Bugin

Көне Шымқала монеталары

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

«Шымкент қалашығын ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу арқылы ғылыми реставрациялау және музейлендіру» жобасы аясында 2017-2019 жылдарда жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде Шахристан, Цитадель аумағынан көне ғасырлардан сыр шертетін құнды материалдармен қоса  монеталардың да біраз бөлігі  табылды.

Монета - металдан (алтын, күміс, әр түрлі қорытпалар) жасалған ақша, айналыс және төлем құралы. Әрбір монетаның екі жақ бетінде елтаңба, мемлекеттік қайраткер, ұлы тұлғаның есімі, қаланың, мемлекеттің атауы, шекілген жылы, атауы көрсетіліп, құны бедерленіп жазылған. Монеталарды нумизматика  ғылымы зерттейді. Нумизматика – тиын соғу тарихын зерттейтін  ғылым. Онда тиындар, құйма ақша кесектері, т.б. ескерткіштер (тиын мөрлері, құжаттар) арқылы тиын соғу тарихы кеңінен зерделенеді. 

Ақшаны соғу және оны айналымға енгізу ісі ерте кезден бастау алады. Ежелгі көшпенді қазақ  халқы мал, бағалы аң терілері, алтын, күміс кесектері, бағалы тауарларды тауар айналымы ретінде пайдаланған. Отырықшы елдер мен көшпелілер арасындағы сауда-саттық қатынастары Ұлы Жібек жолы арқылы дамып отырды.

Қазақ  жерінде ақшаны жасау ісі Қарахан әулеті тұсында қарқынды өріс алды. Бәріміз білетіндей Қарахан әулеті ислам дінін мемлекеттік дін ретінде қабылдағаннан кейін ақша айналымындағы тиындардың атауы да «динар, дирхем, фулс» деген арабша атауға ие болды. Яғни Қыпшақ тайпасы жайлаған Дешті қыпшақ даласында күміс және мыс ақшаны қазіргі біз қолданып жүрген ақшаның атауымен атаған. Мәселен, алғашқысын танга (теңге), кейінгісін пул (пұл) деп атаған. Орта Азияның он алты қаласында шамамен 1260-1280 жылдардың өзінде-ақ, монета соғатын ірі сарайлар болған. Қазақстан аумағындағы сол кездегі қалалардың бірі Тараз, Жент, Кенже теңге сарайларын айтуға болады. Теңгелерде көбіне арыстан, сұңқар, балық суреттері бейнеленген. Түрлі геометриялық өрнектер, түрлі таңбалар, жыртқыш аңдар, аңшы бейнесі, ислам дінінің суннит ағымының белгілері соқтырылған. Кейбір дирхемдер мен пұлдарда шоқ жұлдыздардың бейнесі салынса, кейбірінде тотықұстың суреті салынған. Динар деп алтыннан соғылған тиынды айтатын болса, күміс тиынды дирхем деп атаған. Ал қазіргі біз айтып жүрген теңге атауы Алтын Орда кезеңінде қолданыла бастады. Жібек жолында дирхем мен динардан басқа, пени, манат, фулс, ділдә, жамбы сынды ақша атаулары да қолданыста болды.

Дәл Әмір-Темір заманында Алтын Ордалық хандардың атымен алғашқы тиындар соғыла бастады. Тиындарда хандарға қатысты «сұлтан», «ағзам» (ұлық) деген мұсылманданған атақтар мен сөз тіркестер пайда болды.

ХVІ ғасырдың  соңы – ХVІІ ғасырдың басында Қазақ хандарының атымен өндірілген мыс ақшалар болды. Бұл ақшалар  Қазақ хандығында сауданы дамыту,  халықтың  басын біріктіруде үлкен маңызға ие болды. Біздің өлкемізде тек өз ақшамыз ғана емес, сонымен бірге шетелдік «валюта» — фельстер де айналыста болды. Оларды аймаққа Орта Азияға VIII ғасырдың басында басып кірген арабтар әкелді. IX—XI ғасырларда күміске мыс қосылған дирхемдер басты айналыс құралы бола бастады.

Оңтүстік Қазақстанда XI ғасырда Қараханидтер билік орнатқаннан кейін аймақта гүлдену кезеңі басталды. Бұл ретте ақша алғашқы кезде ауысқан жоқ. Бірақ, осы қара дирхемдер біздің өлкемізде ұзақ қолданылған монеталардың бірі болды. Осы жылдары  Испиджабтағы, Тараздағы монета сарайлары жұмыс істеді.

Күміс монеталарды  көп шығару ең ірі төрт қала — Бұхарада, Самарқандта, Балхта, Ташкентте жүзеге асырылды. Олар Ташкенттен Қазақстанның аумағына өтті және Қазақ хандығында еркін айналыста болды. XVIII ғасырда Бұхараны билеушілер - Жанидтер (Астрахань хандарының ұрпақтары) алтын монеталарды жүйелі түрде шығара бастады. Олардың барлығы сондай-ақ Оңтүстік Қазақстанда айналыста болды және солтүстікке ене бастады.

Ескі Шымқала аумағында жоғарыда аталған монета сарайларында соғылған мыс, алтын, күміс монеталар қалашықтың Оңтүстік батыс Шахристан, Оңтүстік  шығыс Шахристан,  Цитадель аумағында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылды.  Атап айтқанда, Шымқала  аймағынан Қоқан хандығы, Моңғол империясы, Жанидтер, Тимуридтер мен Шайбанидтердің, Ресей империясының  Александр II, Цин әулеті, Император Айсиньгеро Хунли монеталары табылған. Экспозицияға қойылған  нумизматикалық монеталар кешенге  келушілер мен туристердің қызығушылығын, танымын арттыруда. Бұл Оңтүстік өлкенің тарихы тым тереңде жатқандығы, Ұлы жібек жолы бойында саудаға қатысқан қала ретіндегі маңызын арттырады.

 Шымқала тарихи – мәдени кешенінің ғылыми қызметкері  Н.Тулеева