Bugin

Украина дағдарысының Қазақстан экономикасына әсері қалай болмақ?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Украина мен Ресейдің арасы ушығып кетті. РФ президенті В.Путин Украинаға тиесілі екі облысты – Донбасс пен Луганскі аймағын тәуелсіз елдер деп атап, оған халық республикасы деген атақ берді. Бұл – халықаралық жағдайды біршама шиеленістіріп жіберді. Ресеймен көрші отырған әрі Украинамен экономикалық байланысы тығыз Қазақстан екі оттың ортасында қалды. Ал бұл жағдайдың Қазақстан экономикасы мен саясатына қалай әсер етпек, соны анықтап көрейік. Bugin.kz тілшісі пікір білдірген бүкіл сарапшылардың көзқарасын жинап көрді.

Жалпы қазақстандық сарапшылардың пікірі екі тарапқа бөлінгені байқалады. Бірі – Украина дағдарысы Қазақстан экономикасына уақытша әсер етеді, кейін жағдай жақсарады десе, екінші топ экономикаға ауыр соққы болатынын айтады.

Әсері аз

Әсері аз деген топтың пікірі мынаған саяды: Украина жағдайы әлі дүдәмал күйде тұр, Ресей екі облысты тәуелсіз деп мойындағанымен, Украинамен ашық шайқас басталған жоқ. Ары қарай не болатыны түсініксіз. Сондықтан дәл қазір бұл фактордың экономикаға әсері аздау.

Мәселен, экономист Сапарбай Жұбаевтың айтуынша, рубль мен теңгенің бағамы ең алдымен мұнай мен газға тәуелді. Ал қазір әлемде мұнай бағасы қымбаттап барады.

"Саяси шиелініс кезінде мұнайдың қымбаттауы, яғни тауарлық биржаның өсуі байқалып отыр. Мысалы, Brent маркалы мұнайдың 1 баррелі 97 доллар (41 мың 624 теңге, 1 доллар – 429 доллар) болды... Бұл Ресейдің валюталық қорын көбейтеді, әрі санкциялардан келген шығынның орнын толтыруға мүмкіндік береді", - деді Сапарбай Жұбаев. 

Ол РФ-ға жаңа санкциялар салынған күннің өзінде бұл оның экономикасына айтарлықтай әсерін тигізбеуі мүмкін деген пікір білдірді.

"Соңғы 8 жылдан бері Батыс елдері Ресейге көптеген санкция салды.... Жаңа санкциялар салынған күннің өзінде бұл РФ экономикасына айтарлықтай әсерін тигізеді деп ойламаймын. Себебі Ресей КСРО-ның мұрагері, ол жабық экономикада өмір сүріп үйренген. Әрине, бұл экономикалық жағынан қиын", - деді сарапшы.

Экономист 2014 жылдан бері Ресей бюджетін профицит жағдайында ұстап, табысын көбейтіп, шығынын азайтқанын айтты.

"Осылайша, РФ бүгінде 550-600 млрд доллар көлемінде қор жинап алды деп ойлаймын. Бүгінде РФ экономикасын шығыс елдеріне бұрды... Қытай, Үндістан сынды ірі мемлекеттермен сауда-саттық жасауда, әрі ол Қазақстан және Орта Азия мемлекеттерімен ауыл шаруашылығы өнімдері және басқа тауарлар бойынша сауда-саттықты арттыруы мүмкін", - деп түйіндеді сөзін Сапарбай Жұбаев.

Тағы бір сарапшы Эльдар Шамсутдиновтың айтуынша, теңге мен рубльдің қазіргі құлдырауын "құлдырау" деп айтуға келмейді, бұл уақытша процесс.

"Теңге мен рубль құлдырады деп 2014 жылғы жағдайды айтсақ болады. Ал қазір рубльдің бағамы 79-80 шамасында. Қатты құлдырай қойған жоқ. Теңгенің бағамы рубльге тікелей байланған деп айтуға болмайды. Бірақ Ресеймен ортақ экономикалық одақта болғандықтан, біздің валютаға тікелей әсер ететіні сондықтан. Егер рубль құнсызданса, Қазақстан экономикасына зиян. Өйткені 2014 жылдары естеріңізде болса, рубль 2,1 теңгеге тең боп қалған кезде, қазақтар жаппай орыс көліктерін сатып алып, талай ақшамыз көрші елге кетіп қалды", - деп түсіндіреді ол.

