Сұқбат

Қазақтар IT компания құра алмайды деген шеңберді бұзғымыз келеді – Айбек Қуатбай

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Заман талабы мен адамдардың қажеттіліктері IT саласының дамуына әсер етіп жатыр. Уақыт өткен сайын бұл сала әлем елдерінде ғана емес, Қазақтанда да қарыштап дамып келеді. IT саласының еліміздегі жай-күйі қалай? IT мамандар болашақта адамның өмірін тағы қаншалықты жеңілдетеді? Бүгінгі материалда осы секілді сұрақтарға жауап таба аласыз. Назарларыңызға Bugin Holding компаниясының негізін қалаушы Айбек Қуатбаймен болған сұхбатты ұсынамыз.

– Қазақстандағы IT саласы қандай деңгейде? Сіз бастаған кез бен қазіргі кезді салыстырмалы түрде айтып өтсеңіз.

– Қазақстандағы IT саласының бүгінгі деңгейін салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 20 жыл бұрынғы кезден біршама алға ілгерілеушілікті байқауға болады. Бірақ бұл – заман талабы екенін ескеруіміз керек. Қазір тек Қазақстанда емес, бүкіл әлемде IT дамып жатыр.

Біле білсеңіздер, Қазақстанда кең дала бар, ал кең далада өскен адамда абстрактілі ойлау жақсы дамиды. Сәйкесінше абстрактілі ойлайтын адам математиканы жақсы түсініп, сандармен дос болады. Ал математиканы меңгерген адамға IT мамандығын игеру оңайға түседі. Сондықтан бізде IT мамандығын игеру ықтималдылығы басқалардан жоғары. Менің ойымша, бізде IT-ді дамыта беру керек, әлі де ашылмаған потенциал көп.

– IT бойынша мектеп түлектеріне бөлініп жатқан гранттар саны көп. Сәйкесінше оқушылардың да осы салаға қызығушылығы артып жатыр. Бұл сала қазір неліктен сұранысқа ие деп ойлайсыз?

– IT заман талабы болғаннан кейін, оған гранттар көптеп бөлініп жатыр. Бірақ біз бір нәрсені түсінуіміз керек: бұл саланы оқыған мамандардың барлығы осы мамандық бойынша жұмыс істей ме, істеп жатыр ма? Егер істемей жатса, оның себебі неде екенін зерттеуіміз керек. Менің ойымша, әзірге саны бар, сапасы жоқ мамандар көбейіп жатқандай.

– IT саласын қалай, не себепті таңдадыңыз? Практикаңызбен бөліссеңіз. 10 жыл ішінде осы салада немен айналыстыңыз?

– Маған ойындар жазу, есептер шығару, үлкен жобалар жазу қызық болды. Сол себепті IT саласын таңдадым деп айта аламын. Оған қосымша кез келген адамда үлгі тұтатын тұлғасы болады ғой. Сол кезде менің кумирім – Стив Джобс еді. Сол кісіге, Apple компаниясына қызығып, осы салаға қадам бастым.

Осы уақытқа дейін әртүрлі жобалармен айналыстық. Мысалыға, сайт жасайтын компаниямыз болды. Жаңалықтар сайтымыз бар. Балаларға арналған ертегілер жасап, соны мобильді қосымша арқылы ата-аналарға ұсынамыз. Сонымен қатар балаларды оқытуға арналған толыққанды экожүйе жасап шықтық. Пандемия кезінде бұл жобаларымызда айтарлықтай өсім болды және бір кездегі біздің басымызда ғана жүрген идеялар бізді, жобаны осы компанияны жасаған адамдар ретінде Қазақстандағы IT нарықта біршама танымал етті.

– Өткен айда «Қазақ жастары құрған компания 2,4 миллион доллар инвестиция әкелді» деген тақырып әлеуметтік желі мен отандық БАҚ-ты дүр сілкіндірген болатын. Компания бұл жетістікке қалай жетті?

– 2,4 миллион доллар туралы жарияламай-ақ жұмыс істей беруге болушы еді. Бұл ақпаратты жариялаудағы бірінші мақсат – адамдардың санасындағы «қазақтар IT компания құра алмайды» деген шеңберді (рамканы) бұзу. Екінші – бізде компания құрған жағдайда ондай үлкен миллиондаған доллар табатын компанияға айналмайды деген түсінік бар. Сол түсініктерді, таптаурындарды жойғымыз келді. Сонымен қатар ауылдан шыққан қазақтың балаларына жол көрсетуді қаладық. Бұл жетістікке жетудің – сыры біріншіден, команда, екіншіден, біздің шешіп жатқан проблемамыз, үшіншіден, біздің еңбегімізде.

– IT саласы, IT мамандар болашақта адамның өмірін тағы қаншалықты және қалай жеңілдетеді деп ойлайсыз?

– IT саласы, IT мамандар кез келген салада бірінші, автоматтандыру, екінші, цифрландырумен айналысады. Түсінуіміз керек, олар жасаған жобалар көп жұмыстарды адамның қатысуынсыз жасайтындығымен ерекшеленеді. Бұдан адамзаттың жұмыстары жеңілдегенімен, үлкен жұмыссыздықтың болу қаупі бар. Сондықтан адамдар жұмыссыз қалмау үшін барынша бәсекеге қабілетті мамандар болуы қажет. Қазір немен айналысып жатыр, соны одан да жоғары деңгейде меңгергені дұрыс.

– Қарапайым халық IT маманы десе компьютер жөндейтін, программа орнататын адамдарды елестетеді. Жалпы IT маманы немен айналысады, олардың міндеттері қандай? IT саласы өз ішінен қандай түрлерге бөлінеді?

– Мысалы, медицина – ескі мамандық. Ол қаншама салаға бөлініп кеткен: кардиолог, стоматолог, невропатолог деген секілді. Сол сияқты IT-ді де жіліктесең, қаншама салаға бөлінеді. Нақты қанша саланың бар екенін білмеймін. Бірақ веб-сайттар саласы, күрделі приложениелер, мобильді қосымшалар, ауыл-шаруашылық саласындағы IT деген секілді түрлері бар. Жалпы өмірде қанша сала бар, соның бәріне IT-ді қолдануға болады. Сондықтан IT мамандары кез келген салада IT қосымша жасаумен айналысады. Тағы да атап өткім келеді, IT саласының адамзатқа тигізер пайдасы – автоматтандыру және жұмысты барынша оңтайландырып, жеңілдету.

– IT сферасын таңдаймын дейтін жастарға қандай кеңес бересіз? Олар қазірден бастап немен айналысуы керек?

– Кез келген жастарға айтарым, ең алдымен, көп еңбектену керек. Табыс пен тәжірибе адамға аспаннан түсе салмайды. «Еңбек, еңбек бәрін жеңбек». Екіншіден, әлем талаптарына сай болу үшін ағылшын тілін меңгеру маңызды. Үшіншіден, IT маманы болу үшін математикасы онсызда жақсы болу қажет. Дегенмен математика жағынан деңгей көтеру үшін де әркез жұмыс істеген дұрыс. Одан соң шетелге жиі шығып, шетелдік азаматтармен, IT сферасының мамандарымен көбірек араласу маңызды болмақ.

Сұхбаттасқан: Ақмарал БЕРЕКЕТ