Bugin

Президент өкілеттігіне шектеу, бюллетеньдегі бір ғана сұрақ: Қазақстанда референдум қалай өтеді?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

5 мамырда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Референдум қалай өтеді? Қандай өзгерістер енгізіледі? Президент өкілеттігіне шектеу енгізіле ме?  Осы сұрақтарға Bugin.kz порталының тілшісі жауап береді.

Референдум дегеніміз не?

Референдум – мемлекеттік маңызы бар мәселені халықтық дауысқа салу. Қазақстанда Референдум өткізу туралы шешімді ҚР Президенті қабылдайды. Оған 18 жасқа толған Қазақстан азаматы қатыса алады. Сот төрелігі, қорғаныс, ұлттық қауіпсіздік, салық саясаты, бюджет, билік орындарының құзыреті, басқару нысаны, адам бостандығы мен құқығы, әкімш.-аум. құрылыс пен шекара мәселесі Референдумға негіз бола алмайды. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы Референдум 1995 жылы өткізіліп, халық бірауыздан Ата Заңды қабылдады.

Референдум туралы жарлықтың толық мәтіні

Қазақстан Республикасы Конституцияның 91-бабының 1-тармағына және «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 18-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. 2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткiзiлсiн.

2. «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы «2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген тұжырымдағы сауал қойылып, республикалық референдумға шығарылсын.

3. Осы Жарлық және «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы 2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында ресми түрде жариялансын.

4. Республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткiзу Референдумның орталық комиссиясының қызметiн атқаратын Орталық сайлау комиссиясына, сондай-ақ референдумның аумақтық және учаскелiк комиссияларының қызметiн атқаратын аумақтық және учаскелiк сайлау комиссияларына жүктелсiн.

5. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясымен, Қазақстан Республикасының басқа да орталық мемлекеттік органдарымен және жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, республикалық референдумды ұйымдастыру мен өткізу жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.

6. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының

Президенті Қ.Тоқаев

Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2022 жылғы 5 мамыр

№ 888

Елімізде республикалық референдум қалай өтеді?

Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров үгіт-насихат жұмыстары алтыншы мамырда басталып, дауыс берілетін күннің алдындағы күні, 4 маусымда сағат 00-00-де аяқталатынын айтты.

«Республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне әрбір учаске бойынша әкім қол қояды және ол 15 мамырдан кешіктірiлмей, яғни дауыс беру басталғанға дейін жиырма күн бұрын акт бойынша тапсырылады. Учаскелік референдум комиссиясы дауыс беру уақыты мен орны туралы азаматтарды 25 мамырдан кешіктірмей, дауыс беру күніне кемінде он күн қалғанда хабардар етеді», - дейді Петров.

Учаскелік комиссияларда дауыс беру 5 маусымда жергілікті уақытпен сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді.

Аумақтық және учаскелік комиссиялардың құрамы, комиссиялардың орналасқан жері мен жұмыс уақыты туралы мәліметтер 15 мамырдан кешіктірілмей БАҚ-та жариялануға тиіс.

Дауыс беру қорытындысы 7 күн ішінде Орталық референдум комиссиясының отырысында шығарылады.

Референдум бюллетенінде неге бір ғана сұрақ?

Республикалық референдумда қазақстандықтарға:

«2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында баяндалған Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?» деген бір ғана сұрақ қойылады.

Азаматтар «иә» немесе «жоқ» деп дауыс береді.

Әділет вице-министрі Алма Мұқанова бұл мәселені түсіндіріп берді.

«33 бапқа барлығы 56 түзету енгізілді. 56 бюллетень - 56 азаматқа 1 сұрақтан болуы керек. Бұл басқару тұрғысынан нені білдіретінін түсінуіміз керек. Барлық түзетулер, барлық сұрақтар бір-бірімен тығыз байланысты», - дейді вице-министр.

Референдумда 11 өңір халқы жақтап дауыс берсе Конституцияға өзгеріс енгізіледі

Референдум кезінде 17 өңірдің 11-і Конституцияға енгізілетін өзгерістерді жақтаса, онда оң шешім қабылданады. Бұл туралы ҚР Әділет вице-министрі Алма Мұқанова мәлімдеді.

«Референдумға 1 ғана мәселе шығарылады, яғни Конституцияға түзетулер енгізу. Егер 11 өңірдегі халықтың көпшілігі жақтап дауыс берсе, онда түзетулер қабылданды деп есептеледі. Егер бұл көрсеткішке қол жеткізілмесе, онда түзетулер қабылданбайды. Неліктен 11 қала? Түсіндіріп өтейін. «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заң бойынша референдумға шығарылатын мәселеге қатысушы өңірлер азаматтарының кемінде үштен екісі жақтап дауыс берсе, онда шешім қабылданады», - дейді ол.

Президент өкілеттігіне шектеу енгізіле ме?

Әділет вице-министрі Алма Мұқанованың айтуынша, референдум нәтижесі бойынша оң шешім қабылданған жағдайда ҚР Президентінің өкілеттігіне бірқатар шектеу қойылады.

«Референдумға шығарылып жатқан конституциялық өзгерістердің ішінде қоғамда кеңінен талқылауға түсіп жатқан мәселенің бірі – Президенттің лауазымына байланысты шектеулер. Ол дегеніміз, алдымен, Президенттің жақын туыстары үшін саяси лауазымдар мен квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды атқаруға шектеу қойылмақ. Екіншіден, Президенттің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партия мүшесі болуына тыйым салынады», - дейді Мұқанова.

Оның айтуынша, Конституцияға енгізілетін өзгерістер 12 блоктан тұрады.

«Сонымен қатар Мемлекет басшысының аудан, облыс, шағын қалалар мен ауылдық округтердің әкімдерін сайлау және босату құқығы алынып тасталады. Көріп отырғаныңыздай, бұл Президент өкілеттілігінің қысқаруы. Яғни «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен бас тартуды білдіреді», - дейді министр орынбасары.