МӘДЕНИЕТ

Қазақ хандарын аниме стилінде жандандырған қазақ қыздары туралы білесіз бе?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Қазақстандық суретшілер «Қазақ хандығындағы» аты аңызға айналған хандардың бейнесін өз стильдерінде салып, көрерменге иллюстрация ретінде ұсынды. Өнер иелерінің таңдауы әр ханға түскен. Бірі – Бөкей, енді бірі Хақназар ханды, одан кейін Абылай, Қасым, Кенесары, Жәнібек хандар деп жалғасады. Bugin.kz порталының тілшісі суретшілермен тілдесіп көрді.

Коллаборация идеясын ойластырушы – Магира Тлеубердина мен Toto Kanat. Олардан бөлек 4 суретші бар. Олардың айтуынша, туындыны жасап шыққан суретшілер бұрыннан бір-бірін бақылап жүрген. Ал өнер иелерін байланыстырған құндылық – ортақ идея мен ортақ қызығушылық болды.

«Өзім коллаборацияға қатысушылардың барлығына дерлік бұрыннан бері жазылғанмын. Көптен бері бәрін жинап, танысып, ортақ жоба жасасақ деген ой болды. Магира да осындай пікірде екен. Бір-бірімізбен идея алмастық, ол маған тарихи тұлғаларды салуды, мен оған хандардың суретін салуды ұсындым. Өзара келіскеннен кейін Қазақстанға қатысты контент жасау тәжірибесі бар, сырттай білетін суретшілерді шақырдық. Жоба 3-4 күнге созылды. Осы уақыт аралығында қалай сурет саламыз, кімді таңдаймыз, т.б. нәрселерді талқыладық», – дейді Toto Kanat.

Ал «қазақ хандарын негізгі тақырып ретінде беру идеясы қайдан келді? Неге басқа тақырып емес, қазақ хандары?» деген сұрағымызға ерекше жауап алдық.

«Мен үшін бұл өте қызық тақырып болды. Хандарды бәріміз бірдей жас жігіт немесе орта жастағы ер адам деп көз алдымызға картина жасап алғанбыз. Ал біз таптаурын түсінікті бұзып, өзіміз оларды қалай көз алдымызға елестеттік, солай бергіміз келді», – дейді Магира Тлеубердина.

Ал суретші Toto-ның айтуынша, хандар тақырыбына ортақ талқылау арқылы келген. Ол бұл әрекеттен екінші бір мақсат, мағына іздеудің қажеті жоқ екенін де ескертті.

«Қазақ хандарын мазақ қылу ешкімнің ойында болмады. Ал хандар суретінің жасөспірім көңілін тарихқа бұрудағы «рөлі» жалпы түсінікті нәрсе, бұл коллаборациясыз да жеке Қазақстанға байланысты контент жасаймыз», – дейді ол.

Сонымен қатар суретшілердің хандарды өздері таңдап алғаны туралы жоғарыда айтып өттік. Олардың таңдауы неге ол ханға түскенін сұрадық.

Магира Тлеубердина: Абылай хан – даңқты хандарымыздың бірі. Бастапқыда қыздарда таңдау мүмкіндігі болды. Олар хандарды таңдап жатқанда, Абылай ханға назарым ауды. Бұған дейін бұл ханды сымбатты, зерек, ақылды адам ретінде елестеттім. Сондай-ақ ол кісіде «мен бәрінен мықтымын» деген көзқарас бардай көрінді. Мінезі бірбеткей, алайда мейірімді адам деп ойладым.

Toto Kanat: Қасым хан өмірі мен жеткен жетістігі, жалпы тарихи тұлға ретінде өзіме ұнағандықтан, оның образын салуды таңдадым.

Анелия Бекбасова: Шынымды айтсам, неліктен Бөкей ханды таңдағанымды кесіп айта алмаймын. Оның өмірбаяны мен тұлғалық қасиеттері таңдау жасауыма әсер еткен секілді. Ол билік еткен жылдардағы киім кию стилін зерттегеннен кейін ғана сызба жұмыстарына кірістім. Ортақ чатта бір-бірімізге үлгілерін жіберіп, тығыз байланыста болдық. Сонымен қатар картинкалар гамма бойынша байланысуы үшін арнайы түстерді таңдап алдық.

Айжан Жомартқызы: Хақназар хан суретіне кірісер алдында оған байланысты ақпарат оқып, оны «стратег» рөлінде бейнелеуді шештім. Негізінен арт салар алдында әр суретші өзі таңдаған ханға байланысты ақпарат іздестірді. Басқа суретшілер қалай иллюстрациялаған дегендей. Бұдан бөлек қандай детальдар қосу керегі туралы референстер жинаймыз. Мысалы, кейбір заттар сурет салу процесінде өзгеріске ұшырап жатады.

Нұргүл Дауытова: Біздің жобадағы хандардың бәрі – Қазақстанның қалыптасуына үлес қосқан жандар. Алайда Кенесары хан жайлы мағлұмат ойымда көбірек қалғандай. Сондай-ақ Кенесары хан Қазақстанда көп өзгерістер болған кезеңде билік еткен болатын. Өзімнің батырлар мен тарихи тұлғаларды салуда көп тәжірибем болмады. Сондықтан киім жағынан көп суреттер іздедім.

