Білім және ғылым

Қазақ дүниетанымы: «Шыбын жан» ұғымы қайдан шыққан?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Шыбын жан – өлген кезде бойдан шығатын жан дегенді білдіретін ұғым. Яғни адам тәнін тастап шыққан кездегі жанның күйі. Шыбын деп жеке қолданылу түрінде де жан мағынасын береді. Халық түсінігі бойынша жан денеден шығар алдында бірнеше күйге түсетін көрінеді. Мәселен, өлетін адамның рухы ол өлерден қырық күн бұрын құсқа (көгершін, үйрек) айналып, аспанда болатын алып бәйтерек жапырағына барып қонақтайды-мыс. Ал адам өлген кезде жанның қалған бөлігі денеден шыбын бейнесінде шығып, қырық күн бойы үй ішінде ұшып жүреді деседі. Қырқы өткен соң ғана үйден алыстап, келесі кеңістікке өтеді деп есептейді. Яғни ежелгі түсінік – жанды ұшып жүретін кәдімгі шыбынға, құсқа теңейді. Өйткені адам ұйықтаған кезде жан тәнге кіріп-шығып жүреді деген түсінік бар. Осыған байланысты ұйқысы қысқа, жиі-жиі оянатын адамды құс ұйқылы адам деп атаудың барлығының түп-төркіні жанды ұшып жүретін құсқа, шыбынға балауға келіп саяды. Оған тілдік қолданыстағы шыбынға қатысты басқадай сөздер дәлел:

Құр шыбыны бар – бойында жаны ғана бар, науқас, құр сүлдер;

Шыбын жаны көзіне көрінді – жанына қатты батты;

Шыбын жанын қоярға жер таппады – ауруы жанына қатты батып қиналу;

Шыбын жанын шүберекке түйді – жан ұшырды, жанын аямады;

Шыбын жаны шыға жаздады – өле жаздады;

Шыбын жаны шырқырады, шырылдады – безек қақты, бебеуледі;

Шықпаған шыбын жаны – тірі жан;

Шыбыны ұшты – зәре-құты қалмады, құты қашты, зәресі ұшты.

Баланы еркелеткенде айтатын шыбыным сөзінің жаным мағынасында да қолданылатынын көруге болады. Ауыз әдебиетінде айтылатын өмір-тіршілікті зулап өтетін бес күн жалған деп баламалайтынындай, шыбын да бар-жоғы бес күн өмір сүреді екен деген түсініктің арасында байланыс бар сияқты.

Ежелгі (қазақы) дүниетанымға сай қалыптасқан түсінік бойынша, адамның жаны үш түрлі болатын көрінеді: шыбын жан (жоғары әлем), рух жан (ортаңғы әлем) және ет жан (төменгі әлем). Ажалды күні жетіп, пәнижен бақиға аттанған кезде әрбір пенденің ІІІ. ж.-ы көкке ұшып кетеді де, рух жаны аруақ күйінде жер бетінде қалады, ал ет жаны (тән) жерге көміледі деген түсінік сақталған.

Дереккөз: Серікбол Қондыбай,

«Байырғы қазақ дүниетанымының негіздері»