Bugin

ҰОК Қазақстанның Бейжің Олимпиадасына жұмсаған жалпы шығынын жариялады

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Қазақстан құрамасының Бейжің Олимпиадасына қатысуына Ұлттық Олимпиада комитеті 248 млн теңге жұмсады, бұл ақшаның жартысына жуығы – ұшу шығындары. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында ҰОК Бас хатшысы Андрей Крюков мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

«Олимпиада ойындарына тікелей қатысу шығындары 248 млн теңгені құрады, оның 107 млн теңгесі чартер ұсынғаны үшін «Эйр Астана» компаниясына төленді», - деді Крюков.

Ұлттық командалардың Олимпиадаға тікелей дайындығына 789 млн теңге жұмсалған, оқу-жаттығу жиындары мен жарыстарға 234 спортшы мен жаттықтырушы қатысты. Бір қатысушыға жұмсалған орташа шығын – 15 млн теңге.

Крюковтың дерегі бойынша, 2021 жылы биатлонға – 384 млн теңге, тау шаңғысы спортына – 100 млн теңге, конькимен жүгіру спортына – 400 млн теңге, шаңғы жарысына – 363 млн теңге, керлингке – 200 млн теңге, шаңғымен трамплиннен секіруге – 198 млн теңге, сноубордқа – 14 млн теңге, мәнерлеп сырғанауға – 143 млн теңге, фристайл/могулға – 562 млн теңге жұмсалды. Ал  фристайл/акробатикаға – 319 млн теңге, шайбалы хоккейге – 259 млн теңге, шорт-трекке – 392 млн теңге, барлығы 3,5 млрд теңге шығындалған.

Демеушілік қаражатқа келсек, олардың жалпы сомасы 2 млрд теңгеден асқан. Тарқатып айтқанда, 2018 жылы 365 млн теңгеден, 2019 жылы 369 млн теңгеден, 2020 жылы 500 млн теңгеден және 2021 жылы 599 млн теңгеден астам демеушілік қаржы Олимпиадаға дайындыққа жұмсалған.

Бұдан бөлек, мемлекеттік тапсырма бойынша 2018 жылы қаржыландыру 12,3 млрд теңгені, 2019 жылы – 13,1 млрд теңгені, 2020 жылы – 10,8 млрд теңгені және 2021 жылы – 15,5 млрд теңгені құрады.

Еске сала кетейік, Бейжіңдегі Олимпиада ойындары 4-22 ақпан аралығында өтті. Дүбірлі додада Қазақстан спортшылары бірде-бір медаль жеңіп алған жоқ.