Отбасы

«Жас босанған әйел барлық міндеттен құтылады»: Өзге елдің түрлі отбасы дәстүрлері

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

«Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтылмаған. Отбасы – мемлекеттің басты байлығы, адам баласының өсіп-өнуіне көмек беретін алтын ұя. Ұлттық құндылықтардың бастауы – бақытты отбасы. Әр елдің салты мен ұстанымдары әртүрлі. Өзге мемлекеттердегі сан алуан отбасы дәстүрлері жайлы Bugin.kz тілшісі бірнеше ақпарат ұсынады. 

Отбасы не мансап

Бала тәрбиесіне жапондықтар ерекше көңіл бөледі. Ең алдымен бала 5 жасқа жетпейінше, анасымен бірге ұйықтап, ерекше көңілді талап етуге құқылы. Сондай-ақ отбасындағы бала үшке толмайынша, әйелдің жұмысқа шығуына тыйым салынған. Сәбидің дүниеге келген күнінен бастап анасы бала тәрбиесіне жауапты. Еуропалық бикештерге қарағанда, жапондық арулар отбасы не мансап арасында таңдау жасауға қиналады.

Декреттік демалыстан соң жас аналардың жұмысқа тұру мүмкіндігі де төмендейді. Бағзы заманнан бері сақталған қатаң ережеге сәйкес әйел азаматтарының аяғы ауыр болған сәттен-ақ жұмыстан шығарып жатады. Жапондық әйелдердің тарапына жасалатын әділетсіздіктер мұнымен бітпейді. Күншығыс елінде 1947 жылға дейін отбасында әйелдер қауымының таңдауы мен құқығы болмаған. Жаңа конституция қабылданғаннан соң ғана әйел мен ер адамдардың дәрежесі теңесе алды. Алайда көптеген отбасыларда бүгінгі күнге дейін патриархалдық көзқарас сақталған.

Фото: s9.travelask.ru

Фото: s9.travelask.ru

Алғашқы неке

Түрік азаматтарының басым бөлігі екінші жартысын толық танымай жатып  некелесе береді. Мұндай жағдайлардың басты себепкері – екі тараптың ортақ таныстары, туыстары. 

Түрік халқы үшін отбасының негізі – бала. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, 86% түрік балаларының мектепке дейінгі тәрбиесі – ең алдымен анасының мойнында. Тек балалардың 14% -ы балабақшаға барады.

Түріктерде ежелден бері қалыптасқан ерекше қағида бар. Жаңадан бас қосқан жас отбасы ата-аналарының шаңырағында өмір сүрмей, бөлек отау құрайды. Бұл олардың бір-бірін жақын танып, отбасы жылулығын сақтауға көмек береді деп есептейді.

Бостандық пен тыныш өмірді қалайды

«Бала жұмыс істеуге еш кедергі емес». Неміс халқы осы тұжырымды берік ұстанады. Германияда бала тәрбиесіне байланысты шектеулер жоқ. Егер әйел адам өз мансабын жалғастырғысы келсе, баланы балабақшаға немесе арнайы дамытушы орталықтарға қалдыра алады. «Немере – баладан да тәтті» деп жатамыз. Алайда германиялық ата-әжелер немеремен бірге уақыт өткізуге қарағанда, тыныш өмір мен отбасылық бостандықты қалайды. Әдетте қарт кісілер немерелеріне демалыс күндері тек бірнеше сағат уақыт бөлгенді дұрыс деп есептейді.

Сондай-ақ Еуропада ең көп тұрғыны бар мемлекетте ер адамдардың отбасындағы қызметке белсене араласуы қалыпты жағдай. Көптеген жағдайда ер кісілер тамақ дайындап, балаға күтім жасаудан еш қиналмайды.

Фото: micrusha.ru

Фото: micrusha.ru

Немістер өздері үшін қолайлы жағдай жасауға асық. Бала кәмелет жасына жеткен соң, ата-анасының қанатынан шығып, өзін-өзі асырауы тиіс. Сол себепті де көптеген студент жастар сабақ пен жұмысты қатар алып, жауапкершілікті сезінеді. Олар «жайлы ортадан» кеткеннен бастап, ата-ана өз-өзіне көңіл бөліп, толыққанды өмір сүруді қолға алады. Ерлі-зайыптылар бір-біріне көбірек уақыт арнап, достарымен бірге мерекелерді тойлап, апта сайын түрлі демалыстарға баруды жөн санайды.

Тәртіптің елі саналатын мемлекетте өзге елдерге тән емес өзіндік ерекшеліктері жетерлік. Жас отбасының шаңырақ көтеруінде өтелетін шығынның бәрін ата-ана емес, жастар өз мойнына алады. Осыған байланысты көптеген отбасы банктен кредит алып, өмірінің соңына дейін шығындарын өтей алмай жататындығы жасырын емес.

Бала – үлкен қуаныш

Оңтүстік Кореяда әйелі өз күйеуінің атын атауына болмайды. Үйленген соң күйеуін атымен атау әдепсіздік болып саналады.

Корейліктер үшін баланың өмірге келуі – үлкен мереке. Екі жақтың туған-туыстары, болашақ ата-әжелер мен жас отбасы сәби дүниеге келгенге дейін толыққанды дайындықты бірге жасап, балаға көңіл бөледі. Жоғарыда аталған мемлекеттермен салыстырғанда, Кореяда әйел адамның беделі әлдеқайда жоғары. Жаңадан босанған ана 3 аптадан соң, өзіне демалыс жариялап, барлық міндеттерден босатылады. Бала күтімі, үй шаруасы сынды жұмыстарды отбасы мүшелері өзара бөліседі.

Кореялық ата-әжелер немере өмірінде өте белсенді. Ата-әжесінің көзінше балаға дауыс көтеруді «ерсі қылық» деп санайды.

Сымбат НАУХАН