ДЕНСАУЛЫҚ

Жеңіл өлім: эвтаназия деген не және оған қай елдер рұқсат етеді?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Әлемде өлу уақытын жақындату деген түсінік бар. Мұны медицинада эвтаназия дейді. Bugin.kz порталының тілшісі «Эвтаназия деген не?», «оның қандай түрлері бар?», «эвтаназияға қай елдерде рұқсат етілген?» деген сұрақтарға осы материалда жауап береді.

Эвтаназия дегеніміз не?

Эвтаназия – ауыр азапты бастан кешіріп жатқан адамдардың өлімін тездету. Бұл қазіргі уақытта медицинадағы даулы мәселелердің бірі, десе де кейінгі уақытта батыс қоғамында кеңінен таралып кетті. Аталмыш терминді алғаш рет ХVII ғасырда Френсис Бэкон «жеңіл әрі адам жанын ауыртпайтын өлім» деп атады. Оның айтуынша, бұл жердегі дәрігердің міндеті – науқасқа түсіп жатқан физикалық ауыртпалықты тоқтатып, оны ауырсынудан құтқарып, жан тапсыруына мүмкіндік беру.

XIX ғасырдың ортасында эвтаназия туралы пікірталастар қайта өршіді. Бұл уақытқа дейін медицинада морфин, хлороформ препараттары ауырсынуды басу үшін қолданылып келді. Осы сәтте оларды өлім аузында жатқан науқастарға қолдану этикасы туралы мәселе туындады. Мысалы, Америкада эвтаназияны қолдайтын қозғалыс пайда болды, олар адамның ауыртпалықсыз өлуге құқы бар екенін насихаттады. 1906 жылы Огайо штатының әкімшілігі эвтаназияны заңдастыруға тырысты, алайда мұндай радикалды идеяларды қоғам қабылдай алмады.

Эвтаназия ұғымы Германияда ұлттық-социалистік партияның билікке келуімен бұрмаланып кетті. Мұнда «Т-4» атты бағдарлама іске қосылып, психикалық және физикалық кемістігі бар адамдардың көзін құртумен айналысты. Бастапқыда бағдарлама дамуында кемістігі бар балаларға ғана қатысты болса, 1940 жылдан бастап олар қабілетсіз халықты да жойып отырды.

Қазіргі уақытта эвтаназияны танымал еткен – армян ұлтынан шыққан америкалық дәрігер Джек Кеворкян. Ол емі жоқ ауруға шалдыққан науқасты медицина арқылы өлтіруді қолдады және 1989 жылы осы идеяны жүзеге асыратын препарат жасап шығарды. Алайда Шарко ауруына шалдыққан 52 жастағы науқасқа препаратты қолданғаны үшін Кеворкянның үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Қазіргі уақытта эвтаназия арқылы қанша адамның өмірден өткенін нақты айту қиын. Мысалыға, Швейцарияда 2019 жыл бойынша 1 200 адам медицинаның көмегімен жан тапсырған болса, Нидерландыда 2020 жылда 6 361 адам эвтаназия арқылы өмірден өтті.

Эвтаназия түрлері

Науқастың келісімімен болатын эвтаназия. Яғни науқас саналы түрде өлімге бел буады. Соның өзінде науқас медицина бойынша дайындалған белгілі бір критерийлерге сай келсе ғана эвтаназия жасалады, бірнеше дәрігер оны тексереді. Процедураны жасаудың негізгі шарттары ретінде емі жоқ ауру, шарасыз мүгедектік қарастырылған.

Белсенді эвтаназия

Эвтаназияның қай түрі болмасын дәрігердің бірнеше рет кеңесін алғаннан кейін жүргізіледі. Алайда процедура кезінде дәрігердің болуы міндетті емес. Белсенді эвтаназия кезінде науқасқа дәріні дәрігердің өзі егеді, алайда эвтаназияның бұл түріне барлық жерде бірдей рұқсат етілмеген. Мысалы, АҚШ пен Швейцарияда медицина қызметкерлерінің өлімге әкелетін екпе егуіне заңмен тыйым салынған. Өзіне қол жұмсаудың «Аssisted suicide» деген түрі бар. Бұл кезде дәрігер науқасқа арнайы препаратты өлімге әкелетін мөлшерде береді. Яғни науқас жанында дәрігер бар кезде дәріні ішеді. Ол науқасты, ең алдымен, терең ұйқыға жібереді, әрі қарай ағзасын өлтіреді.

Пассивті эвтаназия

Пассивті эвтаназия – науқастың медициналық терапиядан бас тартуы. Яғни емдік шаралардан бас тартқан адам эвтаназиясыз-ақ өлімге жақындайды, дәрігер оның шешіміне қарсы шыға алмайды. Медициналық өлімнің бұл түрі де даулы мәселелердің бірі, сонымен қатар науқастың емделуден өз еркімен бас тартуын эвтаназия деп атауға болмайды деген пікірлер кездеседі. Өйткені дәрігердің пікірінсіз де науқастың медициналық көмектен бас тарту құқы бар. Десе де пассивті эвтаназия термині қолданыла береді. Себебі өзінің емделмейтінін білетін науқастың емдік шаралардан бас тартуы жан тапсыруға асығу және қиындыққа толы уақытын қысқарту деп қарастырылады.

Сондай-ақ кейбір зерттеушілер тікелей және жанама эвтаназияға анықтама береді. Тікелей эвтаназия кезінде дәрігер тікелей өлімге әкелетін препаратты қолданады. Ал жанама эвтаназияда науқас басқа әрекеттердің нәтижесінде өледі. Мысалы, ұйықтататын дәріні дозадан артық берген кезде.

