Сұқбат

«Мультипликатор болу үшін сурет сала білу жеткіліксіз»

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

«Orda animation» студиясының жас мультипликаторы Райымбек Ерлан анимация саласын меңгеру үшін ағылшын тілін білу жеткіліксіз екенін және мультфильм жасау кезіндегі ескерілетін ең маңызды дүниелер мен қиындықтар жайлы айтып берді.

-Мультфильм жасау процесі шығармашылық па, әлде күнделікті жұмыс па?

Мен үшін мультфильм жасау процесі әзірге күнделікті жұмыс. Себебі, шығармашылықпен айналысу үшін алдымен тәжірибе жинап, сосын өзім үшін жасасам болады деген дәрежеге жету керек. Яғни, анимациямен шығармашылық ретінде айналысу үшін, бірінші шеберлігіңді жеткілікті деңгейде дамыту маңызды. Үйренгенің мен білгеніңнен жақсы дүние шығара алмас бұрын анимацияны шығармашылық ретінде қарастыру орынсыз деп есептеймін. Егер мультфильм жасау процесін шығармашылыққа негізделген күнделікті жұмыс деңгейіне жеткізе алсақ, онда тіптен жақсы. Анимацияның басты мақсаты – жансыз затқа жан беру. Ал көрерменді қиял-ғажайыпқа сендіру үздіксіз еңбек етуді қажет етеді.

-Бұл мамандықты таңдауға деген құштарлық қалай пайда болды? 

Іштегі балалықты жоғалтқым келмеді. Осы себепті, мультипликатор мамандығын таңдадым. Кішкентайымнан анимацияға қатты қызықтым. Суреттің әрбір қырына, бояуына, стиліне, сапасына мән беретінмін. Өзім көретін мультфильмдердің сюжетінен бұрын мультипликатордың шеберлігіне, жұмысына көп назар аудардым. Шынымды айтсам, тоғызыншы сыныпқа дейін ойыншықпен ойнадым. Өзіме ұнайтын мультфильмдердегі оқиғалар желісі бойынша ойыншықтарыммен қойылым қоятынмын. Негізі архитектор боламын деп шешкенмін. Кейін ағам сурет салатын қабілетіме қарап, мультипликация саласын таңдауға кеңес берді. Жаным қалаған іспен айналысу үшін осы мамандықты таңдағаным дұрыс деп таптым. Сол сәттен бастап сүйікті ісімді табысты кәсіпке айналдыруды мақсат еттім.

-Кез келген мамандықта әртүрлі қиындықтар болады. Кәсібіңізде қандай күтпеген қиындықтарға тап болдыңыз?

Әртүрлі қиындықтар болады. Кейде шабыт жоқ, кейде жалқаулығың ұстайды. Бірақ, аниматорлардың жиі ұшырасатын қиындығы арқа мен бел аурулары. Бір орында қозғалмай отыра бергеннен түрлі травмалар пайда болады. Бір ауыр жүкті тауға арқалап шыққандай шаршайсың. Одан кейін, қолданып жүрген құрал да, тәсіл де, стиль де екі жыл ішінде тез ескіріп кетеді. Технологияның үздіксіз дамуына байланысты, біздің салада да көп өзгерістер жиі орын алады. Яғни, көштен қалып қалмау үшін біліміңді жетілдіріп отыруың керек. 

-Осы сала бойынша қай анимациялық студияны үздік деп санайсыз? 

Әр студияның өзіндік ерекшеліктері мен бояуы бар. Маған Cartoon Network Studios және Жапонияның TRIGGER және Ghibli секілді студияларының туындылары ұнайды. Мен үшін мультфильмнің беткі жағы емес, ондағы қиялдан шыққан кейіпкерлер мен идеясы маңыздырақ.  

-Аниматордың сурет салу қабілеті жақсы болуы керек пе?  Әлде оған түрлі әрекетті, эмоцияларды,  силуэтті көрсету маңыздырақ па?

Аниматор болу үшін сурет сала білу де, актерлік шеберліктің болуы да, тіпті музыкадан талғамның болуы маңызды.  Себебі, іс-қимылды экранға жеткізу барысында, оған ең алдымен көркем бейне жасау керек. Әрекетті, эмоцияларды көрсету үшін қимылдың ритмін сақтау қажет болады. Жоғарыда айтып өткенімдей, барлық саладан хабарың болса, кейіпкеріңнің характерін, бар болмысын ашу қиынға соқпайды.  

