Bugin

Ұлттық құрылтайдың құрамына кімдер кіреді?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір айдан кейін алғашқы отырысы өтетін «Ұлттық құрылтайдың» құрамына кімдер кіретінін мәлімдеді. Бұл туралы ол Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Құрылтай жалпыұлттық диалогтың әмбебап моделіне айналады. Құрылтай құрамына депутаттар, ассамблея мүшелері, сарапшылар мен құқық қорғаушылар, барлық өңірлердің, сондай-ақ азаматтық альянстың, қоғамдық кеңестердің, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес-қауымдастықтардың және өндіріс саласының өкілдері кіреді», - деді мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Қазақстан халқы ассамблеясы осы мүмкіндікті бірлік пен келісімді нығайту жолында толығымен пайдалануы керек.

«Ассамблея Ұлттық құрылтаймен бірлесіп, тиімді жұмыс істеуі керек. Себебі түптеп келгенде, екеуінің мақсаты – ортақ. Ауқымды өзгерістерге жастардың да белсене қатысқаны абзал. Кеше тұңғыш рет Қазақстан халқы Ассамблеясының Жастар сессиясы өтті. Оның ұсынымдарын мұқият зерделеу қажет», - деді президент.

Айта кетейік, бір айдан кейін «Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі» атты тақырыппен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы өтеді.