Bugin

Қазіргі таңдағы қыш-құмыра өнерінің жасалу технологиясы

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

ХІХ-ХХ ғғ. Орта Азияның қыш-құмыралары орыстардың фабрикалық фарфорларына қарсы тұра алмады.  Қазіргі таңның өзінде Орта Азия мемлекеттерінде ресейлік және қытайлық ыдыстар алдыңғы орында тұр. Қытай, Россия, Европалардың фарфорларын қазіргі таңда бай шенеуніктердің сөрелерінде көптеп кездестіруге болады. Ал, Қазақстан территориясында қыш ыдыстар қазіргі таңда тек сәндік қолданбалы өнер ретінде қалып қойды.

Көне замандағы танымал керамиканың көптеген техникасының қыр-сырын қазіргі таңда пайдаланып, дәстүрді жалғастыруда. Саз балшықты өңдеу өнерінің тез дамуына байланысты, осы уақытқа дейін олардың түрлі әдістері жасалынуда. Бірақ соған қарамастан қазіргі таңдағы құмырашылар сол көне шеберлердің дәстүрін жалғастырып келеді, олар осы күнге дейін саз балшықтан жасалынған ыдыстарды баяғыша, көбінесе қолмен пішінге келтіреді. Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстанда қолөнер шеберлері жетерлік. Солардың ішінде құмыра өнерімен айналысатын шеберлеріміз, жас буынды құмыра шеберлері де баршылық.  

Ежелдегі халық тұрмысының, соның ішінде керамика өнерінің тарихын, рухани мұрасын, материалдық мұрасын зерттеуде акдемик М.Е. Массонның, профессор С.П. Толстовтың, М.П. Грязновтың, С.С. Черниковтың, Л.М. Левинаның, А.Х. Марғұлан, А.Г. Максимова, Е.И. Агеева, Г.И. Пацевич, Т.Н. Сенигова, К.А. Акишев, М.К. Қыдырбаев, Х.А. Алпысбаев, Б. Нұрмағамбетов, К.М. Байпақов, Л.Б. Ерзакович, Р.З. Бурнашева, М.С. Мершиев, А. К. Акишев, Ж.К. Таймагамбетов, Ж.К. Құрманқұлов, Е.А. Смағұлов, З. Самашев, Т.В. Савельева, А.Н. Марьяшев, Б.А. Байтанаев және т.б еліміздің көптеген бетке ұстар археологтарының еңбектері ауыз толтырып айтарлықтай құндылық болып табылады. Ал, бүгінгі таңда ертеректегі керамика өнерінің көркемдік ерекшеліктерін археологтар, өнертанушылар, суретшілер зерттеуде, сонымен қатар қазіргі таңда сол керамика өнерінің дәстүрін бүкіл әлемде жалғастырылып олардың басым көпшілігі қазіргі таңда, сәндік қолданбалы өнер туындысы немесе сыйлық ретінде пайдаланып, сондай-ақ тұрғын үйлердің немесе қоғамдық ғимараттардың бөлмелерін, қала көшелерін көріктендіріп тұр. Қазіргі таңда, осындай керамика өнерін дәстүрлі түрде жалғастырып, халыққа насихаттап жүрген құмыра өнерінің шеберлері баршылық. Солардың бірі Қарабдалов Кендебай Әбжаппарұлы келешек ұрпақтың  бұл өнерді игеріп әрі қарай жалғастыруына, барынша мүмкіндік туғызуына ат салысуда. Солармен қатар, қазақ халқының қолөнерін шет мемлекеттерге насихаттап, елдің жаханға танылуына өзінің аз да болса үлесін қосып жүр. Бұл дәстүрлер тек, Қазақстан ғана емес, сонымен қатар Өзбекстан, Иран, Қытай, Россия және т.б мемлекеттерде де жалғасын табуда.  

Кендебай 1978 жылдан бастап көне Отырардың дәстүрлі құмырашылық өнерінің технологиясы мен дәстүрін қалпына келтірумен айналысады. Кендебай қол-өнер шебері ұлдары Ерболат пен Шынболатты шәкірт етіп тәрбиелеп керамика өнерінің шебері етуде. Өйткені, бүгінгі буын қыш құмыраларды, оның сынықтарын археологтардың қазба дүниелері мен мұражай сөрелерінен ғана көріп, тамашалауда. Өкініштісі, қасиетті құмыра жасау өнері кейіннен ұмытылды. Қазір Оңтүстікте саусақпен санарлық қана шеберлер бар. 

