтау, білмегені үшін сөгу артық. Білім алу, мансап қуу – адамның өз еркіндегі элементар таңдау.

Өркениетті қоғамда қыз бірінші кезекте адам, индивид. Тек ана, келін ретінде көру, білімді болуға емес, келін болуға үйрету қазақ қоғамының әлі де толық мәндегі өркениетке жетпегенінің көрінісі, меніңше. Тек білімді адам ғана руханияттың не екенін ұғады, баланың үлкен жауапкершілік екенін түсінеді, ана болуды саналы түрде таңдайды.

Құралай (23 жаста)

Мен бұл пәннің қосылуын қос қолдап қолдаймын! Бүгінде ұлттық құндылықтарымыз көмескіленіп бара жатыр. Неге? Себебі, «келін» статусын алып, ата-ене, ағайын-туыстың алдында именбейтін келіндер көбейіп бара жатыр. Осы тұста келіннің тәлім-тәрбиесіне сын түседі. Салт-жоралғылар былай тұрсын, қарапайым туыстық атауларды білмейтін келіндер де бар. Болашақ ұрпағымызды дүниеге әкеліп тәрбиелейтін келін болғандықтан, осындай сабақ қосылуы  керек.

Гүлім (24 жаста)

Менің Оразкүл Асанғазының ұсынысын толық қолдаймын деп айта алмаймын, бірақ қарсы да емеспін. Қазіргі жаһандану дәуірінде батыстың жаңалықтары елімізге, жастарымыздың ой-өрісіне кері әсер етіп жатқан тұстары бар. Қазіргі көп жастарымыз  ана тіліңе шорқақ, салт-дәстүрлердің мәні мен мағынасын, жөн-жосығын түсіне бермейді. Рухани құндылықтарды, ұят пен ибаны ұғындырып, бойларына сіңіргендері артық емес деп ойлаймын. Әр ата-ана отбасында тәрбие бергенімен мектепте де айтылса артық емес шығар. Тек сол пәннен сабақ беретіндер ұлтқа жаны ашитын ұлағатты ұстаздар болса екен. Болашақ аяулы ана мен ибалы келінді тек ескіліктің жолымен ғана емес заманына сай етіп, өткеніміз бен бүгінімізді ұштастырып ұсынғаны дұрыс.

Марал (26 жаста)

Тек жоғары сынып қыздарына сабақ ретінде келіннің жұмыстарын үйретсе жақсы ғой. Қазір келіннің қай жерде отыратынын, үлкендердің бетін сүймей, сәлем салу керек екенін, шай құйып оны оң қолмен беруді білмейтін келіндер бар. Ал оны үйрететін кей аналар біреудің инстаграмдағы сабағына қатысып жүр. Одан да мектептегі ұстаздардан үйренгені жақсырақ.