COVID-19

Шымкентте «Комирнати» вакцинасын егу жұмыстары жүргізілуде

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Шымкентте Covid-19 індетіне қарсы жасөспірімдерге, жүкті және бала емізетін әйелдерге «Комирнати» вакцинасын егу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Bugin.kz платформасы хабарлайды.

Қалалық №1 емханада 15 қарашадан 20 желтоқсанға дейін контингентке жататын 500-ге жуық адам екпенің 1-ші компонентін, ал екінші дозасын 180 адам салдырған. Ал жалпы КВИ инфекциясын туындата алмайтын вакцинамен 10325  адам егілді. 

Емханадағы екпе егу пунктіне келген жасөспірімнің бірі – Мырзабек Өмірзақ. 17 жастағы Шымкент жоғары медициналық колледжінің студенті Комирнати (Pfizer) вакцинасын ерікті түрде, ата-аналарының келісімімен салдырғанын айтады. Алғашқы дозасын ол осыдан 21 күн бұрын алған.  Ол алдымен жазбаша сауалнамаға жауап беріп, дәрігердің тексеруінен өтті. 

Алғашқыда қорқыныш болды. Бірақ ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолды іздеу керек деп шештім. Ата-анам да бұл ұсынысымды қолдады. Өзім болашақ дәрігермін. Замандастарыма осылай өз денсаулығын қорғауға екпенің пайдалы екенін ескертем. Бүгін екінші компонентін салдырдым. Жанама әсері байқалмады. Денсаулығым тәуір. Оң қолым бірінші күні аздап шаншыды. Қазір бәрі жақсы, - деді жасөспірім.

Ал қалалық №1 емхананың жұқпалы аурулар дәрігері Жанайым Мұратбекқызының айтуынша, жүкті әйелдер аталған екпені 16 аптадан 37 аптаға дейін салдырады. Сонымен қатар, емізетін әйелдер босан­ғаннан кейін 42 күннен кейін вакцина салдыруға болады. Дәрігер жасөспірімдер де ересектер сияқты вакцинация паспортын алатынын атап өтті.

Вакцинация 21-28 күн аралықпен екі рет жүргізіледі, бір құтыда сұйылтқаннан кейін алты доза (0,3 мл-ден) болады. Вакцинацияны жүргізудің мақсаты – КВИ (COVID-19) бойынша елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруды қамтамасыз ету және ұжымдық иммунитетті қамтамасыз ету. ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 20.10.2021 жылғы №46 қаулысына сәйкес, қазіргі уақытта аталған вакцинацияға жататын контингентті 4000-ға жуық емхана тіркелушісі құрайды. 400-ден астам адамға 1-ші компонент, ал 180 адамға екінші доза салдырды. Қазіргі уақытта вакцинация жалғасуда. Шағымдар тіркелген жоқ, – дейді Жанайым Полат.

Қалалық денсаулық басқармасының келтірілген дерегіне сәйкес, 15 қарашадан бастап Шымкент қаласында коронавирустық инфекцияның алдын алу үшін «Комирнати» вакцинаның 46800 дозасы алынған. 20 желтоқсанға дейін қалада 10325  адам егілген. Оның ішінде 12-18 жастағы жасөспірімдер - 7754, жүкті әйелдер - 1122, бала емізетін әйелдер – 1449. Екінші компонентпен 2882 адам вакцинацияланды. Тиісті контингентті вакцинациялауды қала емханаларының (мемлекеттік және жеке) егу кабинеттерінде, сондай-ақ мектептердің медициналық пункттеріндегі жасөспірімдерде егілетін адамның не оның заңды өкілдерінің ерікті түрде хабардар етілген келісімінен кейін жүргізеді.