Спорт

Бейжің 2022: Еліміздің олимпиадалық формасы таныстырылды

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Ұлттық Олимпиадалық комитет 2022 жылғы Бейжің ойындарына арналған Қазақстан командасының формасын көпшілік назарына ұсынды. Қазіргі Қазақстан тарихында алғаш рет экипировкадағы ел атауы қазақ тілінде «Qazaqstan» болып жазылады.  Бұл туралы olympic.kz сайты хабарлайды.

Олимпиадалық командаға арналған спорттық форманы қазақстандық ZIBROO компаниясы шығарды. Шеруге арналған коллекцияны ресейлік дизайнер, SHISHKIN брендінің негізін қалаушы Дмитрий Шишкин дайындаған. Екі өндіруші ең жоғары талаптарға сай келетін, өндірістегі эко-шешімді қолдайтын және киім дизайнының әлемдік трендін қолданатын ортақ олимпиадалық эпикировка коллекциясын ұсынды. 

Қазақстан құрамасының олимпиадалық экипировкасын дайындауға бір жылдан аса уақыт кетті. Киімді дайындау процесіне атлеттердің өздері қатысты. Олар форманың дизайны, сапасы мен функционалына қатысты өз ұсыныстарын білдірген. 

«Бір аптадан соң Қазақстанның олимпиадалық құрамасы Қытайға ұшып кетеді. Ал 4 ақпан күні төртжылдықтың басты додасы – қысқы Олимпиада басталады. Токио қарсаңындағы секілді, бұл ойын басталардан бұрын да біз олимпиадалық экипировканы дайындау кезінде спортшылардың ұсыныс-тілегін ескердік. Біз үшін Олимпиада ойындарында спортшыларға осы форманың ыңғайлы, қолайлы және сәнді сезінгендері маңызды. Ал мата мен тігістің ең жоғарғы талапқа сай болатыны сөзсіз", - дейді ҰОК бас хатшысы Андрей Крюков.

 

Қысқы ойындарға арналған олимпиадалық форманың таныстырылымына жазғы спорт түрлерінің өкілдері, атап айтар болсақ, Токио Олимпиадасының жүлдегерлері Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов пен Софья Берульцева қатысты. 

Осылайша, жазғы спорт түріндегі атлеттер қысқы Олимпиадаға аттанатын спортшыларға қолдау көрсетіп, олимпиадалық құраманың «Бір ел – бір команда» ұранын тағы бір нақтылап отыр. Сондай-ақ, фотосессияға дзюдошылар Жансай Смағұлов пен Ақмарал Науатбек, бокстан ерлер командасының капитаны Абылайхан Жүсіпов, гимнаст Аружан Қасенова мен «Барыс» хоккейшісі Самат Данияр қатысты. 

«Біздің командамыздың олимпиадалық формасының таныстырылымына қуана қатыстым. Спорттық күнтізбеміздегі айырмашылықтарға байланысты қысқы спорт түріндегі атлеттермен жиі кездеспесек те, олардың бізге көрсеткен қолдауын ұмытқан емеспіз. Тиісінше, біз де Олимпиада кезінде отандастарымыздың басты жанкүйері боламыз. Өйткені, біз бір команданың – Қазақстан құрамасының намысын қорғаймыз. Формаға келер болсақ, сапасы қатты ұнады. Күртешелер жеңіл әрі жылы, дизайны да жинақы. Қазақстан сөзінің «Q»арқылы, яғни, қазақша жазылғаны көңілге жылы тиеді екен. Бұл форма Бейжіңге аттанатын барлық спортшымызға да ұнайтынына сенімдімін. Олимпиада ойындарында барлығына шын жүректен сәттілік тілеймін», - деді бокстан Токио Олимпиадасының жүлдегері, әлем чемпионы Сәкен Бибосынов. 

«Форманың таныстырылымына шақырту алғанымда таң қалдым әрі қуандым. Өйткені, қысқы спорттағы атлеттеріміздің нәтижесін үнемі қадағалап жүремін. Бір күн бойы өзімізді модель сезіндік. Мұндай қызық жобаға қатысу мен үшін үлкен тәжірибе. Форма қатты ұнады, түсі де, эпикировканың сапасы да қуантады. Өте жылы әрі денеге жақсы тұрады. Спортшылар жабық ғимараттарда да, үлкен стадиондарда да өздерін ыңғайлы сезінетіні анық. Айтпақшы, олардың ең стильді болатынына да күмәнім жоқ. Алдағы ең маңызды жарыста қазақстандық командаға сәттілік тілеймін. Алға!», - деді Токио Олимпиадасының жүлдегері, каратэші Софья Берульцева. 

Пандемия кезінде жеңіл өнеркәсіп басқа да салалар секілді бүкіл әлем бойынша кедергілерге тап болды. Тауарды жеткізу логистикасы бұзылды, тіпті, әлемдегі ең үлкен брендтердің өзі киімді бұрынғыдай мерзімде, бұрынғыдай көлемде шығара алмайды. Сондықтан, жеткізушіні таңдау кезіндегі басты талап – сенімділік, тігін өнеркәсібіндегі алдыңғы технологияларды пайдалану, одан бөлек, киімді дайындаудағы толық өндірістік цикл болатын. 

Шеруге арналған форманы тігу көптеген жылдар бойы ірі компаниялармен, футбол және хоккей клубтарымен жұмыс істейтін, сондай-ақ, FISCHER  компаниясына арнап Еуропаға тау шаңғысы экипировкасын экспорттайтын «SHISHKIN тігін мануфактурасына» сеніп тапсырылды. 

Дизайнерлер бұл жобаға толыққанды дайындалды, Қазақстанның мәдени ерекшеліктері мен әлемдік сән трендіндегі маңызды жайттарды сараптады. Киімдегі жазуға бірегей шрифт таңдалды. Жарысты қабылдаушы елдің дәстүрлері де назардан тыс қалған жоқ. Олимпиада өтетін жыл су жолбарысы жылымен сәйкес келеді, ал шығыс күнтізбесі бойынша 2022 жылғы түс «талаптарына» аспан көк, қара және ақ түс сәйкес келеді. Бейжіңде Қазақстан командасы біртұтас ойластырылған жиынтыққа ие болады. 

Киім Қытайдағы қысқы климатқа арнайы ойластырылған. Мұнда температура кей кездері 20 градустан да төмендейді. Сондықтан, сыртқы киім табиғи қаздың жүнімен толықтырылған, жылуды сақтап, суықты өткізбейтін заманауи жарғақтық материалдар қолданылған. Көлеміне қарамастан, киімнің салмағы аз, өте иілімді және еркін қозғалуға ыңғайлы. Дизайнерлердің пайымынша, олимпиадашылар бұл форманы спортттық аренадан басқа жерлерге де кие алады. 

Қысқы Олимпиада ойындары 4 ақпан күні Бейжіңде басталып, 20 ақпанға дейін созылады. Қазақстан командасы спорттың сегіз түрінен бақ сынайды.