Оңтүстік Қазақстан обылысындағы қыш-құмыра өнері шеберлерінің бірі Қарабдалов Кендебай және оның шәкірттерімен бірге шебердің қыш-құмыра жасау техникасы мен технологиясы бойынша құмыраның жасалу жолдарын ұсынамыз. Қазіргі замандағы қыш-құмыра саз балшықтарын дайындау және оларды жасау жолдарын біз үлкен 6 кезеңге бөліп қарастырамыз:  

І - кезең – қыш-құмыра шикізатын дайындау кезеңі – Шебер Отырар ауданының тұрғыны болғандықтан ол қажетті топырақты Отырар ауданындағы Арыс өзені бойынан алдыртады. Арнайы қазып жиналған топырақ жаңбыр-судың немесе қардың астында, яғни табиғи құбылыстардың әсерінде екі-үш жылдай жатады. Шебердің айтуынша мұндай саз балшықтар анағұрлым майысқақ келіп, құмыраның жақсы шығуына бірден бір септігін тигізетінін айтты.  Шебер – қажетті топырақтың бөлігін көлікпен шеберхананың бастырмасына жеткізіп, топырақ арнайы науаға салынып қойылады.   

ІІ - кезең – Шебер топырақты ұсақтап електен өткізе бастайды. Електен өткен қажетті мөлшердегі топыраққа біртіндеп су құя отырып аяқпен немесе қолмен илеп, саз балшықты мата қапшыққа салып іліп қояды. Мұның себебі, сүзілген саздың құрамындағы құм ажыратып алынуы тиіс. Құмның саздан ажыратылуының себебі, шеберлердің айтуынша құмыраны пішімге келтіру барысында құрамында құмы бар балшықтың әсерінен саусақтың ойылып кететіндігімен түсіндірді. Құрамында құмы ажыратылып иленген саз балшық – арнайы жайманың үстіне бөлшектеп сала отырып саздың көлеміне қарай қолмен немесе аяқтың көмегімен кезектей басып иленеді. Сазды илеу барысында заманауи дайын темір тотығын қажетті мөлшерде біртіндеп қоса отырып шебер сазды илеуін жалғастырады. Осы жерде айтып кететін жайт темір тотығы құмыраны күйдіру барысында шеберге белгілі бір қажетті түсті береді. Сонымен қатар, шебер саз балшықтың құрамына қоға, мақта, қамыстың үпілін қоса отырып сабын қалпына келгенше илеуін жалғастырады. Негізінен сазды илеу барысы оның көлеміне қарай бекітіледі, олар екі сағаттан жоғары немесе бір-екі күн иленеді. Осыдан әбден иленген саз балшық арнайы ыдысқа немесе қалтаға салынып ауа кірмейтіндей етіп қымталып екі күндей сақталады. Мұның бір себебі саз құрамына қосылған үпілдер жібуі қажет. 

ІІI-кезең – дайын болған шикі затты, яғни саз балшықты алып пішімге келтіре бастайды. Осыдан соң пішімге келтірілген құмыралар шеберхана бөлмесінде бір қалыпты бөлме температурасында 2-3 сағаттай кептіріліп, бұдан соң қыш-ыдыстың бетіне штампты немесе тырнап сызу арқылы ою-өрнектер орындалады. Осыдан соң аталмыш құмыралар бөлме ішінде үш-төрт күн шамасында кептіріледі. Кейіннен ағарып кепкен қыш-ыдыстардың арасында өрнектер анық түспей немесе сызылмай қалған болса оларды қырып сызу тәсілімен толықтыру барысы басталады.  

IV-кезең – өрнектелген шикі қыш-ыдыстарды арнайы қыш-құмыра күйдіретін пешке орналастыру болып табылады. Ыдыстар ереже тәртіп бойынша орналастырылады. Біріншіден пештің төменгі жағына көлемі үлкен ыдыстар қатарлана қойылады, содан соң, ол үлкен көлемдегі құмыралардың ішіне көлемі майда немесе шағын құмыраларды арнайы тіреуіш төсеніштерге қойып орналастырылады. Осыдан соң пештің жоғарыдағы түтін шығатын тесігі, яғни мұржасы қалдырылып, пештің айналасы кірпіштермен қаланып, сыртынан сыланып бекітіледі. Осыдан кейін қыш-құмыраларды күйдіру барысы басталады. Күйдіру барысы бізбен бесінші кезеңге жатқызылып отыр.  

