Bugin
Авторларды қолдау орталығы
[email protected]Тәуелсіз ел болғалы мемлекетіміз жан-жақты саясат жүргізіп, өзінің әлемдік аренадағы абыройын арттыруға барынша күш жұмсады. Соның арқасында қазір дүниежүзі көшінің артында қалмадық, ісін бағып ілесіп келеміз. Кешегі еліміздегі өткен ауқымды жиындар – соның бір дәлелі.
Жалпы, жасыратыны жоқ, әлемдегі мемлекеттердің қарым-қатынасы жақсы емес, бізге жақын елдердің өзі араздасып, жөнге келмей тұр. Ал біз бұл кезеңде барынша тұрақтылық пен ынтымақты сақтауға ат салыстық. Осы оңды үрдісіміз дамыған елдерге жылы ұшырасқаны даусыз. Жақында Қазақстанға арнайы Рим Папасы келіп, бірлікті ту еткен халқымызды көпке үлгі ретінде төбесіне тұтты. Мәдениетімізбен жақсы таныс екенін аңғартты. Францисктің бұл сөзін Батыс басылымдары дүниежүзіне таратты. Беделіміз еселене түсті.
Одан соң көп ұзамай оннан астам елдің басшылары Астанамызда бас қосты. Әдеттегідей бірін-бірі мақтаумен шектелген жоқ, қажет жерінде шаншып айтты. Яғни, текке емес, нақты мәселелердің түйінін тарқатып, шешуге келгенін байқадық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арқасында ықпалымызды сездіріп, басқа елдерге де бейбітшілікті сақтау керегін ескерте бастадық. Мемлекетіміз лайым осындай оң бағытынан жаңылмауын тілейміз.
Бейбітшілік пен тұрақтылық – қазір біздің өзгелерден ерекшеленетін ең басты қасиетімізге айналып отыр. Арандатқысы келген жұртқа ілеспей, ауызбіршілігімізді сақтап, елдің тұрақты дамуын ортақ мүддесімізге айналдыра білгеніміз жөн. Халық бәрін көріп-байқап отыр, оңды қадам жасаған басшысын әр кез қолдай бермек.
Қойшығұл Жылқышиев, ақын