Bugin

Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына орай Қазақстан Каирдегі мешітті қалпына келтіруге үлес қоспақ

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әл-Азһар» университетінің жоғарғы имамы Ахмад ат-Тайебпен кездесті. Бұл туралы Bugin.kz порталы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Мемлекет басшысы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басқосуына орай жолдаған шақыруын қабыл алғаны үшін шейх Ахмад ат-Тайебке ризашылық білдірді.

«Біз өзіңіз басқаратын «Әл-Азһар» университетін ортақ дініміз – ислам құндылықтарын дәріптеуші «шамшырақ» ретінде қарастырамыз. Сондықтан толеранттық пен ұстамдылықты, сабырлық пен мейірімділікті ту еткен орталық ғұламаларының бүгінгі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының басқосуына қатысуы біз үшін өте маңызды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мәртебелі мейманға ислам білімінің ордасы және діни экстремизмге қарсы іс-қимыл орталығы саналатын «Әл-Азһар» университетінде қазақстандық студенттердің білім алуына жасалған жағдайды жоғары бағалайтынын жеткізді.

Сонымен қатар «Әл-Азһардың» Қазақстанда ислам білімі мен зерттеулерінің дамуына қомақты үлес қосып отырғанын ерекше атап өтті.

Келесі жылы сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл толады. Мемлекет басшысы аталған мерейтойға дайындық аясында Қазақстан тарапы Каирдегі сұлтан Бейбарыс мешітін қайта жөндеуге айтарлықтай үлесін қосатынын айтты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Мысыр президенті Әбдел Фаттах ас-Сисиге ыстық ықыласқа толы сәлемін жолдады. «Әл-Азһардың» жоғарғы имамы Мемлекет басшысына Мысыр президентінің жүрекжарды сәлемін жеткізді.