Сұқбат

Жас режиссер-аниматор : «Қазақ анимациясы әлі де өз келбетін іздеп жүр»

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Қазақстанда мультипликация, анимация саласына қызығатын жастар саны артқан. Сәйкесінше отандық анимацияның болашағын жасайтын студиялар да көбейіп келеді. Осы орайда «Orda animation» студиясының жас режиссер-аниматоры Дидар Нурлаевтан өз саласының қыр-сыры туралы сұраған едік. 

- Өзіңіз туралы айтып беріңізші.

Мен анимацияға кездейсоқ келдім. Бастапқыда кескіндеме мамандығына барғым келген. Мен оқуға түскен жылы «Анимация» мамандығы ашылды. Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында аниматор мамандығы бойынша білім алдым. Бала кезімнен мультфильмдерді көріп, сурет салуды ұнататынмын. Сондықтан осы саланы таңдап, неге байқап көрмеске деген ой келді. Бұл өнердің қиындығы көп болғанымен, мен оны тәжірибе жинау үшін берілетін мүмкіндік деп қараймын. Адам қиындық көрмей дамымайды ғой. Қандай маман болсаң да бір сүрініп тұратының анық. Қазіргі таңда «Orda animation» студиясында режиссер-аниматор болып жұмыс жасаймын. Ең бастысы, мен өз ісімді жақсы көремін.

- Қандай анимациялық жобаларда жұмыс жасадыңыз? 

2018 жылдан бастап анимациялық жобаларда жұмыс жасап келемін. Balapan телеарнасындағы «Дара тұлға» оқу-танымдық анимациясы мен «Сәби» мультсериалы сияқты отандық жобаларды дайындауға қатыстым.

«Сәби» мультсериалынан алынған кадр

«Dara tulǵa» жобасынан алынған кадр

- Анимациялық мультфильмде режиссер не істейді? 

«Режиссер -  оркестрдегі дирижер сияқты» дейді ғой. Яғни, бәрі режиссердің бойынан өтеді.  Мультфильмнің жасалу барысындағы барлық аспектілерге жауап береді. Сценарий бойынша жасалуын, әрбір детальдар мен суреттердің сапасын қадағалайды. Ойдан шығарылған компьютердегі көркем образдармен жұмыс жасайды. Кинорежиссерге қарағанда анимациялық режиссерде еркіндік бар.

- Мультфильмді жасау кезеңі туралы айтып беріңізші.

Алдымен мультфильмнің тақырыбы таңдалады. Сосын командамен бірге идеясы талқыланады. Одан соң мақсатты аудиторияны, стиль, қандай техниканы қолданатынымызды анықтап аламыз. Әрі қарай бәрі сценарий дайын болған соң, сценарийдің диалогтары құрылады. Сурет салу арқылы кейіпкердің образдары жасалынады. Яғни кейіпкерлердің мінезіне, түріне қарай суреттер салынады. Сценарий бойынша барлық детальдар образ жасау кезінде салына береді. Мұнда түске, бояуға қатты мән береміз. Өйткені жақсы мінезді кейіпкердің суретін салғанда ашық түстерді қолдануға тырысамыз.

- Мультфильм жасау үшін қандай мамандар қажет? 

Мультфильмді жасау кезінде көп суретшілер жұмыс жасайды. Режиссер және қимылды жасайтын аниматор мамандары қажет. Сосын салынған барлық суреттерді жинап, монтаждайтын мамандар да бар. Ал актер мамандары мультфильмді дыбыстау үшін керек болады.

- Анимациялық фильмде дауысты дұрыс таңдау қаншалықты маңызды?

Анимациядағы дауыс ең маңызды аспектілердің бірі. Жобаның жалпы әсерлі болуы осыған байланысты. Өйткені кейіпкерді қанша жақсы, тартымды етіп салсаң да жақсы дауыссыз ол аяқталған жұмыс болып саналмайды. Дауыс кейіпкердің характерінің толық ашылуына әсер етеді.

- Қазіргі таңда қандай мультфильм жасап жатырсыз?

Қазір «Orda animation» студиясында командамен бірге балаларға арналған «Оның аты Айбар» анимациялық сериалын түсіріп жатырмыз. Ондағы басты кейіпкерлер күнін балабақшада өткізетін 3-4 жастағы балалар. Мультсериалдың сюжеті бала кездегі күнделікті басымыздан өтетін жағдайларға негізделген.

"Оның аты Айбар" мультсериалының дайындалу процесі

- «Оның аты Айбар» мультсериалының идеясы қайдан туды?  

Біз командамен бірге Қазақстан нарығына арналған ерекше туынды жасап шығарғымыз келді. Біраз ойланып, түрлі идеяларды талқылай келе кішкентай қасқыр бала туралы мультсериал түсіру идеясы пайда болды. Өз кәсібіміздегі алғашқы жұмыстардың бірі болғандықтан бізді үлкен сынақ күтіп тұр. Бұл бір жағынан біз үшін тәжірибе болмақ. Өйткені біз әдеттегіден тыс жаңа стильге қол жеткізу үшін әртүрлі 3D және 2D әдістерін біріктіреміз.

- Неге қасқыр?

Қасқырды таңдаудағы басты себебіміз, зұлым сұр қасқыр стереотипін жойғымыз келді. Мультсериалдағы Айбар қателессе де, содан сабақ алатын бала. Айбардың мінезі жұмсақ, мейірімді әрі жігерлі.

"Оның аты Айбар" мультсериалы

- Әлем халықтарының ертегілері қиялға қаншалықты азық болады?

Ертедегі халық аңыз-әңгімелері, ертегілері мен нақыл сөздері даналық пен шабытқа толы. Сол еңбектерге сүйене отырып, қызықты сюжеттер ойлап табуға болады. Негізінде ертегілер қиялды дамытудың ең бай көзі саналады. Эмоционалдық күйді реттеуге көмектеседі.

- Жұмыс кезінде түрлі идеяның, креативтердің туындауына не нәрсе әсер етеді немесе күш береді? 

Ойлау жүйесі ерекше шығармашылық адамдармен бірге жұмыс істегенде, шығармашылық идеялар өздігінен пайда болады. Тек бойыңа келген идеяның бәрін жазып алу керек. Ойлағаныңды кейін ұмытып қалуың мүмкін. Оқыған кітаптарыңыз, көрген фильмдеріңіз немесе айналаңызда болып жатқан түрлі жағдайлар идеяның туындауына себепші болуы мүмкін. Ең бастысы, бір нәрсеге ғана байланып қалмай өзіңізді шектемеуіңіз керек. Сонда идеялар да келеді.

- Қазақ анимациясының келбеті деп қай кейіпкерді айтар едіңіз?

Қазақ анимациясы дегенде барлығының ойына алдымен Әмен Қайдаровтың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі келеді. Қанша жыл өтсе де бұл туынды әлі де сырын, бағасын жоғалтқан жоқ. Дегенмен еліміздің ұлттық мәдени мұрасына қарамастан қазақ анимациясы әлі де өз келбетін іздеп жүр деп ойлаймын. Сол үшін біз өзгеше образдар жасауға талпынамыз. Отандық анимациямен тек елімізді ғана емес, әлемді де таңқалдырғымыз келеді. 

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Ғайнижамал Арыстанбек