Daryn news

Daryn Online директоры: «Қашықтан оқыту өміріміздің бір бөлігі боп қала береді»

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Daryn Online білім беру платформасының директоры Асқар Мақсатұлы математика, физика және информатика мұғалімдерінің форумында қашықтан оқытудың тиімділігі туралы айтты. Бұл туралы Bugin.kz порталы хабарлайды.

Спикер коронавирустық пандемия кезінде елдегі университеттер мен мектептерде онлайн оқу сұранысқа ие болғанын атап өтті.

«Қазір мұндай формат қалыпты болып отыр. Білім алушылар қазірдің өзінде онлайн оқуға үйреніп қалған. Қашықтан оқығанда балалар өздерін жақсы сезінеді. Біз бұл факторды ескеруіміз керек. Бізде оффлайнда «үштікке» оқыған балалар онлайн режимде жақсы оқи бастаған жағдайлар болды. Себебі орта басқа. Онлайн оқығанда оқушылар өз пікірлерін еркін айта алады», - дейді спикер.

Сондай-ақ спикер онлайн оқытудың ерекшелігін айтты.

«Біз білетініміздей, ең дарынды оқушылар басқалардан озып, тезірек жауап береді. Ал онлайн оқуда бәрі бірдей. Әркімнің жауап беруге құқығы бар және әркім өз жетістіктерін шкала бойынша бағалайды», - деді ол.

Daryn Online білім беру платформасының директоры Асқар Мақсатұлы қашықтан оқыту өміріміздің бір бөлігі боп қала беретінін атап өтті.

«Болашақта аралас оқыту болады. Онда онлайн және офлайн біріктіріледі. Сол себепті барлық мұғалімдер мен оқушылар оған үйреніп, жаңа технологияларды меңгеруі керек. Болашақта толығымен дәстүрлі оқыту болмайды. Қашықтан оқыту өміріміздің бір бөлігі боп қала бермек», - деп жауап берді ол.