Сұқбат

Әйгерім Биболатқызы, нутрицолог: Бір әйелдің дастарханға көзқарасы өзгерсе, бір отбасының денсаулығы өзгереді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Аста-төк дастархан арқылы қарнымыз емес көңілімізді тойдырамыз. Нан, салат, түрлі кептірілген жемістер мен дәнектер самсап тұратын дастархан да, оңай әзірленетін ас та бүгін барлығымызға қолжетімді. Не зиян, не пайда? Тіпті бұл тақырыпта ойланбастан не жегіміз келсе, соны тұтынамыз. Ал ағзамыз ше? Біз жеген тағамдарды қалай қабылдап жатыр? Ағзаға тіл бітсе не дер екен? Нутрицолог Әйгерім Биболатқызымен тамақтану, ағза саулығы, өнімдердің қаншалықты зияны туралы сөйлескен едік. Bugin.kz назарларыңызға пайдалы сұхбатты ұсынады!

– Елімізде нутрицология ғылымы енді таныла бастады. Дегенмен ғылым ретінде емес, Instagram желісіндегі қысқа курстар ауқымында танылуда. Негізі Нутрицология қандай ғылым? Ол нені  зерттейді ?

– Қазақстанда медицина кезең-кезеңімен дамып келе жатыр. Алғашында медицина адамды өлтіріп алмауғы қызмет етті. Қазіргі біздің классикалық емханалардың қызметі – шұғыл көмек көрсету. Қызуы көтерілген адамның дене температурасын түсіру; соқыр ішек анықталса, соқыр ішекті алып тастау; босану керек болса, босандыру деген секілді.

Қазір статистикалық дерекке қарасақ, адамдар арасында жүрек-қан тамыр аурулары жиі кездеседі. Инсульт, инфаркт, артериялық қан-қысымының жоғарылауы секілді аурулар бірінші орынға шықты. Қатерлі ісік те ел арасында жиі кездеседі. Аурулардың алдын алу мақсатындағы ізденіс нәтижесінде диетология саласы танылып,  адамдардың тамақтануына назар ауды. Содан кейін нутрицология да елге танылды.

Нутрицология – нутриенттерді зерттейтін ғылым. Нутриенттер екіге бөлінеді: макронутриенттер, микронутриенттер.  Ет, ақуыз, көмірсу, май, жануардың майы, өсімдік майлары, нан, жеміс, тәттілер, сүт өнімдері – бұлар біз көре алатын макронутриенттер. Дәрумендер, микроэлементтер, бұдан да бөлек ағзаға қажетті өнімдер микронутриенттерге жатады.

Мысалы, біз кортоп, пияз, сәбіз, алма секілді әбден таныс өнімдерді жиі тұтынамыз. Біз жемей жүрген қаншама жеміс, көкөністер бар? Біз тұтынбай жүрген өнімдерде микронутриенттер көп. Адамның денесі ет, сүйек, тамырлар, жүйке жүйесінен тұрады. Бұлардың қызметін реттеуге макронутриенттер жеткілікті. Сонымен қатар ішкі органдар бар. Оның қызметін эндокриндік жүйе реттейді. Ұйқы безі, қалқанша безі, жыныс бездері секілді бездер бар. Осылардың қызметін реттеу үшін гармондар қажет. Олар эндокриндік бездерден бөлінеді. Гармондардың қызметіне дәрумендер мен микроэлементтер керек. Микронутриенттер құлыпты ашатын кілт секілді, соны бұрап ашқанда бізді эндокриндік бездер басқарады. Адамдардың қуануы, күлуі, көбеюі, құлшыныспен еңбек етуі – барлығын да эндокриндік бездер басқарады. Бұл саланы меңгермеу мүмкін емес. Осы саланы меңгерген соң, ауруларды антибиотиксіз, химикатсыз, асқыныстарға жеткізбей емдеп тастауға болады. Бірақ бұған қазақ аудиториясы дайын емес, себебі біздің қазақ құлағанда ғана емделеді. Профилактикаға мән бермейді. Аз уақыттың ішінде бәрін бір таблетка дәрімен шешім тастағысы келеді. Бізде «дәрігерлер дым білмейді» деп жатады. Бірақ сол сөзді айтатын адамдар қандай дәрігерлерге барып ем қабылдады? Ол емхана немесе ауруханаға барып ем алса, ондағы дәрігердің міндеті шұғыл көмек көрсету ғана. Ол дәрігер одан басқа көмек көрсете алмайды. Одан бөлек  дәрігер әрі жеті жыл оқыған, өз мөрі бар, ары қарай нутрицологиялық білімін кемінде 2 жылдан 10 жылға дейін алған маман ғана аурудың алдын алады. Яғни превентивті, интегративтік білімі бар маман. Мен оны «шынайы медицина» деп айтамын.

