Bugin

Путин биліктен кете ме?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Ресейлік депутаттар Путинді лауазымынан айыруды ашық талап ете бастады. Бірақ әзірге мұндай бастаманы соған құзыры бар ГосДума емес, өңірлік депутаттар көтеруде. Бұл туралы Bugin.kz порталы inbusiness.kz ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Кеше Мәскеу мен Петербордың 18 округының муниципалдық депутаттары Ресей президенті Владимир Путинді отставкаға кетуге шақырды.

Өз әріптестерінің тиісті үндеуін Санкт-Петербургтың Семенов округінің мундепі Ксения Торстрем жария етті.

«Біз, Ресейдің муниципалдық депутаттары, президент В.В.Путиннің әрекеттері Ресейдің және оның азаматтарының болашағына зиян-залал келтіріп жатыр деп санаймыз», – делінген көршінің қос астанасы депутаттарының үндеуінде.

Осының алдында, өткен аптада Петербордың Смольнинское муниципалдық бірлестігінің кеңесі де ГосДума депутаттарына өтінішпен жүгініп, Владимир Путинді «Отанға опасыздық жасағаны үшін лауазымынан айыруды» сұрады. Бұл шешімді жақтап, 7 депутатов (Балтруков, Киселева, Кузнецова, Палюга, Полуйков, Чеботарь, Юферев) дауыс берген. Қалған үшеуі (Мишкинис, Захаров, Серая) қарсы болмаған, тек қалыс қалды.

Депутаттардың шешімі мен үндеуін муниципалдық депутат Дмитрий Палюга Твиттерге орналастырды. Мәтін әлі тұр.

Өз кезегінде тағы бір депутат Радислав Полуйков журналистерге сұхбатында МемДума депутаттарынан батылдық күтпейтінін, дегенмен басты мақсат – олардың пропагандамен уланған санасына күмән дәнін егу болғанын жеткізді.

«Жергілікті жерлерде арнайы әскери операцияны қолдамайтын билік өкілдері жетерлік. Егер Мәскеуде, федералдық биліктің шешім қабылдау сатыларында отырғандардың санасына күмән дәнін себе алсақ, олар кенет оянып, өз басымен, басқаша ойлай бастаса, олар міндетті түрде елдің қандай ауыр жағдайға жеткенін түсінер еді. Сөйтіп, міндетті түрде Президентке мемлекетке опасыздық жасаған деген айып тағар еді. Біздің пікірімізше, қазіргі масқара жағдайда соның көріністері бар. Ресейдің қандай сорақылық жасап отырғанын әлем көріп отыр. Біздің үнімізге билік құлақ асады дегенге сене қоймаймыз. Бірақ біз Ресейде депутаттардың барлығы бірдей соғысты қолдамайтынын халық білгені жөн деп санаймыз», – деді ресейлік депутат Радислав Полуйков.

Саясат ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы Аббас Галлямов та жергілікті депутаттардың бастамасы жүзеге аса қоятынына сенбейді.

«Бірақ бұл мәлімдемелердің маңызы бар: ол ескі жүйенің әлсірей бастағанын, мемлекеттік машинаның болттары жан-жаққа шашылып, ұшып жатқанын көрсетеді. Осыны көрген соғысқа қарсы азаматтар бас көтеріп, батылырақ сөйлеп, Мәскеуді ашық сынай бастауы мүмкін. Түптің түбінде шіріген ескі жүйе күйреп, тарихқа кетеді, ел жаңарады деген үміт бар. Сондай-ақ билік өкілдері, соның ішінде депутаттар да қазіргі биліктен тезірек іргесін аулақ салып, жаңа Ресейді құру кезінде билік басында қалудың қамын жасап жатқаны аңғарылады. Жүйе біртіндеп қирай бастады, олар соның үйіндісінің астында қалғысы келмейді», – деді Аббас Галлямов.

Ресей Сенатының – РФ федералдық жиынының Федерация кеңесінің сайтында РФ президентін қызметінен кетіру тетігі туралы ақпарат жарияланған: "Отрешение президента Российской Федерации от должности" деп аталады.

Онда айтылғандай, РФ Конституциясының 93-бабына сәйкес, тек ГосДума мемлекетке опасыздық жасағаны немесе РФ жоғарғы сотының және РФ Конституциялық сотының қорытындыларымен расталған басқа ауыр қылмыс жасағаны үшін айыптаса ғана РФ президенті қызметінен кетуі мүмкін. Бұл шешімді Федерация кеңесі қолдауы шарт. ГосДуманың және Сенаттың президентті қызметінен кетіру (импичмент) туралы айыптауы мен шешімін палаталар депутаттарының жалпы санының кем дегенде үштен екісі қолдауға тиіс.

Осы түсініктемеде көрсетілгендей, РФ президентіне айып тағып, оны орнынан кетіру бастамасын ГосДума депутаттарының үштен бірі құптап, қолдарын қоюы талап етіледі.

Яғни, сарапшылар МемДумада Путиннің Единая Россия партиясы басымдыққа ие екенін ескеріп, әзірге оған импичмент жарияламақ түгіл, ондай бастаманы енгізу де күрделі екенін білдірді.