Әлем

Туыс саналатын қос көрші соғысуда, ал сенімі бір ислам елдері соғыса ма?

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Иран: Мешіт күмбезіне тігілген ту нені білдіреді?

Әлеуметтік желі бетінде Иранда мешіт күмбезі үстінде қызыл ту көтерілгені туралы кадрлар тарап жатыр. Бұл кек алу ниетін білдіреді. Мамандардың пікірінше, Иран Сауд Арабияға соғыс ашпақ. Естеріңізде болса, осы ту 2020 жылдың 7 қаңтарында көтерілген еді. АҚШ Касем Сүлейманиді өлтіргеннен кейін дәл осы қызыл жалау көтеріліп, келесі күні Иран Ирактың Эрбиліндегі америкалық әскерилерге жаппай шабуыл жасады. Таяу Шығыстың қос алыбына не жетпейді?

Саудия-Иран: Таяу Шығыстағы мұнай мен газдың отаны

Иран мен Сауд Арабиясының арасы әрдайым жақсы болды деп айту қиын. Екі мемлекетте де бұрыннан келе жатқан қайшылықтар жетіп артылады. Әсіресе дін саласы, экономика мен саяси түйткілдерде үнемі келіспей қалады.

Сауд Арабиясы Патшалығы - сунниттік монархия, Иран Ислам Республикасы – әлем мұсылмандарының шииттік орталығы. Екеуі де мұнай мен газдың аса ірі өндірушілері әрі үлкен бәсекелестікке ие.

«Америкалық ислам» термині кімге қатысты айтылды?

1979 жылы Ирандағы Ислам революциясынан кейін екіжақты қарым-қатынас аймақтық бәсекелестік сипатына ие болды. 1980 жылдардың басында екі ел арасындағы байланыстың шиеленісуіне бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, идеологиялық фактор. Осы кезеңнің басында ислам фундаментализмінің шииттік және сунниттік нұсқалары екі мемлекетте де ресми доктрина ретінде танылды. Иран революциясының жетекшісі аятолла Рухолла Хомейни өз еңбектерінде Сауд Арабиясының саяси беделіне қатысты «америкалық ислам» терминін қолданған. Екіншіден, екі ел арасындағы қайшылықтар этноконфессиялық фактордан туындады. Сауд Арабиясының шиит қауымы, әртүрлі дерек бойынша, ел халқының 10-15% құрайды.

eadaily.com

eadaily.com

Мақсаты бір елдер тату болады

Таяу Шығыстың екі алпауыты арасындағы қарым-қатынас 1990 жылы Ирактың Кувейттегі агрессиясынан кейін және Тегеран жасырын қолдау көрсеткен «Шөлдегі дауыл» операциясы басталғаннан кейін біртіндеп өзгере бастады. Яғни, Тегеран мен Эр-Риядтың 1990 жылдардың басында өздеріне басты жау санаған Иракты әлсірету жөніндегі саяси мақсаттары сәйкес келді.

Иракпен бірнеше жыл жүргізілген соғыстан қатты зардап шеккен Иран экономикасының қалпына келуі мен одан әрі дамуын қамтамасыз ету үшін бейбітшілік пен шетелдік инвестицияға мұқтаж болды. Осы кезде Тегеран мен Эр-Рияд арасындағы қарым-қатынас сәл де болса қалыпқа келді деп айтуға болады. 1990 жыл мен 2000 жылдардың басында экономика және қауіпсіздік салаларында көптеген екіжақты келісімдер жасалып, Иран сол уақыттағы президенті Али Акбар Хашеми Рафсанджани мен болашақ басшысы Мохаммад Хатами Сауд Арабиясына ресми сапармен барды.

Ирактағы Саддам Хусейн режимінің құлдырауы екі ел арасын суытты

Екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың күрт нашарлауына 2003-2006 жылдары Таяу Шығыста болған өзгерістер ықпал етті. Басты себеп: Американың Иракты оккупациялауы және Саддам Хусейн режимін құлатуы болды. Содан кейін Иранның Ирактағы ықпалы өсіп, қайшылықтар қайта басталды.

2007: Иран шахы Саудияға барды

2005 жылы 7 шілдеде Иран-Ирак арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды да, бұл жағдай Эр-Риядтың наразылығын тудырды. 2005-2006 жылдардан бері Иран мен Сауд Арабиясы геосаяси қақтығыстарының тағы бір көрінісі Ливан болып табылады. Сонымен қатар, 2006-2008 жылдары екі тарап та Иран-Саудия арасындағы түйінді шешуге тырысып бақты. Тіпті, 2007 жылдың наурызында Иран президенті Махмуд Ахмадинежад Абдулланың шақыруымен Сауд Арабиясына ресми сапармен барды.

tengrinews.kz

tengrinews.kz

«Құбылмалы достық»

Таяу Шығыстың екі алпауыты арасындағы «құбылмалы достық» көпке созылмады. Оған себеп 2011 жылы «араб көктемі» деп аталған аймақтағы ауқымды әлеуметтік-саяси өзгерістер процесі. Сирия Саудия мен Иран арасындағы саяси күрестің негізгі майданына айналды. Эр-Рияд пен Тегеран Сириядағы қақтығысқа қатысты түбегейлі келіспеушілік білдірді. Иран Башар Асад режимін қолдады, Сауд Арабиясы өз кезегінде Сирия оппозициясының басты демеушісі болудан айныған жоқ. Жығылғанға жұдырық, онсыз да бұзылған қатынасты одан әрі өршіткен тағы бір фактор Йемендегі жағдай еді. Шиит жасақтары елдегі билікті басып алып, Сауд Арабиясын жақтайтын үкіметті құлатты. Сауд Арабиясының мәліметінше, қарулы топтардың артында Иран тұрған. 2016 жылдың 3 қаңтарында Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі Адель әл-Джубейр корольдік пен Иран арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты тоқтатқанын хабарлады. Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы экономикалық қарым-қатынас Махмуд Ахмадинежад (2005-2013) президенттігі кезінде құлдырай бастады. Қазіргі уақытта Ислам Республикасы Сауд Арабияға тек кілем мен азық-түлік өнімдерін, соның ішінде жаңғақ, мейіз, бал мен жеміс қана экспорттайды.

Әлемге назар аударсақ, Ресей-Украина, Қытай-Тайвань енді Иран-Саудия арасындағы қақтығыс Һәм соғысқа қарапайым халық наразы болғанымен отқа май құюшы топтар да жетіп жатыр. Ал әлемге тыныштық керек. Әр күні болып жатқан мемлекеттер арасындағы жанжалдан өзге елдер сабақ алуы тиіс және қашан да аяқ асты жауатын жауынға дайын болғаны абзал.