Эвтаназияны қалай жасайды?

Бұл процедура эвтаназия жасалатын мемлекеттің заңына байланысты жүзеге асады. Алайда барлық мемлекетте қолданылатын ортақ заңдылықтар да бар. Науқас эвтаназия жасатамын деген шешім қабылдаған кезде дәрігерімен сөйлесуі немесе осы процедураны жасайтын арнайы медициналық орталықтың көмегіне жүгінуі керек. Содан кейін дәрігерлер, психологтар мен юристер жиналыс жасап, науқастың қаншалықты эвтаназия жасату критерийлеріне сай келетінін анықтайды. Егер науқастың жағдайы тым ауыр болса, оны сейілтудің жолы болмаса, ол міндетті құжаттарға қол қояды және процедура уақыты белгіленеді. Ереже бойынша ауру адамға қабылдаған шешімі туралы қайта ойлануға бірнеше ай уақыт беріледі. Осы уақыт аралығында ол дәрігерімен сөйлеседі, дәрігер өз кезегінде науқастың қабылдаған шешімінің өзгермейтініне сенімді болуы керек. Процедура болатын күні науқас медициналық орталыққа келеді, дәрігер одан соңғы шешімін сұрайды. Оның келісімін алғаннан кейін процедураға кіріседі. Бастапқыда науқасқа жансыздандыратын препарат егеді, ол ұйықтайды. Одан кейін дәрігер науқасқа препараттың жоғары мөлшерін салады, нәтижесінде ол жан тапсырады.

Эвтаназияға қай елдерде рұқсат етілген?

Швейцария

Швейцарияның Цюрих кантонында 1941 жылдан бастап көмекші суицид ретінде эвтаназияға рұқсат берілді. Эвтаназияның бұл түрін жүзеге асыратын алғашқы компаниялар мемлекетте 1980 жылдары пайда болды. Dignitas және Exit – бүгінгі күні науқастарға эвтаназия қызметтерін ұсынатын елдің негізгі мекемелері.

Dignitas – басқа елдердің тұрғындары үшін эвтаназияны заңды түрде жүргізетін әлемдегі жалғыз компания. Бүгінде Швейцария, тіпті, шетелдіктерге эвтаназия қызметін ұсынатын «суицидтік турлар» өткізеді. 2011 жылы Цюрихте шетелдік азаматтар үшін эвтаназияға тыйым салу туралы референдум өтті. Алайда тұрғындардың 78 пайызы эвтаназияның қолданыста қалуына дауыс берді.

2019 жылы Швейцарияда 1 176 адам эвтаназия арқылы жан тапсырды. Оның 249-ы – шетелдік азаматтар. Шетелдіктердің көпшілігі Германия, Ұлыбритания, Франция, Австрия және Италиядан келген.

Нидерланды

Нидерландыда эвтаназияны заңдастыру туралы әңгіме 1973 жылдан басталды. Ол кезде голландиялық физиолог дәрігер 95 жастағы анасының өмірден қиналмай өтуіне көмектеседі. 1980 жылдары Нидерландының Жоғарғы соты эвтаназия процедурасынан өту үшін науқаста кездесуі тиіс критерийлерді дайындай бастады. Эвтаназияға рұқсат беретін ресми заң 2001 жылы шықты. 2019 жылы Нидерландыда 6 361 адамға эвтаназия жасалды.

Бельгия

Бельгия парламенті 2002 жылы бұл процедураға рұқсат берді. Ал 2014 жылы Бельгия кәмелетке толмаған балаларға арналған эвтаназияны заңдастырған әлемдегі алғашқы мемлекет атанды. 2016 жылы 17 жастағы ең жоғары деңгейдегі ісік ауруына шалдыққан жасөспірім өз еркімен эвтаназия арқылы жан тапсырды. Бүгінгі таңда Бельгияда жылына 2 мыңнан астам адам эвтаназия жасатады.

Люксембург

Люксембургте 2009 жылы эвтаназияға рұқсат берілді. Бір қызығы Люксембургте де Швейцариядағыдай эвтаназия басқа елдердің тұрғындарына рұқсат етілген. Алайда бұл процедураны өткізу үшін науқасты жергілікті дәрігер ұзақ уақыт бойы бақылауы керек.

Испания

Испанияда эвтаназия 2021 жылы ғана заңдастырылды. Мұндай шешім қабылдауға видеоға түсірілген бірнеше суицид оқиғалары себеп болды. Науқастар ол жерде суицид жасауына айықпас дерттен қиналып жатқаны тікелей әсер еткенін айтады. Сондықтан 2020 жылы депутаттар съезі белсенді эвтаназияны заңдастыру мәселесін көтереді. Ал 2021 жылы аталмыш процедура ел азаматтарына қолжетімді болды.

АҚШ

АҚШ-та эвтаназияға 9 штатта рұқсат етілген. Процедураны 1994 жылы Орегон штаты ең алғаш болып заңдастырды. Кейінгісі әзірге 2021 жылы процедураға рұқсат берген Нью-Мексико болып тұр. Эвтаназияны жасау әр штатта әртүрлі критерий бойынша жүзеге асырылады. Мысалыға, Орегон штатында тек штат тұрғындарына ғана эвтаназия жасалады. Ал Монтанада науқас эвтаназияны сот шешімі бойынша ғана жасата алады.