V-ші кезең – құмыраларға толы пештің астына алдымен жеңіл-желпі шөп-шалаң, қамыс, ағаш бұтақтарын жаға бастаймыз, яғни пешті біртіндеп қыздыра бастаймыз. Осы арада айтып кетер жайт: шебердің айтуынша егер де пештің астын бірден қатты жағатын болса, ол керамикалардың қирауына әкеп соғады. Осылайша екі сағаттай жеңіл желпі қыздыра отырып, екі сағаттан соң қатты ағаштарды біртіндеп сала бастайды. Олар жиде ағашы, тораңқыл және т.б жеміс ағаштары болып табылады. Керамика күйдіру барысы отты жаққаннан бастап бекітіледі, осылайша 7-8 сағаттай үзбей жағылады. Қыш-ыдыстардың күю процестері пештегі орнатылған арнайы шыны көз арқылы әрдайым бақыланып отырады. Пештің ішіндегі құмыралар күю температурасына байланысты бірнеше түстерге ауысып отырады.  Олар қара күйе түстен басталып, ақшыл қоңыр түспен аяқталады. Яғни ең соңғы түс ақшыл қоңыр түс. Кейбір кездері қыш-құмыралардың арасында жасыл түске ие ыдыстар да кездеседі, бұл 950 градустан жоғары температурада күйдірілген қыш жасыл түске айналып балқып кетеді.  Дегенмен айта кететін жайт, пештегі біріңғай күйдірілген құмыралардың түстері әрқашанда бір түске ие болады. Пештегі 7-8 сағат жағылған от, ыдыстар белгілі бір қажетті түске ие болғанда пештің оттығы бірден оттан немесе шоқтан тазартылып, артынша пештің мұржасы мен оттық ауызы сыланып бекітіледі. Бекітілген пеш 48 сағат немесе екі күн суытылады.  

VІ-кезеңде – пештен суытылып алынған қыш-ыдыстардың сырты күю барысында болған күл немесе шаң тозаңдардан біртіндеп салқын сумен жуу арқылы тазартылады. Осымен сәндік керамика бұйымы дайын. 

Қыш-құмыра шебері Қарабдаловтар сондай-ақ, шыңылтырлы бұйымдарды тәжірибе жүзінде жасаған. Бұл, тұрғыда құмыра шеберлері өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Шыңылтырлы ыдыстардың шикі заты немесе пішімге келтіру, күйдіру барысы дәл жоғарыда аталып өткеніміздей. Осыдан күйген дайын өнімге шыңылтырлы түрлі-түсті бояулар жағылады. Керамиканың бояуын қазіргі таңдағы дайын кәдімгі ұнтақ секілді, құрамында шыңылтыры аралас түрлі-түсті бояуларды қолданады. Бұл ұнтақтар арнайы сұйықтыққа араластырылып ыдыс бетіне жағылады, яғыни белгілі бір ою-өрнектер орындалады. Шыңылтыр жағылған ыдыстар бірқалыпты бөлме температурасында кептіріліп, пешке орналастырылады. Шыңылтырлы қыш-ыдыстардың күйдіру процестері жоғарыда аталған шыңылтырсыз керамикаларға қарағанда басқаша болады. Мысалы шыңылтырлы керамикалар жеңіл желпі жөп-шалан немесе ағаш бұталарын 3-4 сағатқа дейін жаға отырып, шыңылтыр беті жайылғанша бақыланып отырады. Осыдан соң пештегі отындар немесе шоқтар оттықтан бірден тазаланып, баяғыша мұржа мен оттық бекітіліп пеш 10 сағатқа дейін суытылады. 

Шеберлердің айтуынша қазіргі таңда сауда қатарларындағы арзан шыңылтырлар өте сапасыз болып келген, осының нәтижесінде олардың қыш-ыдыстарындағы шыңылтыр сапасы да өте төмен болған. Ал, сапасы жақсы шыңылтырлар өте қымбат. Осының нәтижесінде шеберлер шыңылтырлы бұйымдарды жергілікті сауда қатарларына шығармай және айналыспай отыр. Сондай-ақ өкімет тарапынан жергілікті қолөнер шеберлеріне қолдаудың болмай отырғаны бірден-бір себеп.  

