Bugin

Тергеуде қорлық көргендер биліктен араша сұрауда (видео)

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Тергеу изоляторында ұрып-соғып қорлық көрсеткен. Қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандардың біразы осындай арыз-шағым түсіріп үлгеріпті. Адам құқығын қорғап жүрген уәкілдер «күдіктілердің тергеудегі жағдайы адам шошырлық» деп отыр. Өйткені қосақ арасында ұсталып жазықсыз отырғаны да бар екеніне сенімді. Әділдік үшін күрескендер жазықсыз жан темір тордың ар жағына аттанбас үшін соттың ашық өтуін талап етіп отыр. Бұл туралы Bugin.kz порталы КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

17 жастағы Артур Қожаниязов 17-қаңтарды  үреймен еске алады. Сол күні қаннен-қаперсіз дәрі-дәрмек алуға шыққан жасөспірімді құқық қорғау қызметкерлері тоқтатып алып тергей бастаған. Сұрақтарына жауап алған соң құжатын талап еткен. Еш қарсылықсыз төлқұжаты мен үшінші топтағы мүгедектігін растайтын куәлігін көрсетсе де бұған қанағаттанбаған полицейлер көлікке күштеп мінгізіп бөлімшеге алып кеткен. Сол жерде бірінші қабаттан бесінші қабатқа дейін сәт сайын ұрып-соғыпты. Ал әкесі бұл оқиғаны ұлының жағдайы нашарлап ауруханаға жеткізілгенде бір-ақ білген.

- «Дәрігерлер кеудесі ісіген деп жазып беріпті. Тергеуде  бетперде киген қызметкерлер аяусыз ұрып-соғыпты. Тіпті, мүгедектік куәлігін көрсетіп жағдайын айтқанда да сенбей шашынан тартып күш көрсетулерін тоқтатпапты. Автомат тақап өлтірем деп қорқытқан.  Балам әбден әлсіреп еденге құлап түскенде барып алғашқы көмек көрсетіп,  кейін жедел-жәрдем шақырыпты. Ал, мен арыздана бастағанда Ерлан Беғамбаев есімді полиция бастығы өзіне шақырып алып, ұрған сержант біздің қызметкер емес, іс-сапармен келген деді. Осы жерде бәрін шешейік деп 300 мың теңге ақша ұсынды» - деді жәбірленуші А. Қожаниязовтың әкесі Серік Қожаниязов.

Ұлының жағдайын ойлаған әке ыңғайына жығылғандай кейіп танытқан. Бірақ жауапты органдарға арыз жазып ақиқат үшін күресін тоқтатпапты. Қазіргі таңда арызы прокуратурада қаралып жатыр екен. Әбден жүрегі шайлыққан әке бұл іске ел президентінің назар аударғанын қалайды.  Адам құқығы үшін күресіп жүрген Эльвира Әзімова Қожаниязовтар қысым көріп шағымданғандардың соңы емес дейді. Оның сөзінше қақтығыста жараланғандардың кейбірі тіпті «ас жарылса бөрік ішінде» деп  ауруханаға да бармапты. Қазір уәкіл «қысым көрдім» деген әр азаматтың  туған-туысқаны, адвокатымен байланысып отырмыз дейді. Мүмкіндік болса тергеудегі азаматтың өзімен де тілдесіп мән-жайға қанығуға тырысып жатыр екен. Жазықсыз жандар темір тордың ар жағына кетпес үшін соттың ашық болуы дұрыс деп есептейді ол.

- «Қазіргі уақытта бізде 62 арыз бар. Содан басқа біз мысалы БАҚ-та немесе әлеуметтік желіде болған осындай ақпараттарды немесе азаматтардың осындай арыздарына сүйеніп сол сұрақтар да бойынша біз арызданып Бас прокуратураға немесе ішкі істер прокуратурасына ғақпаратты қабылдау бойынша шаралар туралы арыздар беріп жатырмыз» - деді  адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова. 

Осылайша апта сайын құзырлы орган уәкілдерімен жүздесіп жәбірленушілердің мұң-мұқтажын жеткізіп жатырмыз деген Әзімова ісімізде оң нәтиже байқалады дейді. Бастапқыда тергеу изоляторында отырғандардың саны 900-ге жуықтаса, қазір олардың тең жартысынан астамы босатылған. Десе де оларға тағылған айып түпкілікті алынып тасталмапты. Тек үй қамаққа ауыстырып жағдайларын жеңілдеткен. Адам құқығы жөніндегі уәкіл ғана емес, мәжілістің депуттары да ұсталғандардың жайын айтып шыр-пыр болып отыр. Берік Дүйсенбинов жазықсыз жапа шеккендердің туған-туыстары хабарласу үшін желіге жеке телефонын да жариялап қойыпты. Күніне ондаған азамат мұң-мұқтажын айтып қоңырау шалады екен.  Ол аз десеңіз, уақытша ұстау изоляторында отырғандардың жайын өз көзімен көріп қайтыпты. 

- «Енді қызығын көремін деп отырған балаларынан айырылып, түрменің табалдырығын тоздырып, ешкімнен пана таба алмай жүрген аналардың ащы зарын ешбір брифингтен ешқандай министр жеткізе алмайды. Аналардың көз жасы мен наласын өз көзімізбен көріп, жұбатуға сөз таппадық. Тергеу изоляторында жақында ғана балалар үйінен шыққан  іздеушісі жоқ бірнеше жас балалар бар. Олар үшін, жазасын ауырлататын жағдай болмаса, мен  өз атымнан, босатуды талап етемін» - деді Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов. 

Осылай деп еміренген депутат қамауға алынғандарды ұрып-соғудан қорғауды, жарақат алғандарға немесе басқа мұқтаж жандарға медициналық көмек көрсетуді, адвокаттық қорғауды қамтамасыз етіп, тергеу амалдары кезінде қорғаушылардың міндетті түрде қатысуын талап етіп отыр. Бас прокуратураның мәліметінше, тергеу кезінде қызметін асыра пайдаланды деген шағыммен 250-ден астам арыз түсіпті. Және осы оқиға бойынша 133 қылмыстық іс қозғап үлгерген.