– Зиянды өнімдерді тұтынған соң адамның қай мүшелері көбірек зақымданады?

– Нутрицологияны зерттеп, ел арасындағы ақпараттарды көбейту керек. Себебі қазір пациенттерімнің ақазаны мен бүйрегін қарасам, еттен де асқыну болып жатыр. Қазір көп қыз-келіншектер де бүйрек зақымдануы байқалады. Неге? Еттің қалдығы – аммиак, зәр қышқылы бүйректен шығу керек. Олар бүйректе тұрып қап, бүйректі зақымдап жатыр. Соның салдарынан инфекция жиналып, бүйрек зақымдануда. Мен сол жағдаяттан соң, пациенттерге «ет жеме» деп айтсам, «біздің ата-бабамыз ет жеді ғой» деп ренжейді. Ата-бабамыз бір қойдың етін жеді. Бірақ олар қимылсыз, бір орында отырған жоқ қой. Оларда қимыл-қозғалыс көп болды.

Қазір ауылдың өзінде нан пісірмейді, чиккен, донер секілді жылдам дайындалатын асты үйіне дейін жеткізіп беретін қызметтер қолжетімді. Қазір қозғалыстың аздығы қалада ғана емес, ауылда да өзекті болуда. Қозғалмағаннан бөлек, дүкен сөрелеріндегі ұзаққа сақталатын жасанды өнімдерге жақынбыз. Қант, ашытқы қосылатын ұн өнімдері, ұзақ сақталатын сүт өнімдері – қазақтың денсаулығының нашарлауына жеткілікті.

– Дұрыс тамақтанбаудың салдары қандай? Тамақтанар сәтте адам нені ескеруі керек?

– Адамдар қазір бейсаналы түрде нәпсімен тамақтанып жатыр. Мынау керек, мынау керек емес деген сұрып қажет. Ал адамдар жеген сәтте ләззаттанатын тағамдарды тұтынады. Нәтижесінде түрлі аурулар туындауда. Бірақ ешкім ол ауруды тамақтануымен байланыстырмайды. Осындай буыннан туып жатқан ұрпақ өте әлсіз. Психикалық бұзылыс, аутизм секілді диагнозбен дүниеге келіп жатқан нәрестелер өте көп. Кесарь тілігімен босану, жасанды ұрықтандырудың көбеюі – салауатты  өмір салтын ұстанбаудың қоғамдағы көрінісі болар.

Тамақтану сәтінде адам саналы болуы керек. Бәрін «мынаны қалаймын» деген нәпсілік таңдауға артуға болмайды. «Қайдан келдім, қайда барамын, не үшін жүрмін» деген сұрақтарға жауабы бар адам қалауының иіріміне түспейді. Ашаршылық заманда бір атамыз қарны ашып қиналып тұрса да, «біз бақыттымыз» деген екен. «Бізден тамақты алып қойса да, иманымызды алып қойған жоқ, имандымыз» деген екен. «Ертең бір уақыт келеді адамдарда барлығы болғанмен иманымен сыналады» депті. Барлық сыртқы құбылысқа тез ашуланбай, салмақты қарау; сапалы ұйқы аса маңызды. Биоырғақтың сақталуы миллион теңгелік дәріден де маңызды. Таң атқанда оянып, күн батқанда ұйықтау ағзаның қалыпты жұмыс істеуіне адам тарапынан жасалған үлкен көмек.