Қазіргі таңда Қазақстандағы керамика өнерін көршілес Қытай, Иран, Тайван, Малазия, Ресей елдерімен салыстыратын болсақ айырмашылықтар көкпен жердей. Дегенменде фарфордан жасалған қол-өнер бұйымдары Қазақстанда сирек кездеседі. Фарформен Г.Досмағамбетов («Қазақтың ұлттық спорттық ойындары» сүйек фарфор, глазурлі, қолжазба 2000, «Петроглифтер») Б.Алишев және т.б айналысқан. Керамика өнерінің жасалу жолдары, тарихы қызықтырған Оңтүстіктің шеберлері бүгінгі күні өзінің өзегі талмай еңбектерінің арқасында біраз жетістіктерге жетіп жүр. Көршілес елдерде қазіргі таңда керамика өнері кәсіпкерлікке айналған. Мысалы Ресейдің қазіргі таңдағы сәндік керамика бұйымдарын, яғни шыңылтырлы қыш-ыдыстары өте жоғары сапалы шыңылтырмен қапталынған. Шыңылтырлы бұйыдардағы ою-өрнектерді арнайы суретшілер орындаған. Ыдыстарды көркемдеу барысында түрлі құрал-жабдықтар қолданылған. Олар түрлі көлемдегі қыл қаламдар, үш аяқты төсеніштер және үшкір, өткір заттар.  

Сондай-ақ, көршілес Өзбекстанның қыштан жасалынған леген, кесе, шәйнек және т.б заттарын кәзіргі күнге дейін сауда орындарынан кездестіруге болады. Олардың басым көпшілігінің ою-өрнектері трафарет арқылы түсірілгені айдан анық көрініп тұр және керамика, шыңылтыр сапасы өте төмен, жиі шытынағыш. Бұл ыдыстар әлі күнге дейін Қазақстан территориясындағы қарапайм адамдардың арасында қолданысқа ие. Қыш ыдыстардағы бояулар сия көк-сары-жасыл-қоңыр түстер.  

Осымен біз қазіргі замандағы қыш-құмыра өнерінің жасалу технологиясы мен техникасын сипаттай отырып байқағанымыздай керамика өндірісінің ертеректегі жасалу жолдары сақталғандығын байқаймыз. Атап айтар болсақ қыш-бұйымдардың шебер шеңберінде қолмен пішімге келтіру барысы, оны өрнектеу тәсілі, саз балшықтың құрамы мен дайындау жолдары сақталған. Сонымен қатар пештердің құрылымы немесе оның ішіндегі бұйымдарды орналастыру, күйдіру температуралары немесе жолдары, пештің құрал-саймандары баяғыша пішімді сақтаған. Жалпы қазіргі таңдағы құмыра өнерінің айырмашылықтары құрал-саймандардың, шыңылтырлардың (глазурь) заманауи дамып кетуі. Қолөнершілердің айтуынша керамика – бұл қолданбалы өнердің ең күрделі саласы, оның әрбір бөлшегін, құрамын, қиюласқан қимылын шебер сезіне білуі тиіс. Бірақ, ең құндылығы адамның қолынан туындаған бұйым кез келген уақытта көңіліңді жайдарландырып және жылы лебізге толтырып, адамның рухани өмірін өмірдің ерекше бөлігіне бөлеген. 

Бүгінгі таңда келешек ұрпаққа өткен ата-бабаларымыздың бізге аманат етіп қалдырып кеткен, еліміздің рухани-мәдени мұра байлығымызды қайта жандандырып өскелең ұрпаққа дәріптеуіміз қажет. Керамика өнері – өзінің атына заты сай бұл халқымыздың ұлттық мәдени мұрасының дәстүрлі көріністерінің келбеті. Еліміздің сан ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан дәстүріміздің өркендеуіне қосып отырған үлесі мол. Сол себептен үлестің молая түсуіне де жағдай жасалуын қажет етеді. 

Сулейменова Жанна 

«Шым қала» тарихи-мәдени кешені» КММ-ң 

Қорларды ғылыми зерттеушілік қамтамасыз ету бөлімінің  

аға ғылыми қызметкері