«Оның аты - Айбар» анимациялық мультфильмінен кадрлар

-Сізге батыс анимациясы ма, әлде шығыс анимациясы ұнай ма? 

Батыс не Шығыс анимациясы деп бөліп қарастырып айта алмаймын. Ең сүйікті мультфильмдерім әртүрлі студиялардың еңбектері. Маған ең қатты ұнайтыны «Арменфильм» студиясының мультфильмдері. Студия тек КСРО-ға ғана емес, бүкіл әлемге сапалы еңбегімен танымал болды. Ондағы образдар біртүрлі әрі күлкілі болғанымен, өзіне тән ерекше стиль қалыптастырған. Бастапқыда суреттері адамды тартпағанымен, ондағы идея мен берер ой көрерменнің назарын бірден аудартады. Мультфильмге қалай кіріп кеткеніңді байқамай қаласың. Сюжеттері армян ертегілеріне негізделген. Халықтың даналығын, бар болмысын мультфильм арқылы білесің.

-Егер сіз ертең Қазақстанның  Мәдениет министрі болып оянсаңыз, отандық анимацияны дамыту үшін не істер едіңіз?

«Біз жоқ жердің бәрі әдемі» дегім келмейді. Дәл қазір қолымда арнайы бағдарлама жоқ. Егер мен мәдениет министрі болсам, еліміздегі мультипликаторлардың, аниматорлар мен суретшілердің шетелден көп тәжірибе алуларына, тағылымдамадан өтулеріне мүмкіндік жасар едім. Дамыған елден үлгі алып, үйренуді қате деп ойламаймын.

Бізде талантты жастар жоқ емес, бар. Бірақ, олардың бәрі бірдей шетелде оқи алмайды. Осыған байланысты арнайы бағдарлама жасап, олардың шетелде білім алуларына жағдай жасар едім. Кейін елге оралған соң Қазақстандағы анимация саласына үлес қосса деймін. Мұны бағдарламаның шартына енгізіп, міндеттеу керек. Неге? Өйткені, қазір жастардың көбісі өз мүмкіндіктерінше шет елдік ұстаздардан онлайн дәріс алып, сол жаққа жұмысқа кетіп қалып жатыр. Көпшілігі шетелдік компанияларда онлайн жұмыс жасайды. Мұның тағы бір себебі елімізде мультипликаторларға төленетін қаржының аздығы деп айтар едім. Одан кейін тіл мәселесі бар. Өнерге ортақ болу үшін, тәжірибелі мамандардан үйрену үшін ағылшын тілін білу жеткіліксіз. Француз, неміс тілдерін де меңгеру керек. Өйткені Франция мультфильмдер шығарудан әлемде үшінші орында. Ал Германияда анимация саласы бірнеше университетте оқытылады.

Негізі қазақ анимациясының мәселелері көп. Солардың ең маңыздысы-техниканың жоқтығы. Америка мен Жапониядан әлдеқайда артта қалып жатқанымыздың бір себебі де осы. Қажетті құрал тапшы болса, істің де өнімсіз әрі сапасыз болатынын ескеру керек. Осы салаға жеткілікті түрде қаржы бөлінсе, оның жемісін көп ұзамай жей алар ма едік?!

DreamWorks Animation SKG6 Studio Ghibli6 Pixar Animation Studios6 Walt Disney Animation Studios секілді әлемнің үздік анимациялық студияларының тәжірибелерін үлгі етіп, солар жүрген жолмен жүрсек, біз де өз менталитетімізге сай сапалы дүниелер санын көбейте аламыз деп ойлаймын. Қазіргі таңда бірқатар шетелдік мультфильмдер қазақ тілінде дыбысталып жүр. Одан бөлек, балалар мен жасөспірімдерге арналған американдық Nickelodeon телеарнасының қазақша дыбысталуы да мен үшін жақсы жаңалық болды. Мультфильмнің тәрбие құралы екенін ескерсек, отандық болсын, шетелдік болсын барлық мультфильмдердің ана тілімізде көбірек көрсетілуін қолға алғанымыз дұрыс деп санаймын.

-Әңгімеңізге рақмет!