Одан кейін қозғалыстың өзі проблемаға айналды. Бір құтыға су құйып, 5 күн бойына ол суға тимей, содан соң қарасаңыз, су да бұзылады. Тұрған су да сасиды. Адам ағзасының көп бөлігі судан тұрады. Адам да көп қозғалмаса, оның ағзасында ақаулардың байқалуы – қалыпты құбылыс. Адам ағзасында сілтілі орта (щелочная среда), немесе қышқылды орта (кислая среда) болады. Яғни, сілтілі ортада паразиттер мекен етпеуіне, аурулардың өршімеуіне жағдай жасайды. Қышқылды орта нан жегенде, телефон қарағанда орнайды. Қазіргі ададардың ағзасы паразитке қолайлы ортаға айналды. Қазір күйзеліс пен тамақтану маңызды рөл ойнайды.

– Клиникаңызды неліктен «Biodetox» деп атадыңыз? Пациенттеріңіз сізге не үшін жүгінеді?

– Biodetox мағынасына тоқталсақ, біз 2020 жылдан бері детокспен айналысамыз. Яғни 3 жылдан бері бауыр тазалаймыз. Bio – биологиялық, табиғи деген мағынада, біз антибиотик қолданбаймыз. Өте сирек жағдайда, паразит пен бактерия көп болған жағдайда ғана қолданамыз.

Менің мақсатым – бауыр тазалау процедурасы арқылы 16 жылдық диагнозымнан арылғандықтан өзге адамдарға да көмек көрсету.

– Детокстың қандай маңыздылығы бар?

– Асқазанды үш бөлікке бөліп, соның тек бір бөлігінің сиымдылығымен тамақтану ережесі бар. Отыз, қырық рет тамақты шайнау керек. Қазір тамақты шайнаудың өзі проблемаға айналған. Көп адамның ішінің желденуіне тамақты дұрыс шайнамағаны себеп болады. Бүгінде УЗИ аппаратымен адамның бауыр-өт жолын қарасақ, бауыры ісіп кетеді. Неге? Себебі ішкі құрылысында тағам қалдықтары шіріп, қоқысқа айналуда.

Біз 3 жылда 20 мыңнан астам адамның бауыр-өт жолын тазаладық. Пациенттердің арасында 30-дан аса келіншек балалы болып, алғысын айтты. Себебі пациенттердің арасында «бедеу» диагнозы қойылғандар да болды. Бауыры мен лимфасын тазалағаннан кейін әйелдер нәтижеге қол жеткізді.

– Детокстың орнына витамин қолдануға бола ма?

– Мен пациенттерге дәрумен іш деп кеңес бермеймін. Лас үйге, ешкім жаңа жиҺаз қоймайды ғой. Дәруменнің ағзаға қабылдануы да лас үйдегі жиҺаз іспетті. Бірінші бауыр тазаланса, лимфа қызметі жақсарады. Бауыр мен лимфа тазаланса, басқа қызметтері жақсара түседі. Әр адамның ішкі ағзасында бір дәрігер бар. Яғни ағзаға аздап көмек көрсетсе, ары қарай ағза өзі қызметін реттеп, жүйеленеді. Біз ағза өздігінен шығара алмайтын процессті жүргізгенде, ары қарай ағза өз қызметін жақсартып алады. Біздің қызметіміз туралы әлі көп адам білмейді.

– Тегін емханалар тұрғанда ақылы клиниканың қызметіне адамдар неліктен жүгінеді?

– Бізге келетін пациенттер емханадағы тексерісте бәрі дұрыс болғанын, алайда ауыратынын айтып шағымданады. Бауыр зақымданып ауырған кезде, бауыр ұлғаюы немесе созылмалы қабынудың симптомы деп қарайды. Бірақ ешкім емін айтпады. Біз УЗИ көрмейтін нәрсені де назардан тыс қалдырмауға тырысамыз.

Адамдар киімді, үйді, көлікті жиі-жиі тазалап тұрады ғой. Денемізді де күн сайын тазарту үшін әлек боламыз. Сыртқы қоршаған ортаны қалай тазаласақ, ішкі ағза да өзін тазартуды  қажет етеді. Ағзаны түрлі тазартатын жуғыш заттармен тазарта алмаймыз. Оның өз әдісі бар. Біз температура жоғарыласа, түсірумен шұғылданбаймыз. Адамның дене температурасы неліктен жоғарылағанын анықтап, аурудың шығу тегінен бастап емдейміз.

