Қоғам

«Күніне 6 сағат қана беріледі»: Жаңаөзенде ауыз су тапшы

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Кеше «биылғы 18 сәуірден бастап, қыркүйек айына дейін Жаңаөзен қаласында ауыз су кестеге сәйкес беріледі» деген ақпарат тарады. Bugin.kz порталының тілшісі оқиғаның мән-жайын анықтап көрді.

«Ауыз су жеткіліксіз»

Жаңаөзен қаласында ауыз су қыркүйек айына дейін кесте бойынша берілмек. «ӨзенИнвес» коммуналдық кәсіпорнының мәліметінше, жаз айларында үздіксіз қамтамасыз ету үшін ауыз су жетпейді екен, деп жазылған zhanaozen_online Instagram парақшасында.

«Су тұтынудың бірден өсуіне байланысты Жаңаөзенде және маңындағы елді мекендерде 18 сәуірден бастап алдағы мамыр, маусым, шілде және тамыз айларында ауыз су кесте бойынша беріледі», – деп мәлімдеді компания.

Су мәселесі қуаттылығы тәулігіне 50 мың текше метр болатын суды тұщыландыратын құрылғының құрылысы аяқталған соң шешіледі. Зауыт 2024 жылдың төртінші тоқсанында іске қосылады деп жоспарланған.

«Күніне 6 сағат қана беріледі»

Ақпараттық порталдарда судың кестемен берілетіні туралы мәлімет шықты да, күніне нақты неше сағат екені айтылмады. Тұрғындардың пікірінше, қала тұрғындарына таңғы 5-тен түнгі 11-ге дейін су берілсе, ауыл тұрғындарына 6 сағат жүретін суға қанағат етуге тура келеді.

«Бізде, Жаңаөзен қаласында су мәселесі қаралып жатыр. 18 сәуірден бастап суға кесте қойылған. Жаңаөзен қаласына қарасты бірнеше ауылға әртүрлі кесте бойынша су беріледі. Қазіргі уақытта қалада таңғы 5-тен түнгі 11-ге дейін су жіберіледі. Ол жерде судан ешқандай қиындық көріп тұрған жоқпын. Қиыншылық ауыл тұрғындарына түсіп тұр. Себебі бізге күніне 6 сағат қана су беріледі. Кестеде көрсетілген таңғы 6-дан түскі 12-ге дейін шаруаларымызды істеп үлгермейміз.

Өзім Теңге ауылында тұрамын. Бізге кешкі 6-дан түнгі 12-ге дейін су беріледі. Басқа уақытта не істейміз сонда. Жолда кетіп бара жатып егінде, көлік жуатын жерлерде су ағып тұрғанын көріп таңқаламын. Сонда ауылдық жерлерге су неге кестемен берілуі керек деп ойлаймыз», - дейді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Арзыгүл Маханқызы.

Сонымен қатар кейіпкеріміз өміріміздің суға тікелей байланысты екенін, 6 сағаттық судың қажеттіліктерін өтемейтінін айтып отыр.

«Кесте бойынша су келген уақытта үйдегі бос тұрған шелектер мен бөшкілерге су толтырып алып жатырмыз. Соның өзі жеткіліксіз. Бір үйде қаншама адам тұрады дегендей. Байқап қарасақ, күнделікті істің бәрі суға байланысты екен.

Бұл қашанға дейін жалғасады? 18 сәуірден басталған мәселе шілде, тамыз деді, енді қыркүйекке дейін созылатынын айтты. Жыл сайын осы қайталана береді. Су көктем-жазда өте қажет. Суару кезеңі. Ал біз болсақ, кестемен су алып отырмыз», - дейді ол.

Жауапты мамандар тұрғындарға қандай ұсыныс айтты?

«Өзенинвест» МКК хабарлауынша, қалада ауыз су мәселесі 2024 жылдың 4 тоқсанында толық шешіледі. Себебі Жаңаөзен қаласына дейін магистралдық су құбырымен Кендірлі демалыс аумағы, Тоқмақ жерінен қуаты тәулігіне 50000 м3 теңіз суын тұщыландыратын зауыттың құрылысы аяқталады», - деп жазады mangystaumedia.kz сайты.

Порталдың жазуынша, жауапты мамандар тұрғындарға келесі ұсыныстарды ескерткен:

- Жеке тұрғын үйлердегі егінді суару үшін міндетті түрде тамшылата суару әдісін қолдану, алдын-ала су қорын жинақтау (құдық, емкость т.б. болуы);

- Көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары ауыз суды үнемдеп, тиімді пайдалану, пәтердің ерекшелігін ескере отырып, белгілі бір мөлшерде су қорын жинақтау.

«Сізден, күнделікті тұрмыстық және өзгеде тұтынуға қажетті су қорын жинақтап алуыңызды және түсіністікпен қарап, ауыз суды үнемдеп, тиімді пайдалануыңызды сұраймыз», - деді «Өзенинвест» МКК.

Су берілетін кесте:

1. Қалаға:

Күнделікті сағат 05.00-23.00 аралығында;

2. Рахат ауылының Ақсу ш/а, Кендірлі ауылы және Астана, Арай, Ақбұлақ, Бәйтерек ш/а:

Күнделікті сағат 06.00-12.00 аралығында;

3. Мерей ш/а:

Күнделікті сағат 12.00-18.00 аралығында;

4. Теңге ауылы, Рахат ауылының Рахат ш/а, Бостандық, Мамыр, Мұнайлы ш/а:

Күнделікті сағат 18.00-24.00 аралығында.

Тағы қандай мәселе бар?

Бұдан бөлек әлеуметтік желіде краннан келіп жатқан сары судың видеосы тарап кетті. Видео авторы күніне 6 сағат қана берілетіні бар, оған мына жағдайдың қосылғанын айтып отыр.

«Мынаны не істеуіміз керек? Ішеміз ба? Не істейді мынаны? Судың сағат 12-ге дейін келетіні бар. Оған мынау қосылды. Бізде ас бөлмесінде су тазалайтын фильтр бар делік. Үйлерінде фильтрі жоқ адамдар осындай су іше ма? Сұмдық қой бұл! Адамға лас суды қалай береді екен?!» - дейді видео авторы. 

Ал әкімдіктегілер суды кесте бойынша беруден басқа амалымыз қалмады дейді. Себебі Жаңаөзен халқына жылына 15 млн т.м. жуық ауыз су керек. Ал біз тек 10 млн т.м. су беруге қауқарлымыз дейді олар.

«Түсіну керек, су бар болып тұрып, оны кестемен беріп жатқан жоқпыз. Судың көлемі жеткіліксіз болғандықтан, осылай істеуге мәжбүрміз», - дейді Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Берік Ізғалиев 31 арнаның Informburo бағдарламасына берген сұхбатында.