Әсері мол

Бұл позицияны ұстанушылардың ойы бәріне түсінікті, қарапайым. Егер Батыс елдері Ресейге қарсы санкцияны күшейтсе, рубльдің құлдырауымен қатар теңгенің құлдырауы қатар жүріп, азық-түлік пен басқа импорттық тауарлар қымбаттайды.

Экономист Мақсат Халық Ресейге жаңа санкциялар салынса, рубль құнсызданатыны анық деген пікірде.

"Бұл жағдай теңгеге әсерін тигізеді, қысым болатыны анық. ҚР Ұлттық банкінің теңге бағамын ұзақ мерзімде ұстап тұруға резервтердің жеткіліксіздігін мойындау керек. Осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Ұлттық банк интервенция жасап, теңге бағамын тұрақты ұстағаны белгілі.  Бірақ мұның ұзаққа созылмайтыны түсінікті. Сондықтан теңгеге қысым болады", - деді сарапшы.

Ал сарапшы Нұрғали Нұрмахамбетовтің айтуынша, теңге мен рубльді мұнай мен газ бағасының қымбаттауы құтқара алмайды.

"2014 жыл есімде шығар. Ресей Қырымды алған сәтте, батыстың қалың санкциясы тап болып, рубль қатты құлдырап кетті. Ал ол кезде мұнай бағасы 110-115 доллар болып тұрған. Ресей рублі жалғыз құлдыраған жоқ, қазақ теңгесін де құрдымға әкетті", - дейді сарапшы.

Оның айтуынша,Украинадағы жағдайдың қазақстан экономикасына зиянын тигізетіні анық. Алайда бәрі батыс елдерінің енгізгелі отырған санкцияларына байланысты.

"Санкция теңгенің құлдырауына әкеледі, ол сөзсіз. Бірақ қаншалық зиянды? Сол жағы түсініксіз. Егер мұнай мен газ бағасы өсті дегеннің өзінде ол біздің елдегі инфляцияны реттей алмайды. Қазақстан экономикасының қатерде тұрғаны да содан – инфляциямен күресе алмай жатырмыз. Елді дүрліктермеу үшін Ұлттық банк базалық ставканы көтермей отыр. Ал көтерсе не болады? Теңге девальвациясы 20-40 теңгенің арасында құлдырауы мүмкін. Бірақ 500 теңгеге жетпейді деп ойлаймын", - дейді Нұрмахамбетов.

AERC Beta LLP бас директоры Ғалымжан Айтқазиннің айтуынша, егер Украинаға эскалация басталса, теңгеге қысым күшейері анық.

"Егер Ресей Донбасс пен Луганскінің бұрынғы территориясын мақұлдаса, онда Украинамен арада соғыс өрті тұтанары хақ. Ал бұл – өте қиын жағдай. Санкция күшейіп, теңге құлдырайды. Қазақстан кәсіпкерлері Украина мен Ресейден активтерін аударып әкетуі мүмкін", - дейді ол.

Әлемдік экономика мен саясат институтының сарапшысы Мағбат Спановтың айтуынша, Ресейге санкция күшейсе, қазақстан мұнайы мен газын Еуропаға сата алмай қалуы ғажап емес.

"Қазақстанның транспорт артериясы мен құбыры Ресей арқылы өтетіні белгілі. Оған санкция салынса, Қазақстанның тынысы тарылады. Еуропаға сата алмаған затын Ресей енді Орталық Азияға тасиды", - дейді Спанов.

Енді не істеу керек?

Қазір халықаралық жағдай ушыққан тұста Қазақстанның әліптің артын баққаны дұрыс. Мұны сарапшы, экономикалық шолушы Юрий Масанов айтады.

"Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанның ресми ұстанымы талқыланып жатқанын, алдағы уақытта Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтетінін мәлімдеді. Ол Қазақстанның күн тәртібінде Донецк және Луганск халық республикаларының егемендігін мойындау мәселесі тұрмағанын атап өтті. Мұндай ұстаным Қазақстанға Ресейдің іс-әрекетінен келетін залал мөлшері азайтуға септігін тигізеді, бірақ оның салдары болатыны анық. Себебі Ресей Қазақстанның ірі сауда серіктесі болып саналады, әрі бұл елдің мәселелері елімізге әсерін тигізеді", - деді Юрий Масанов.