Мен бауырын емдесем, науқастың өзге мүшесін тексертуге бөлек дәрігерге жібермеймін. Науқастың бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, эндокриндік жүйесін – бір маман қарайды. Дәрігер – бәрін түсіне білуі керек. Әр орган әркелкі боп шашырап тұрған жоқ, бәрі бір ағзада орналасқан. Науқастың ішек құрылысы емделсе, жүйке, жүрек, бүйрек, бауыр емделеді. Біз осыған мән берсек, ағзада туындаған мәселелердің нешімін тауып, емдеу жеңілдейді. Емханаға барып тексерілген сәтте уролог бір дәрі, кордиолог бір дәрі, терапевт бір дәрі береді. Әр маман берген дәрілер бір-біріне сәйкесе ме, сәйкеспей ме бір-бірімен сөйлеспейді. Бір-бірімен келісіп ем жасамағандықтан нәтиже болмайды деп ойлаймын. Адамдар шаршаған. Мүмкін маған ем алуға шаршағаны үшін келетін шығар.

– Сіздің детокс бағдарламаңыз несімен ерекшеленеді?

– Біздің методикамызды еліміздегі, әлемдегі көптеген санаторийлер қолданып жүр. Біз адамдарды сауықтыру үшін ыждаһат танытамыз. Әрі әр емделушіні жіті бақылаймыз. Басқа клиникаларда да приоритет осылай деп ойлаймын. Біздің ерекшелік әр пациентті қадағалап, есеп алып отыратындығымызда деп ойлаймын. Әрі тек тәнді емдемей, әуелі науқасты психолог қабылдауына жібереміз. Адамның тәні мен жанын қатар емдейміз.

– Нутрицология саласына қалай келдіңіз?

– Мемлекеттік емханада барлығын антибиотиктер арқылы емдейтінбіз. Бірақ бұл әрекетке іштей арым қиналды. «Мен  бұл табыстың жауабын қалай беремін?» деп ойландым. Нәтижесінде хиджама саласына қызығып, қан алып емдеуді үйрендім. Хиджаманың әсері бір апта яки бір айға ғана жетті. Тағы да шарқ ұрып іздендім. Адамдардың тамақтануына көңіл бөлдім. Содан соң нутрицология саласына келдім.  

– Бір ем курсын алғаннан кейін адамдардың тамақтануы қалай өзгереді?

– Ағзасын тазартқан әр адамға біз кеңестер береміз. Әрі олар ағзасынан түскен лас бөліністерді көрген соң, бұрынғы өмір салтына көшпейді. Ішкі ағзасындағы мәселелерді туындататын өнімдерге саналы түрде жолағысы да келмейді. Диета – тек ауру адамдар ұстайтын нәрсе емес, ауырмаудың жолын қарастыратын нұсқа. Тазарғаннан кейін адамдар ас жерде ойланады. Ал оған дейін адамдардың бойы басқаша болады. Өсімдіктің өзі қоршаған ортадағы негативке солып қалып реакция береді. Ал адам қаншама ауыр сөз естиді? Адамның нервус вагус деген нерві бар. Адам негетив естігенде осы нерв сүйекті, бұлшықетті тартып тастайды. Ағзада түрлі бұзылыстар пайда болады. Адамдардың омыртқамен проблемасы неліктен жиілеп жатыр? Олардың көтеріп жүрген жүгі де, естіп жүрген сөзі де ауыр. Соның өзі адамды құлдыратып жібереді. Біз сондықтан емдеу курсын психолог кабинетінен, күйзеліске байланысты өткіземіз. Адам өз күйін түсініп, күйзелістің ағзаға қалай әсер етерін терең ұғынғанда ғана басқа емдеу шараларына көшеміз.

Бір әйелдің дастарханға көзқарасы өзгерсе, бір отбасының денсаулығы өзгереді. Осыған мән береміз. Яғни дастарханға зиянды тағамдар қойылмаса, отбасы мүшелері ол өнімдерді қабылдамайды. Ол өнімдерді тұтынбаса, денсаулығы жақсарады.

– Уақыт бөліп әңгімелескеніңізге көп рақмет!