Bugin

«7-20-25» бағдарламасының орнына ұсынылған пайыз субсидиясы 10 жылға ғана төленеді

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев «7-20-25» бағдарламасының орнына ұсынылған пайыз субсидиясы 10 жылға ғана төленетінін айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Мәселен, аталған бағдарлама бойынша 20 жылға 20 пайыздық ипотека алсаңыз, несиені алғашқы 10 жыл бойына 12 пайызбен, ал қалған 10 жылында 20 пайызбен төлеу керек болады.

Вице-министр ҚазАқпарат сайтының сауалына жолдаған жауабында аталған жоба аясында ипотеканы кредиттеу мерзімі – 240 айға дейін (20 жыл) екенін айтқан. Алайда несиенің пайыздық мөлшерлемесін ішінара субсидиялаудың ең ұзақ мерзімі, яғни 10 жылдан аспауы керек.

«Несие алушы ипотеканы 19 жылға рәсімдеген жағдайда квазимемлекеттік сектор субъектілері арқылы пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау 10 жылға рәсімделіп, қалған уақытын несие алушы ипотека бойынша толық пайызбен төлейді.

Квазимемлекеттік сектор субъектілері арқылы пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау аяқталған соң (10 жылдан соң), қарыз алушы екінші деңгейлі банктердің өз бағдарламалары бойынша қарыз алушының ипотекалық тұрғын үй қарызын қайта қаржыландыруына жол береді. Қарыз алушы ЕДБ-ға несиені қайта қаржыландыру туралы өтініш берген жағдайда, оның өтініші ЕДБ-ның ішкі рәсімдеріне сәйкес қаралады», - деп жазады Еркебұлан Дауылбаев.

Айта кетейік, министрлік жаңа ипотекалық бағдарламаның шарттарын «Ашық НҚА» порталында жариялап, көпшілік талқысына ұсынған.

Вице-министрдің айтуынша, бұйрық жобасы бүгінде Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің келісімін алмаған.

«Алдағы уақытта жоғарыда атап өткен министрліктер келісімін берген жағдайда, бұйрық жобасы Әділет министрлігінен тіркеуден өтеді. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қаржыландыруынан соң, өтініштер азаматтардан қабылданады», - дейді министрдің орынбасары.