Әлем

«Құпия әңгіме»: Си Цзиньпин Канада премьер-министрін сынады

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Қытай төрағасы Си Цзиньпин Канада премьер-министрі Джастин Трюдоны олардың әңгімесін БАҚ-қа жария еткені үшін сөкті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Deutsche Welle арнасына сілтеме жасап.

Қытай көшбасшысы қызу мінезін жиі көрсете бермейді, өйткені әдетте оның сөздері мұқият бақыланады. Си Цзиньпин Трюдоны олардың құпия болып қалуы тиіс әңгіме мазмұнын БАҚ-қа таратқаны үшін сынады.

Алайда канадалық БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен таралған бейнежазбада Си Цзиньпин Трюдоны G20 саммиті қарсаңында өткен кездесулері туралы журналистерге мәлімет айтты деп айыптады.

«Біз талқылағанның бәрі басылымдарға тарап кетті. Орынсыз болды, сондай-ақ біздің әңгімеміз бұлай өрбіген жоқ», - деді Қытай басшысы.

Ол екі ел өкілдерінің диалогы шынайы болуы керегін атап өтті. Өз кезегінде Трюдо сөйлемнің ортасында аудармашының сөзін бөліп, Канадада ашық және шынайы диалогқа сенетінін айтты.

«Канадада біз еркін, ашық диалогқа сенеміз және осылай жалғастыра береміз. Конструктивті жұмысты жалғастырғанымызбен, біз келіспейтін нәрселер болады», - деді Трюдо.

«Алдымен жағдай жасайық», - деп жауап берді Си аудармашы арқылы және кетпес бұрын Трюдоның қолын алды.

Канада Си мен Трюдоның Балиде шамамен 10 минутқа созылған кездесуі туралы ресми есепті сол күйі жариялаған жоқ. Қытай Сыртқы істер министрлігі мен мемлекеттік ақпарат құралдары да бейресми келіссөздер туралы ақпаратты жариялаудан бас тартты.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Индонезияның Бали аралында G20 елдері көшбасшыларының жыл сайынғы саммиті ашылған. Саммитте көшбасшылар COVID-19 пандемиясынан туындаған қиындықтарды, өзекті жаһандық мәселелерді сөз етті. Сонымен қатар әлемде тұрақты және инклюзивті өсу үшін экономикалық күш-жігер жайын талқылады.