Қоғам

«Ұрды, қан сигізді»: Тергеу изоляторында таяқ жеген жастар шағымданып жатыр

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Заңгер Шынқуат Байжанов Алматы қаласындағы тергеу изоляторында соққыға жығылған жастарды көргенін, олармен тілдескенін айтты. Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды bugin.kz порталы.

«Бүгін СИ-18-ге Қаңтардағы Қанды Қырғынға байланысты жазықсыз жалаға ұшыраған екі балаға кіріп шықтым. Коридорда аяғы ақсақтаған, балдақпен жүрген, іштен, иықтан, бастан жараланып, таңылған жастар өз адвокаттарымен кездесу үшін күтіп тұрды.Тіпті біреуін носилкамен алып келді. Ішің қан жылайды, жәудіреген көздеріне қарап шарасыздықтан ерніңді тістейсің, ал сырттай «айналайындар шыдаңдар, еңселерің түспесін, бәрі жақсы болады» - деп қанаттандырған боласың», - деп жазды Байжанов.

Сонымен қатар ол өзінің қорғауындағы азаматтардың да соққыға жығылғандарын айтып өтті.

«Ал менің қорғауымдағы екі бала да «аға өлтіріп тұрып бірнеше күн ұрды, қан сигізді, істемегенді істедім дегізіп хаттама жасады, қол қойғызды, митингіге шыққаннан басқа жазығымыз жоқ» - деп зар илеп отыр. «Дәлелдемесіз соттай алмайды, заңсыз толтырылған хаттама үкімге негіз болмайды» - деп үміттендіріп кеттім. Әрине барлық күш жігерімді оларды ақтауға жұмсаймын, бірақ әттең...», - дейді адвокат.

Алматы қалалық полиция департаменті бұл оқиғаға әлі түсінік берген жоқ.