Bugin

Депутаттар Қазақстанда несиелік амнистия жасауды сұрады

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Мәжілістің жалпы отырысында депутат Азамат Әбілдаев үкіметтен елімізде несиелік амнистия жасауды сұрады. Бұл туралы Bugin.kz порталы хабарлайды.

Мәжілістің жалпы отырысында еліміздің вице-премьер-министрі Әлихан Смайыловқа жолданған сауал айтылды.

- «Қазақстандықтардың банктер алдындағы қарызы күн санап артып келеді. Қазір халықтың 27 пайызының банктерге қарызы бар. Бүгінде халықтың ипотекалық несие бойынша қарызы 2,7 трлн теңгеге жетті. Атап айтқанда, тұтынушылық несиелер бойынша берешек 5,19 трлн теңгені, мерзімі өткен берешек 199 млрд теңгені құрады», - деді ол.

Бұл ретте ол елімізде күні бүгінге дейін «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заңның жоқтығына тоқталды.

- «Жақында ғана біз Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қолдадық. Бұл заң жобасы сотталғандарға рақымшылық жасауға бағытталған. Ал мемлекет қылмысы үшін сотталғандарға рақымшылық жасап, мүгедектікке немесе қандай да бір төтенше жағдайға байланысты материалдық қиындықтарға тап болған азаматтарымызға неге қамқорлық жасамауы керек? Олар да біздің қоғамның мүшелері. Неге рақымшылық жасамасқа? Бар болғаны 199 млрд теңге. Бұл мемлекет үшін көп ақша емес», - деді Әбілдаев.

Осы орайда ол Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты мүгедектікке немесе кейбір күтпеген жағдайларға байланысты қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтарымызға рақымшылық жасауды ұсынды.

Сондай-ақ, ол «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасын парламент қарауына шығарып, коллекторлық компаниялардың қызметін реттеу қажеттігін айтты.