Bugin

Қазақстанға 10 жылда 250 мың шетелдік маман келмек

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Қазақстанның жаңа көші-қон тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Онда шетелдік оқытушылар мен ғалымдарға арнайы виза беру көзделген. Бұл туралы бүгін Стратегиялық бастамалар форумында Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

Министрдің айтуынша, қазіргі геосаяси жағдайдағы қайшылық кезінде Қазақстанның жоғары білімі үшін мүмкіндіктер туындап отыр. 

«Көптеген Ресей, Украина мен Беларусь университеттерінің ғалымдары, зерттеушілері жұмысы мен академиялық мансабын жалғастыру үшін мүмкіндіктерді іздестіріп жатыр. Соның ішінде өңір бойынша басымдық ретінде Қазақстан да қарастырады. Біз ғалымдармен ұқыпты диалог жүргізіп жатырмыз. Қазір ол біздің университеттеріміз арқылы жүргізіледі. Ол ғалымдарды дәріскер ретінде қонаққа, сондай-ақ ұзақ мерзімге зертханаларға  ғылыми жұмысшылар ретінде шақырамыз. Егер қазір күшімізді дұрыс есептеп, тиісті шараларды қабылдайтын болсақ, Қазақстан алдағы 3-5 жылда аймақтық мықты академиялық мобильді хабқа айналуы мүмкін», – деді ол. 

Айтуынша, министрлік Еуропа мен Американың университеттерін Қазақстанға шақырып жатыр. Сонымен қатар Саясат Нұрбек цифрландыруды белсенді жүргізу қажетіне тоқталды. 

«Онлайн білім беруге ресми түрде рұқсат береміз. Көптеген ресурс пен инвестицияны қажет ететін академиялық инфрақұрылымды дамыту жолымен гибридті форматты дамытып жатырмыз. Иә, ол тәуекелді қажет етеді, сондай-ақ ол - үлкен мүмкіндік. Егер бәрін дұрыс істесек, алдағы 3-5 жылда Қазақстан Орта Азиядағы ірі академиялық хабқа айналуға мүмкіндігі бар. Кезінде мұны Катар, Араб Әмірліктері мен Малайзия жасаған», – деді министр.

Сондай-ақ үкімет еліміздің жаңа көші-қон тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Оның пікірінше, елдегі еңбек ресурсы тапшылығын болдырмас үшін мұның маңызы зор. 

«Қазір жаңа көші-қон тұжырымдамасы әзірленіп, талқылаудан өтіп жатыр. Бірқатар келісуден өтті. Өте қызықты құжат. 30 үлкен бастама бар. Онда, қателеспесем, 10 жылға 250 мың ықтиярхат беру көзделген. Америка тәжірибесінде табысты қолданылып жатқан құнды дағдылар визасы бар. Ғалымдар, оқытушылар үшін жеке визаны іске қосамыз. Өкінішке қарай, құжат әлі қабылданбады. Сондықтан оған толыққанды сілтеме жасай алмаймын. Бірақ ол тұжырымдамада өзімізде жоқ, тапшы кадрларды тез қалыптастыруға мүмкіндік беретін өте қызық құралдар бар», – деп сөзін қорытындылады Саясат Нұрбек.