Білім және ғылым

Республикалық IQ Doda зияткерлік ойыны өтті

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

ҚР Тәуелсіздігің 30 жылдығына орай "Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында Талдықорған қаласында республикалық IQ Doda зияткерлік ойыны өтті. Үшінші мегаполистің "Шымқала" командасы еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған 17 құраманың арасынан жүлделі үшінші орынды иемденді. Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды. 

Зияткерлік ойынның мақсаты - “Рухани жаңғыру” бағдарламасы идеяларын жүзеге асыру, қазіргі заманның жаңа жағдайларына сәйкес стандартты емес дербес ойлауды, интуицияны, зияткерлік қабілетті дамыту, табыстың іргелі факторы ретінде жаңашылдық пен білімді насихаттау болатын. 

Талдықорғанға Шымкенттен қалалық оқушылар сарайының директоры Мұстафаев Бақытжан Нұрғазыұлы, "Шымкент ақпарат орталығы" ЖШС директоры Орымбаев Нұрбол Әбдезімұлы, ОҚМПУ жастар саясаты бөлімінің меңгерушісі Тасболат Бекдаулет Бейсенбайұлы, Ә. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің әлеуметтік тәрбие және жастар ісі жөніндегі бөлім басшысы Әлібек Бексейіт Әшірбекұлы құраған команда намысты қолдан бермей, екі күн ішінде үздік нәтиже көрсетті. 

Қатысушылар логика, тапқырлық және білімін қолдана отырып, жан-жақты қызықты сұрақтарға жауап берді. Ақтық кезеңде 7 командамен ой жүйріктігін сынға салған жерлестеріміз аз ғана ұпай айырмашылығымен Түркістан облысының " Тұран" командасы (28 ұпай) мен павлодарлық "Ертіс" командасына (27 ұпай) жол беріп,  "Шымқала" (26 ұпай) үздік үштік қатарынан көрінді.  Жерлестерімізді жүлдемен құттықтаймыз!