Салтанат Ерсұлтан: Жобада хандарды салу керек екенін білгенде, ойыма Жәнібек хан түсті. Ойланбастан осы ханды таңдадым.

Суретшілер осы бағытта әрі қарай жұмыс істеу ойларында бар екенін, көрермен бұдан да басқа жаңалықтарға дайын болуы керегін айтты.

«Халықтың назарын тарихқа бұруды міндетім деп ойлаймын. «Басқаша көзқарас» деген түсінікті қалыптастырғым келеді. Жастар ата-баба суретін кітаптан ғана емес, біздің нұсқада да көргенін қалаймын. Олардың да жас болғанын білуі керек. 100% табиғи портрет салу деген болмайды, критикалық ойлау арқылы мәдениетімізді дамытуға мүмкіндік бар. Таптаурын түсініктерді бұзатын коллаборацияларды әлі де жасаймыз», – дейді Магира.

«Қолдау білдірген жандарға алғысым шексіз. Әрине, кейбіріне біздің суреттер ұнамаған шығар. Алайда критиканың да мықты ұстаз екенін түсінуіміз керек. Біздің сурет салу жолымыз біткен жоқ, скилл-білімді өсіруге мүмкіндік көп», – дейді Айжан.

«Әртүрлі ақпараттық сайттардан біздің коллаборацияны көріп жатырмын. Критика болуы заңдылық. Жалпы көбіне ұнады деп ойлаймын. Әрі қарай комикс пен мерч жасасақ керемет болар еді», – дейді Нұргүл.

Сонымен қатар қатысушыларға «жастар түсінгенімен, үлкендер жағы мұндай өнерді ұлы тұлғаларымызды мазақ қылу деп те қабылдап жатады. Бұған деген көзқарастарыңыз қандай?» деген сұрағымызды қойдық.

Магираның айтуынша, жас аралығында тұрған шектеу жоқ. Таңдау жасау адамның фантазиясының қаншалықты дамығаны мен белгілі бір шеңберден тыс ойлай алатынына байланысты. Ересектердің арасында жастарды осындай жолмен тарихқа қызықтырып жатқанымызға қуанып қарайтындар да бар.

«Адамдардың көбіне біздердегі стилистика түсініксіз шығар. Бірақ бұл әрқайсымыздың қолтаңбамыз іспетті, біз карикатуралық мультипликациялық стилистика бойынша сурет саламыз. Кітаптардағы хандар мен батырлардың портреттері де белгілі бір адамның фантазиясымен салынған. Біз ешқашан олардың түрлері нақты қандай болғанын біле алмаймыз, бірақ олардың әрекеттері мен мінездерінен кейіпкер құрастыра аламыз. Егер олардың суретін салмайтын болсақ, біраз уақыт өткеннен кейін оларды ұмытып кететініміз анық. Сондықтан мемлекет үшін, жастар үшін пайдалы іс жасадық, олардың есіне тарихты түсірдік деп айта аламын», – дейді ол.

«Біріншіден, өзім бұл істі жақсы көремін. Екіншіден, Қазақстанда тұрамын, мен Қазақстан азаматымын. Сурет сала алсам, неге мәдениетімізді, тарихымызды осылай дамытпасқа? Жапондықтар өздерінің анимелері арқылы өз мәдениетін таратты әрі танытты. Сондай-ақ басқа елдерден келгендердің де елімізге, мәдениетімізге, тарихымызға, салт-дәстүрімізге қызығушылық танытқанын қалаймын. Осы жолда жастарымызды да баули аламыз. Жасқа қарамастан, қарсы шығатын адам әрқашан болады. Хейт болатынын біз білдік. Оған біз дайынбыз. Ұнатпаған адамдардың дүниетанымы мен ойлауы әлдеқашан қалыптасқан. Біз оларға әсер ете алмаймыз. Ал қызығушылық танытқандар әрқашан табылады. Қазақстан комикс пен анимация саласын енді дамытып жатыр. Біз де сол саланың бір мүшесі болғымыз келеді», – дейді Toto.

Сонымен қатар ол әрбір суретшінің сурет салу стиліне тоқталып өтті.

«Әрбір суретшінің өзіндік сурет салу стилі бар және олардың анимемен сәйкес келуі Анименің мультипликация болғандығынан. Бұл – стильдеу, суретшілер де өз стилизацияларында сурет салады. Анименің өзінде мыңдаған ішкі стильдер мен «рисовкасы» бар. Сондай-ақ барлығын анимеге кірістіріп жібермеулеріңізді сұраймын. Мысалы, Магираның стилін «аниме» стилі деп атауға болмайды. Бұл  –  суретшінің жылдар бойы жұмыс істеп, дамытқан дара стилі. Бұл басқа суретшілерге де қатысты. Біз фотограф емеспіз, біз салған нәрсені фото деп атауға болмайды. Бұл – өнер, бұл – иллюстрация», – дейді Toto.

Дайындаған: Ақмарал БЕРЕКЕТ, 

Bugin.kz порталы